Ал бұрынғы және бүгінгі елордаларымыз – Алматы мен Астананы ойша салыстырып көргенімде Алатаудың алтын алқасы атанған ару шаһардан Сарыарқаның інжу-маржаны атанған сұлу қаламыздың басым түсетін жақтары аз еместігін аңғардым. Көбіміз білім алып, қияға қанат қаққан алтын ұя – қаламызды бұрынғы патша тағынан түсіруге қимағандықтан, «оңтүстік астанамыз» деп атап жүрген Алматының климаттық жағдайы жанға жайлырақ болғанымен, ол еліміздің көршілес Қытай мемлекетімен шекараға жақын шетінде әрі сейсмикалық тұрғыдан қауіпті жерде орналасқан. Студент кезімізде Көкшетау қаласының темір жол вокзалынан пойызға мініп, бір жарым тәулікте шаршап-шалдығып, әрең жетуші едік. Кейде «Петропавл – Алматы», «Свердловск – Фрунзе» бағыттарындағы бірінен бірі өткен жайбасар екі пойыздың екеуіне де билет табылмай, оны «жең ұшынан жалғасып» тауып беретін таныс іздеп, әлек болатынбыз. Ал Алматыда ара-тұра жер сілкінгенде жатақхананың жоғарғы қабатынан төменге қарай жанымыз ышқына жүгіріп түсіп, далаға шыққанымызша зәреміз ұшып, екі өкпеміз аузымызға тығылғандай күй кешетінбіз... Міне, осындай түйткілді жайттар Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы елдің кіндік тұсы – Сарыарқа төсіне көшіру туралы саяси шешім қабылдауына негіз болғандығы анық. Әрине, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс аяқталмаған қиын кезеңде елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешімді қабылдау Елбасына оңайға соққан жоқ. Оның осы жөніндегі ұсынысына Жоғарғы Кеңес депутаттарының кейбіреулері ашық қарсы шығып, қызылкеңірдек болғаны жадымызда. Сондайда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз мынадай аумаққа елдің бір шетінен қарап отырып, ие бола алмай қалуымыз мүмкін. Арқада, солтүстік облыстарда демографиялық ахуалды қалайда өзгертуіміз керек. Мына елдің иесі кім екенін бүкіл әлем білуге тиіс. Елдің иесі елдің қиыр-қиырына бірдей қарап отыруға тиіс. Тым болмаса соны түсінсеңіздерші. Экономиканы ел орталығынан басқарған тиімді. Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр, облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды. Бұл мен үшін емес, ел үшін керек, елдің ертеңі үшін керек. Мұның мәнін қазіргі адамдар толық ұғар-ұқпас, бірақ болашақ ұрпақтарымыз ұғатын болады», – деп көкейіндегі терең ойды астарлай жеткізуге мәжбүр болған еді. Ақыры Жоғарғы Кеңес депутаттары Елбасының дәл туған күні – 1994 жылғы 6 шілдеде өткен сессияда елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсынысты көпшілік дауыспен қабылдаған-ды. Жер жәннаты – Жетісуда дүниеге келіп, заңғар Алатаудың асқар шыңдарына қарап бой түзеп, биікке ұмтылып өскен Елбасына елорданы жайнаған жазынан гөрі сақылдаған сарыаязды қысы анағұрлым ұзақ Сарыарқаға көшіру туралы тарихи шешімді қабылдау үшін әуелі өзі туған өлке мен тұтас ел мүдделері туралы терең толғануына тура келгендігі кәміл. Пайымдап қарасақ, сол шешім бір өңірдің ғана емес, Алатау мен Алтай тауларының арасын мекендеген, кең-байтақ Ұлы дала елінің келешегін ойлаған мемлекетшіл тұлғаның ғана қолынан келетін саяси және азаматтық ерлікпен пара-пар емес пе?! Президентіміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде: «1990 жылдардың ең ауыр кезеңдерінде Астана бізге үміт қанатын сыйлады және үлкен қиындықтарды еңсеруді үйретті. Қиын кез болатын. Бәрі жетіспейтін. Еңбекақы, зейнетақы төленбеді. Бірақ біз сол қиындықтардың бәрін ештеңеге қарамастан еңсеріп, елордамызды салдық. Елордамыз қасиетті Тәуелсіздік рухының – Жасампаздық пен бірлік рухының қайнар көзіне айналды! Астана бүгінде өз тарихының бастауында ғана тұр. Ол біздің мемлекеттік қуатымыздың биік самғауын бейнелей отырып, жылдан-жылға ажарланып келеді. Біз оны әлемнің мәңгі қалаларының бірі ету үшін бәрін жасаймыз, өйткені Астана дегеніміз –Тәуелсіздіктің киесі», – деді толғана. Иә, Астана –Тәуелсіздігіміздің нышаны, еліміздің жүрегі, болашақтың бейнесі. Ол – дүние жүзіне белгілі елордалардың бірі ғана емес, бірегейі. Өйткені, еліміздің бас қаласында әлемге танымал Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен халықаралық деңгейдегі аса маңызды іс-шаралар жүйелі