• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Шілде, 2017

Атырауда әлеуметтік іс-шара шеңберінде 344 адам жұмысқа орналастырылды

178 рет
көрсетілді

Қоғамдағы қауіпсіздікті қамтасыз ету, елдің жағдайымен танысу, күрмеуі көп мәселелердің шешімін табуға көмектесу. Атырау облысы прокуратурасының облыс әкімінің қолдауымен өткізген «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» атты бірлескен іс-шарасы осындай мақсаттарды көздеді.

Мемлекеттік, құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, қаржы институттарының өкілдері, дәрігерлер мен теологтардан құралған ведомствоаралық топ облыстағы жеті ауданды аралап, 600-ден астам кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Әсіресе балаларға, әйелдерге, зейнеткерлерге, мүгедектерге, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға, сотталғандарға, радикалды ағымды ұстанатындарға ерекше назар аударылды.

Игілікті іс нәтижесіз емес. Облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаевтың айтуынша, іс-шаралар шеңберінде 344 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жаңадан кәсіпкерлікпен айналысу әдістерін үйрену үшін «Бизнес Бастау» және «Бизнес кеңесші» курстарымен 500-ден астам ауыл тұрғынына оқыту-әдістемелік шаралар ұйымдастырылып, сертификаттар тапсырылды. 22 кәсіпкерге мемлекеттік органдармен қолдау көрсетілді. 3300-ден астам азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, оның ішінде 300 науқасқа диагноз қойылып, ем тағайындалды. 80 адамға аудандық және облыстық емдеу орындарына, 2 адамға республикалық кардиологиялық орталыққа жолдама берілді. 

«Интернет кеңістігінде жүргізілген мониторингпен Конституцияға және басқа да заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерге қайшы келетін – 74, жарылғыш құрылғыларды дайындауды насихаттайтын – 21, экстремистік деп танылған – 10 материал анықталып, оларды шектеу шаралары қабылданды», – дейді Ғ.Тоғызбаев.

Атап өту керек, атқарылған шаралар нәтижесінде бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапты.  Бизнестің дамуына кедергі келтіріп келген әкімшілік тосқауылдар жойылды. Топ мүшелері алыстағы ауыл халқына қызметке орналасу тәртібін, мемлекеттік бағдарламалар мен субсидия, несие, жәрдемақы алу жолдарын, медициналық көмек алу жайын түсіндірді. Облыс прокурорының орынбасары Серік Шалабаев «Атқарған жұмысымыздың маңыздылығына көзіміз жетті және халыққа көмегіміз тигенін сезіндік», – дейді. Мысалы, облыстың барлық өңірлерінде ірі компаниялардың қатысуымен «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, 344 адам жалақылары орта есеппен 100-120 мың теңге болатын тұрақты жұмысқа орналасты, 4 азамат әлеуметтік жұмыспен, 31 адам қоғамдық жұмыспен, 63 адам «Жасыл ел» бағдарламасымен, 3 адам жастар тәжірибесімен қамтылды, 33 адам қайта даярлаудан өтті. «Аудан орталығынан 250-300 шақырым қашықтықта орналасқан Құрманғазы ауданының Балқұдық, Сүйіндік, Асан ауылдарында (жалпы халық саны – 6951) және Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон ауылында рентген құрылғысының болмауына байланысты, соңғы 3-4 жыл бойы ауыл тұрғындары аудан орталықтарына баруға мәжбүр болғаны анықталып, тұрғындарға тиімді жағдай жасау мақсатында рентген жылжымалы пункттің баруы ұйымдастырылды, 2100-ден астам адам тексеруден өтті. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау ұйымдарында сырқатнама картасын электронды жүргізуді, науқастарды кезек бойынша бөлуді, дәрі-дәрмек шығысын бақылау мен медициналық қызметтің сапасына баға беруді көздейтін медициналық ақпараттық жүйені енгізу туралы жұмыс тобының ұсынысы облыс әкімдігінен қолдау тапқан.  «Осы мақсаттарға 282 млн теңге бөлініп, жүйемен 37 медициналық ұйым қамтылатын болады. Медициналық ұйымдарда «Электронды кезекті» енгізуге 120 млн теңге бөлінді. Қазірдің өзінде пилоттық режимде екі емхана жұмыс жасауда», – дейді С.Шалабаев.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атқарған жұмыстарына есеп берген жұмыс тобы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты проблеманың бар екенін айтты. Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет аудандарындағы 60 мүгедектің жеке көмекшілері 2016 жылдың қазан айынан бері небары 19 мың теңге жалақыларын алу үшін жүздеген шақырымдағы облыс орталығында орналасқан «Соқырлар қауымдастығы» қоғамдық қорының бөлімшесіне келуге тиіс болыпты. Қолма қол ақша беру арқылы ғана есеп айырысатын қоғамдық қордың бұл «тәртібі» шалғайдағы тұрғындар үшін қолайсыз әрі тиімсіз. Жұмыс тобының араласуымен мүгедектердің көмекшілері жергілікті жердегі банктер мен Қазпошта ұйымдарынан жалақыларын алу мүмкіндігіне ие болды. Мүгедектікті анықтау жөніндегі облыстық комиссия Құрманғазы ауданына келген кезде алыстағы Азғыр өңірінің мүгедектерін аудан орталығына жеткізу біраз қиындық туғызып келген. Енді елдімекендерге комиссияның өзі барады. 

