• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Маусым, 2017

«Мерейлі отбасы» лауреаты атағын беру жөніндегі комиссия отырысы өтті

385 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағын беру жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы Қазақстан Президентінің бастамасымен жыл сайын өткізілетінін айтты.

Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерінің бірі рухани құндылықтарды сақтау және жаңғырту болып саналатындықтан, биылғы конкурстың маңызы зор екенін атап өтті. Адам бойында рухани құндылықтар қалыптастыруда отбасы институты маңызды рөл атқарады.

Конкурс неке және отбасы институтын, қоғамдағы ізгілік пен адамгершілікті нығайтуға бағытталған. Ол биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Байқауға 2879 отбасы қатысты, 2016 жылмен салыстырғанда олардың саны 11,6% өскен (2016 жылы 2579 отбасы қатысқан). Бұл ретте қатысушылардың 36,2%-ы (1041 отбасы) – көпбалалы отбасылар (2016 жылы 1065 отбасы болған).

Сонымен қатар, былтырмен салыстырғанда бір мамандықпен айналысатын әулеттер өкілдерінен құралған отбасылар саны 6,8%-ға (2016 жылы – 483, 2017 жылы – 516) және жас отбасылар саны 6%-ға ұлғайды (2016 жылы – 472, 2017 жылы – 500).

Мамыр айында барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда аймақтық кезеңнің соңғы мәресіндегі жеңімпаздарын салтанатты марапаттау іс-шаралары өткізіліп, төртінші – ұлттық кезеңге қатысатын 2 отбасы анықталған болатын.

Отырыста ұлттық кезеңге қатысатын 16 үміткер бекітілді.

«Мерейлі отбасы» конкурсының финалдық кезеңінде жеңімпазды анықтауға еліміздің барлық азаматтары СМС-хабарламалар жіберу және kaztube.kz сайты арқылы интерактивті дауыс беру әдісімен тікелей атсалыса алады.

Дауыс беру қорытындысы қыркүйектің екінші жексенбісінде – Отбасы күні қарсаңында шығарылады.