өткізіліп келеді. Әсіресе, Астанамыздың бертінгі уақытқа дейін бір-біріне салқын қабақ танытып, әңгімелері жараспақ түгіл, бір үстелдің басында қатар отырмай келген әлемдік және дәстүрлі діндер көш басшыларының бастарын тоғыстырған парасат ордасына айналғандығын мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ, дүние жүзі жұртшылығын алаңдатып отырған Сириядағы азамат соғысын тоқтатуға арналған бітімгерлік келіссөздер де Елбасының ұсынысымен өткен жылдан бері Астанада өткізіліп келеді. Ал қазір елордамызда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде бірінші рет өткізіліп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі – Қазақстанымыз бен Астанамыздың абыройын асқақтатып қана қоймай, бүкіл адамзаттың одан әрі өркендеуіне бағыт-бағдар беріп, жол ашып отырған ғаламат жоба. Оны еліміз ойдағыдай іске асырып, жас республикамыздың қуатты әлеуетін әлемге тағы бір танытты және елордамыздың халықаралық туризм орталықтарының біріне айналуына жол ашып берді. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған айбынды мақсат – еліміздің әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіруі болса, Астана дүние жүзіндегі ең үздік отыз елорданың ортасынан ойып орын алып, Тәуелсіз Қазақстанның көшін бастауға тиісті. Осы орайда Мемлекет басшысының: «Астана еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының локомотиві болуға тиісті», – деген сөзі қазірдің өзінде өмір шындығына айналып отыр. Ерке Есіл өзенінің сол жағалауында жаңадан бой көтерген, Шығыс пен Батыстың сәулет өнері үйлесім таба жарасқан, көпқабатты үйлерінің төбесі аспанмен астасқан зәулім қаланы салудың арқасында елорданың ғана емес, еліміздің өзге де өңірлеріндегі жүздеген мың адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Астана бүгінде өзін салуға ел қазынасынан бөлінген қыруар қаржының қайтарымын жасап, Алматы қаласы және мұнайлы Атырау, Маңғыстау облыстары сияқты республикалық бюджетті толтыруға қомақты үлес қосып отырған төрт «донор» өңірдің бірі болып табылады. Астанаға қарап, басқа қалаларымыз бен ауылдарымыз да бой түзеп, көркею үстінде. Қазір Астана атауы мен Елбасы есімі егіз ұғымға айналғандығы күмәнсіз. Сондықтан да біз, Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясында Тұңғыш Президентіміздің есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді бірауыздан ұсынған болатынбыз. Соған орай жақында Үкімет қаулысымен Астананың халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілді. Әділін айтсақ, Александар Винокуров, Ольга Рыпакова сынды Олимпиада чемпиондарының есімдерін облыстардың орталықтарындағы жаңадан салынған Спорт сарайларына беріп жатқанымызды ескерсек, еліміздің Көк байрағын әлемнің ең биік төрлерінде сан мәрте желбірете көтерткен, Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, оны бәсекеге ең қабілетті елу елдің қатарына қосқан ерен Еріміз – Елбасына қандай құрмет көрсетсек те лайықты емес пе?! Осы ретте «Жыр Құлагері» атанған ақын Ілияс Жансүгіровтің: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді?!» – деген өлең жолдары да еріксіз ойға оралады. Елбасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста атап көрсеткендей, алдағы уақытта Астана 3 миллионнан астам тұрғыны бар еуразиялық мегаполиске айналмақ. Сонымен бірге, Алматы мен барлық облыс орталықтары өздерінің ырғақты дамуын одан әрі жалғастырып, ғылым, технологиялар, даму өріс алатын бірнеше жаңа миллиондық қалалар пайда болмақ. Әлемге жасампаздық пен парасат нұрын шашқан, халыққа қызмет көрсетуде озық технологияларды кеңінен қолдану арқылы «ақылды қала», «смарт қала» атануға ұмтылған елордамызды қазір қазақстандықтар арман-қала деп атайды. Шынында да, бүгінгі Астанада білім алу, еңбек ету – оның 1 миллион тұрғыны үшін жүзеге асып жатқан ортақ арман, тағдыр сыйлаған үлкен бақыт. Ал халқымыз үшін Астана – зор мақтаныш. Кәрібай МҰСЫРМАН, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты
Қазақстан
•
04 Шілде, 2017
Әлемге нұрын шашқан арман-қала
476 рет
көрсетілді
Өмірде көзім анық жеткен бір ақиқат бар, ол – кімнің болсын, ненің болсын қадірін салыстыру арқылы білінетіндігі...