«Мемлекеттік кірістер органдарымен 200-ден астам мүгедектен (мүлік, жер, көлік) 700 мыңға жуық теңге салық берешектері негізсіз алынғаны анықталып, қайтарылып жатыр», - дейді облыс прокурорының орынбасары. Мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесулер кезінде Атырау қаласында арбамен жүретін мүгедектер үшін әлеуметтік нысандарға бару кезінде қиындықтар туғызатын 31 орын анықталған. Бұл кедергілер де жойылды.

«Жұмыс тобы халықтың тұрмыс-тіршілінде кедергі келтіріп келген бірқатар өзекті мәселелердің шешімін табуына ықпал етті», – дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев.

Айталық, Атырау қаласының жолдарын тиісті жол белгілері және бағдаршамдармен қамтамасыз ету, Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жер учаскесін алу үшін артық құжаттарды сұрату тәжірибесін тоқтатату мәселелері бойынша нақты шаралар қабылданды. Облыс халқы үшін балық және балық өнімдеріне қол жетімділік мәселесі шешілді (жеңілдікпен 11 сауда орындары ұйымдастырылды және автокөліктермен саудаға шығаруға рұқсат берілді). Нәтижесінде, қара балықтардың бағасы 120 теңгеге арзандады. Кәріз суларды тасымалдаумен байланысты орталықтандырылған канализация жүйесіне қосылмаған 17 409 ғимараттың иелерінен заңсыз ақы алу тәжірибесі тоқтатылды. Осы салада халыққа қызмет көрсететін мекемемен іс жүзінде кәріз суларды тасымалдау қызметі үшін қайталана ақы алынып отырған. Монополистпен 21 мыңнан астам абонентке 9 млн 200 мың теңгеге қайтадан есеп айырысу жүргізілді.

Алыстағы ауыл халқының мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараты кейде кемшін соғып жатады. Жұмыс тобы атқарған шаралардың нәтижесінде бір шаруа қожалығы 2 млн теңге субсидия алды, 2 жеке кәсіпкер Қызылқоға ауданында аяқ-киім шығару цехын ашуға 3 млн. теңге және Махамбет ауданында массаж кабинетін ашуға 711 мың теңге қайтарымсыз гранттарға ие болды.

«Терактілерге қарсы дайындық» және «Күш құрылымдарының өзара іс-қимылы мен дайындығы» бағыттары бойынша азаматтарға теракті қаупі туындаған немесе ол орын алған жағдайда іс әрекет алгоритмі түсіндірілді. Террористік тұрғыда осал нысандардың қызметшілеріне оқу жаттығулар ұйымдастырылып, жадынамалар таратылды, бейнероликтер көрсетілді. Құжаттары жасақталмаған 56 нысан басшыларына топ мүшелерімен тәжірибелік көмек көрсетіліп, бүгінгі күні кемшіліктер жойылды. Террористік қауіптерге дайындықты көтеру мақсатында аудандарда әр түрлі жаттығулар өткізіліп, тәжірибелік көмек көрсетілді», – дейді облыс прокурорының орынбасары С.Шалабаев.

Облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайролла Көшқалиев теріс діни ағымның құрығына көбіне жұмысы жоқ, әлеуметтік жағынан қорғалмаған, діни сауаты аз адамдардың түсетінін айтады. «Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіру керек. Қазір облыста 21 найб-имам, 21 муадин, 26 ұстаз жетіспейді. Түркияда, «Нұр-Мүбәрак» университетінде білім алып жатқан атыраулық жастар оқудан оралған соң маман тапшылығы мәселесі шешім табатын болар» – дейді ол.

Бірлескен іс-шараның қорытындысы көңілден шығады. Бірқатар мәселелер шешілді. Көптеген сұрақтар бақылауға алынды, ең бастысы, халық мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын сезінді. Осы бастамаға ұйытқы болғандар халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруды мақсат еткен. Мақсат орындалуымен құнды.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