• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Шілде, 2017

Алматы әкімдігінде ауыс-түйіс болды

148 рет
көрсетілді

Алматы қаласының әкімдігінде ауыс-түйістер болды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

ҚР Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссиясының ұсынысы және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің келісімі бойынша Алматыда бірқатар кадрлық тағайындаулар болды. «Алатау ауданының әкімі Бағдат Манзоров Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Жетісу ауданының әкімі Талғат Разақов Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жаңа басшысының алдына принципті және жүйелі істі талап ететін бірқатар міндеттер қойды. Яғни, қалада салынып жатқан барлық нысандарға жүйелі бақылау жүргізілуі тиіс. Осы жылдар ішінде көптеген тұрғын үй кешендерінің, коммерциялық нысандардың бірқатары заңсыз салынған. Алматы әкімі құрылыс жүргізуге лицензия беру ісін реттеуді тапсырды. Өйткені, лицензия алған кейбір жауапкершілігі төмен құрылысшылар сапасыз нысан салады, салдарынан тұрғындардан көп шағымдар түседі», - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Алматы әкімі Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының жаңа басшысы алдына да жаңа міндеттер белгіледі. Б.Байбек басқарма жұмысын түбегейлі өзгертуді, сараптама жасауға басты назар аударуды, нақтылы мәселелерді жүйелі шешуді тапсырды. Ол жалақы төлеудегі қарыз мәселесін нақтылы шешіп, жұмысты оңтайландыру қажет екенін атап өтті. Еңбекақы бойынша қарыз болып қалмаудың тиімді жолдарын іздестіру керектігін айтты. Зейнетақы төлеу орталығымен, салық жөніндегі мемлекеттік кіріс департаментімен бірігіп жұмыс істеу керектігін нақтылады. «Қазіргі кезде Мемлекеттік еңбек инспекциясы тек шағым түскен кезде қимылдайды, мұндай немқұрайлыққа жол берілмеуі тиіс», - делінген таратылған хабарламада.

Алматы әкімі жаңа басшының назарын көлеңкелі экономика мәселелерін шешуге, соның ішінде көлеңкелі жұмыс күшіне, құрылыста қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге аударды. «Зейнетақы қорына қаржы аудармай, салық төлемей, конвертпен жалақы алатындар бар екені, кәсіпорындарда көптеген қайғылы жайттардың орын алатындығы жасырын емес. Міне, осы келеңсіз жайттардың барлығына тосқауыл қойылуы тиіс», - деп атап өтті қала басшысы.