• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Маусым, 2017

Ақтөбеліктер әні асқақтады

183 рет
көрсетілді

Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Ақтөбенің мәдени күндері басталды. Бұл күндері өңірдің шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін паш етеді. Шара 30 маусымға дейін жалғасады.

Ақтөбе облысы күндерінің салтанат­ты ашылуы ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағында орналасқан амфитеатрда өтті. Жиналған қауымға «Ақтөбе – құт­ты мекен» атты гала-концерт болды. Мере­келік шараға «I am a Singer» халық­­аралық конкурсының финалисі Димаш Құдайберген, сондай-ақ, қазақ эстрадасының жұлдыздары, Ақтөбе облысының шығармашылық ұжымдары, жалпы саны 600-ден аса өнерпаз қатысты.

Мәдени күндердің жалғасы кеше Астана қаласының маңындағы  «Қазанат» ипподромындағы «Этноауыл­да» жалғасты. Бұл жерде өңірдің шығар­машылық ұжымдарының қатысуымен «Ел жүрегі Астанаға – Арайлы Ақтөбе­ден» атты театрландырылған этно концерттік бағдарламасы өтті. 

Бұл күні А.Жұбанов атындағы қазақ халықтық аспаптары оркестрі жинал­ған қауымды ән-күйге бөлесе, Т.Ах­танов атындағы облыстық драма театрының әртістері «Айман-Шол­пан» музыкалық спектаклін қойды. Ал «Алақай» қуыршақ театрының орын­дауындағы «Жайна, жадыра, достар» атты бағдарлама қонақтарды қуанышқа бөледі.

– Бас қаламызға өңіріміздің бал­қаймақтарын ертіп келдік. «Ақтөбе – құтты мекен» атты гала-концертте өнерпаздарымыз өз өнерін паш етті. Ал әлемдік сахнада жарқырап шыққан жас жұлдызымыз Димаш Құдайберген шарамыздың көркіне көрік бере түсті. «Этноауылда» қойған Ақтөбенің тарихы көрермендер көңілінен жылы орын таба білді деп үміттенемін, – деді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Елтай Кемал.

Ұйымдастырушылар өңір тарихын жоғары деңгейде сахналай білгені анық. Себебі, Әбілқайыр хан, Едіге батыр, Мөңке би секілді нар тұлғалар тарих қойнауынан сыр шерткендей әсерде қалдырды. Әсіресе, Мөңке бидің «Түрлі-түрлі халық болады, ынтымағы берік болады. Алла халқымыздың тұтастығын, амандығын бергей!» дегенде сол бабаларымыздың арман-тілегі бүгінде бізді осындай бейбіт күнге жеткізіп отыр деген ой қалдырып жатты.

– «Айман-Шолпан» спектаклі бұ­рын репертуарымызда болған. 20 жыл бұрын алғаш рет сахналағанбыз. Көрер­­мен жылы қабылдады. Бірақ, соң­ғы үш жылда белгілі себептерге бай­­ланысты тоқтап қалды. ЭКСПО аясын­да өтетін мәдени күндерге орай қойы­лым­ды қайта жаңғырттық, – деді «Айман-Шолпан» спектаклінің режис­сері Дәметкен Құсайынова.

Бес күнге жалғасатын шарада «Ақ­төбе облысының қазынасы» ұлт­тық гео­графиялық дүниелер көр­месі, «Ақтөбе мануфактуралары» атты картиналар көрмесі жұртшылық назарына ұсынылады.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»