• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2017

Тас түскен қазан

916 рет
көрсетілді

«Сөз сөзден туады, сөйлемесе неден туады?» Бабаларымыз осылай деп дөп басыпты. Мына айтпағымыз да сол сөйлегеннен туындаған дүние. Бала кезімізде «Апыр-ау, ана шәйнекке тас түсіп кетті ме?» деген сөзді кілең атамыз айтатын. Жуырда үйіне бара қалсам, өз шаруасына асыққанын білдіргісі келген бауырым «Әй, қазаныңа тас салып жібердің бе?» деп түк жазығы жоқ келінді қарадай қыжыртып отыр. Әрине, бұл сөзді бұған дейін де талай қазақтың аузынан сан мәрте естігенбіз. Інімнің айтқаны соның бәрін жаңғырту ғана болды. 

Содан мишығымыздың бір түкпірінен «Қазаныңа тас түсті ме сөзі қайдан шыққан?» деген сауал бас көтеріп, маза бермей қойғаны. Дереу індете іздей бас­тадық. Әуелі жүгінетіміз әлеуметтік желі ғой. Ақтарып көрсек, «Сүт тасып кетпеу үшін қазан бетіне ағаш қасық қойып қойыңыз, бірақ қасығыңыз тез істен шығады» немесе «Қазан тасымасын десеңіз, ыдыстың сыртын майлап тастаңыз» деген сақауланған «жауаптан» өзге жарытымды ештеңе таппадық. «Қазанға тас салу» дегеннің сорабымен осы күні ұмытыла бастаған «тасқорықты» да тө­ңіректеп көргенбіз. Оның да қисыны жоқ тәрізді. Өйткені, ол малта тасты отқа әбден қыз­дырып алып, ыдыстағы сүтке салып қайнату, сүтті тез пісіру. Соны бабаларымыз «қорық» немесе «тасқорық» деп атаған. Ал бұл жерде қайнамау, қай­натпау айтылып тұр ғой.  Ақыры, алыстан іздеген жоғымыз жақыннан табылды. Бірде шәй іше отырып: «Осы қа­заныңа тас түсті ме?» дегенді не үшін айтады?» деп анамнан сұрап қалып едім, ол кісі оп-оңай айта салды. Сөйтсек, ба­баларымыз ыдыстағы сүтті қай­нату үшін де, қайнатпау үшін де тасты қолданыпты ғой. Анам айтады: «Баяғы әже­леріміздің көргенінің бәрі бейнет қой. Ол кезде жер ошақтың басында алынбастай қылып орнататын жалғыз қазан тұрады. Ет те сонда, сүт те сонда піседі. Суды да әлгі қазанға қайнатады. Қазақ қатынының көп күні от басы, ошақ қасында қазан тазалаумен өтер еді ғой.  Ауыл-үй болған соң әйелдің  қазан-ошақтан басқа да қыруар шаруасы бар емес пе. Мысалы, отты жақсылап жағып, қазанға құйған сүті енді пісті-ау дегенде үй жақтан шарылдап баласы жылайды, ақырып байы шақырады, не тағы, сондай тұра жүгіретін жұмыс шыға қалады. Не істеуі керек? Тастап кетсе сүт тасып, төгіліп оттың басы көңірсіп кетеді. Бармауға амалы жоқ. Міне, сондай кезде қазанға тас сала салып, бетін жауып кете беру – қазақта атам заманнан бар әдіс. Ертеректе әр ошақтың басында он жасар баланың жұдырығындай жұмыр тастар дайын жатады. Әлгіндей қысылтаяң кезде сол тасты «бісмилла» деп, суға бір шайып жіберіп қазанға тастай салады. Содан тіпті бір сағаттан соң айналып келсе де, беті жабық қазан бүлкілдеп қайнай береді. Тасып-төгіліп кету деген жоқ. Бұл тасты тек сүт қана емес, көбігін бір қалқып алған соң етті асықпай пісіру үшін де қазанға салып қояды. Мұны жас кезімізде өзіміз де талай көрдік. Міне, әлгі «Қазаныңа тас түсті ме?» дегеннің мәнісі осы».  Сөйтіп, жасы сексенге таяған анам ойда жоқта көптен таппай жүрген жоғарыдағы сөздің жұмбағын шешіп бере салғаны. Сол сәтте мектепте оқу озаты атанып жүрген Нұрлым қызым: «Әже ол физика заңдылығы ғой. Физика дегеніміз – табиғаттың алуан түрлі құбылыстары мен тәжірибеге негізделген ғылым. Жаңағы айтқаныңыз Ньютон заңдарында баяғыдан бар. Егер сұйықтыққа темір шарик салып қойса, ол белгілі бір градустан асып қайнамайды» деп зуылдатып, термодинамиканың, термостаттың «қасиеттерін» бір­талай айтып тастады. Неме­ресінің сөзін соңына дейін тыңдап алған анам: «Әжелеріміз физиканы білмесе де, қазанды қалай тасытпауды, қазан-ошақтың басын таза ұстауды Нүйтоныңнан артық білген», деп бір-ақ қайырды. Әңгімемізді осы тұстан түйіндеуді біз де жөн көрдік.

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет