Тұтынушылар құқығын қорғау ісі жетілуде
Тұтынушы тұтылып, құқық бұзған құтылатын заман келмеске кетсе дейміз. Өйткені, еліміз бұл саладағы заңдарды күшейтіп, әлемдік талаптарға талпынып жатыр. Тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы қазақстандық заңнаманы шетелдік нормалар мен ережелерге сәйкестендіру мен жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жеткізді. Мәселен, осы мақсатта өткен жылдың сәуір айында тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Ұлттық экономика министрлігі − тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы саясатты және ведомствоаралық үйлестіруді бақылау-қадағалау функцияларын қолданусыз жүзеге асыратын уәкілетті орган. Сол себепті де, тұтынушы құқы тұрғысында мәселе көтерді. Министрдің мәлімдеуінше, тұтынушылар құқығын қорғауды қамтамасыз етуде мемлекеттік органдардың жұмысы жүйелі емес. Әркім өздерінің негізгі қызмет әрекеті аясындағы мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруды көздеуде. Ол тұтас алғанда, өтініштерді қарауда және шешім қабылдауда бірқатар қиындықтар тудырады. Себебі, мемлекеттік органдардың шешім қабылдаудағы әдістері – түсіндіру, әкімшілік істерді қарау немесе тексерулер жүргізу сияқты сан қырлы болып келеді. «Жергілікті атқарушы органдар тұтынушылар құқығын қорғау жүйесіндегі және өз қызмет әрекеті бағытындағы рөлін тұтас көріп отырған жоқ. Алайда, олардың жергілікті жерде халықпен жұмыс істейтінін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет», деді Т.Сүлейменов. Мәліметке сүйенсек, 2016 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар тұтынушылардан түскен 23 мыңнан астам өтінішті қараған. Ұлттық экономика министрлігіне 4486 өтініш, яғни, жалпы өтініштің 19 пайызы түскен. Ұлттық банкке барлық өтініштердің 56 пайызы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне 11 пайызы, Қаржы және энергетика министрліктеріне 3 пайызы тиесілі. «Мемлекеттің бақылаушылық функциясын азайту жағдайында тұтынушылар құқығын қорғау деңгейін арттыру үшін Ұлттық экономика министрлігі жекелеген тауарлық нарықтардағы тұтынушылар құқығын қорғауды күшейтуді жоспарлауда. Электронды саудаға қатысушылардың қызмет әрекетін тұтынушылардың құқығын сақтау кепілдігін анықтау арқылы регламенттеу, сондай-ақ, жарнамаларды орналастыру талаптарын күшейту, оның ішінде орналастыру уақыты, шындыққа сәйкестігі және тауардың тұтынушылық ерекшелігі талаптарын күшейту қарастырылуда», деді министр. Сондай-ақ, тауардың сапасы мен қауіпсіздігі стандарттарын сақтамағандығы үшін кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін арттыру ұсынылып отырғанына тоқталды. Сондай-ақ, тұтынушылық сауаттылық, тұтынушылардың азаматтық белсенділігінің деңгейін арттыруға және олардың тауарлар, құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттануына ерекше көңіл бөлінуде. Отырыс барысында қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру туралы Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, сондай-ақ, қарапайым жұртшылық атынан «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» басқарма төрайымы С.Романовская сөз сөйледі. Мәселені талқылау қорытындысында Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша белсенді шаралар қолданып, халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушылардың құқықтары туралы кеңінен ақпарат таратуды тапсырды.
Жекешелендіру жүйелі жүзеге асуда
Үкімет отырысының екінші мәселесі бойынша жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы қаралды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік және коммуникациялық меншіктегі кәсіпорындар мен ірі компанияларды өткізу жоспары туралы баяндады. Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз кезегінде, мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысандарын сатуды жылдамдату бойынша қолданылған шаралардың аралық нәтижелері және бекітілген кестелер аясындағы алдағы міндеттер жайында айтты. Мәселен, 2016 жылдан бастап жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 221 нысан өткізілген, 189 нысан қайта құру немесе жою кезеңінде екен. «Қолданылған шаралар жекешелендіру үдерісін жандандыруға мүмкіндік берді. Кешенді жоспар нысандарының негізгі бөлігі, яғни 80 пайыздан астамы ағымдағы жылы өткізіледі. Жалпы, жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру бойынша іс-шараларды уақтылы және табысты орындау үшін барлық алғышарттар жасалған», деді Б.Сұлтанов. Жиында сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Е.Досаев, «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Н.Мәлелов қосымша баяндады. Соңында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен холдингтердің басшыларына нысандарды сату кестесін сақтауды және оларды белгіленген мерзімдерде өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан өзге, Мемлекет басшысының мемлекеттік меншікте қалатын нысандары тізімін дайындау туралы тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты барынша қысқа мерзімде аяқтау қажеттігін, Ұлттық экономика, Қаржы және Әділет министрліктеріне аталған тізімді бекіту мәселесін пысықтау керектігін айтты. Аталған тапсырмаларды орындауды бақылау Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.
Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»