• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Маусым, 2017

ОҚО-да бюджет қаржысын тиімсіз жарату деректері әшкереленді

145 рет
көрсетілді

ОҚО-да тексеріс кезінде 200 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, түрлі әкімшілік кедергілер, 400 млн теңгеден астам бюджет қаржысын тиімсіз жарату ісі әшкереленген. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ салық өндіру ісінде де кемшіліктерге жол берілгені анықталған. Бұл прокурорлық кешенді тексеру шарасы елімізде пилоттық жоба ретінде бас прокурордың үкімемен жүргізіліп отыр. Алдағы уақытта өзге аудан қалаларда да жалғасады.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде өткен облыс прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісінде Қазығұрт ауданындағы «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің шынайылығына жүргізілген тексерулердің қорытындысы талқыланды.

Алқа мәжілісіне облыс әкімі Ж. Түймебаев пен орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік кірістер органдары мен басқа да уәкілетті және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Алқа мәжілісінде баяндама жасаған облыстық прокуратурасының бірінші басқарма басшысы Рүстем Дүйсенбаев отырғандардың назарын ауыл шаруашылық кешенін дамыту бағдарламасының тиімділігіне кері әсер еткен субсидия бөлу процедураларының бұзушылықтарына аударды. Сондай-ақ ол шаруаларға жасалған әкімшілік кедергілер мен әуре-сарсаңдыққа, қажеттілікті дұрыс қалыптастырмау және бюджет қаржысын тиімсіз жарату мәселелеріне тоқталды.

«Ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесі бойынша прокурорлармен соммасы 1,7 млрд теңгені құрайтын мыңнан астам заңбұзушылықтар анықталып, 26 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұдан бөлек, мемлекеттен көрсетіліп жатқан үлкен жәрдемге қарамастан жұмыссыздықпен күрес тәсілдері ретінде агроөнеркәсіпті қолдаудың құралдары тиісті дәрежеде пайдаланбауда. Қазығұрт ауданында қылмыс санының 7 пайызға өскендігі және қылмыс жасаған тұлғалардың 63 пайызы жұмыссыз екені анықталып отыр», - деді Рүстем Тілешұлы.

«Елбасымыз оңтүстікке жасаған жұмыс сапары барысында облысымызды 80 пайыз  дотацияда отыр деп атап кетті. Жасыратыны жоқ, өңірде жұмыссыздықпен күрес, кәсіпкерлерге қолдау білдіру, салық түсімдерін молайту, туризмді дамыту, өңірге инвестиция салу, шаруаларға субсидия бөлу, ауыл шаруашылығы кешенін дамыту  мақсатында қыруар тірліктер атқарылып жатыр. Алайда кейбір аудандарда бұл жұмыстар қожырап, аудан әкімдерінің  жұмыстарында  жүйесіздік бар екенін байқап отырмыз. Алдағы уақытта барлық аудан –қала әкімдерінің жұмысы жіті қадағалауда болады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Алқа отырысының қорытындысымен жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарға мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде агроөнеркәсіп кешін дамыту бағдарламасын тиісті дәрежеде іске асырмаудың себеп-салдарын жоюға бағытталған ұсынымдар берілді.