Байқау өткен жылдың қараша айында Елбасы бастамасымен, жүзеге асқан «G-Global» ауқымды жобасын ілгері жылжытып, насихаттау мақсатында Астана қаласында алғаш рет өткізілген еді. Аталған республикалық байқау қазақстандық жастар тарапынан үлкен қызығушылық пен шынайы қолдау тауып, жастардың шығармашылық, зияткерлік әлеуеті мен жасампаз қуатын біріктіруші алаңға айналған болатын. Әлемдік экономиканың, адамдық капиталдың және өркениеттің тұрақты дамуының өзекті мәселелері жөніндегі пікірталастарға жастардың белсене қатысуы жас ұрпақтың мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және инновациялық дамуында жауапкершілік пен тұрақты әлем құруда өз рөлін сезінетіндігін растағандай. «G-Global» халықаралық хатшылығының жетекшісі Серік Нөгербеков белсенді азаматтық ұстаным танытқандығы үшін қатысушыларға салтанатты түрде алғысын жеткізе отырып, жеңімпаздарды құттықтады және «G-Global» халықаралық хатшылығының дипломдарымен марапаттады. «Жастар G-Global-ды қолдайды» республикалық байқауында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің штабтары екінші және үшінші орынды иеленді. Ұйымдастырушылар аталған байқауды жыл сайын өткізу жоспары туралы хабарлай келе, мұндай мүмкіндік жастардың өзін өзі жетілдіруге, өзін өзі танытуға деген ынталарын арттыра түсетінін айтты.
Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