«Мен Қазақстанға, әсіресе, Астанаға келгеніме өте қуаныштымын. Қазақ елінің ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізіп жатқанына қуанамын және мақтан тұтамын. Жаңа ғана «Нұр әлем» павильонында болып, ғимараттың өте сапалы салынғанына көз жеткіздім. Бұған дейін талай халықаралық көрмелерге қатыссам да мұндай павильонды өмірімде көрген емеспін», деп ағынан жарылды министр. Жиында Қатар үкіметінің өкілі жасыл технологияны дамытуда Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. «Қатар мұнай мен газға бай ел екендігіне қарамастан, баламалы энергетика мен жоғары технология мәселелеріне айрықша назар аударады. Біз жасыл технологияны дамытуда Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге дайынбыз және өзара тиімді серіктестік қатынас құрудан үмітіміз бар», деді ол. Сонымен қатар, Солтан Бин Әл-Мурайхи шөл даладағы шағын мемлекеттің қысқа уақыт ішінде экономикалық көрсеткіштері жоғары, алдыңғы қатарлы мемлекетке қалай айналғанын да әңгімеледі. Екі елдің мемлекеттік тулары көтеріліп, әнұраны ойналған басқосудан соң, көпшілік Таяу Шығыстағы танымал ансамбльдердің бірі «Maqam Ensemble» ұжымының өнерін тамашалады. Араб өнерінің рухы мен ерекшеліктерін сақтай отырып, классикалық араб музыкасына заманауи интерпретацияда орындауға машықтанған әртістердің ән-жыры көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан», Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан