• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2017

Астанаға Ақмешіт арқылы газ келеді

160 рет
көрсетілді

Сыр өңірін көктей өтетін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының қуаты 10 млрд текше метрге жетті. Енді оңтүстік өңірлердегі газ тапшылығы толық жойылды деуге әбден болады.

Қызылорда облысында Қазақстанның газ саласы үшін аса маңызды шара болды. Қуатты әрі заманауи бұл нысанның салынуын мамандар теңдессіз оқиға деп бағалап отыр. Өйткені, оңтүстіктің газ проблемасы шешілуімен қатар Астана мен еліміздің солтүстік облыстарын да газбен жабдықтайтын нысан салынды. Стратегиялық маңызды «Қараөзек» ком­прессорлық стансасының ашылуы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ пен ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясының басшылығының қатысуымен салтанатты түрде пайдалануға берілді.   Оңтүстіктің газ қажеттілігін толық шешіп, экспорттық әлеуетті арттырған бұл жоба көптен айтылып жүрген сол­түс­тік өңірлерді газдандыруға мүм­кіндік бермек.  – Болашақта елорданы газдандыру жұмысы қасиетті Сыр елінің жерінен бастау алады. Елбасының қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбыры бізге зор мүмкіндік берді. Об­лыс аумағынан өтетін 846 шақы­рым­дық газ құбыры Қызылорда облы­сын газ­дан­дыруға жол ашты. Бұл – Мемлекет бас­шы­сының бізге жасаған тікелей қам­қор­лығы. Стансаның іске қосылуы – газ саласы қызметкерлерінің Астана күні­не жасаған зор сыйы, – деді аймақ басшысы.  Бұл жоба біздің республиканың ғана емес, бүкіл еуразиялық континент­тің транзиттік әлеуетін арттырады десек, артық айтқандық емес. Мемлекет басшысының газдандыру көлемін ұл­ғайту, энергия ресурстарын тасымалдау­ды әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын «ҚазТрансГаз» компаниясы жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді. Және көп­шілік оның игілігін көріп отыр.  Бүгінде отандық газ тасымалдау саласы нағыз техникалық револю­ция­ны бастан өткеріп жатыр. Осы жыл­дың алғашқы жартысында Қазақ­стан­да газ инфрақұрылымының жоғары тех­но­логиялық екі нысаны салынды. Олар – Ақтөбе облысындағы «Бозой» мен Қызылорда облысындағы «Қараөзек» компрессорлық стансалары. Екі жобаны да елді отандық газбен қамтамасыз етуді, стратегиялық «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» магистралды газ құбырының тасымалдау мүмкіндігін арттыруды мақсат еткен ұлттық оператор – «ҚазТрансГаз» компаниясы жүзеге асырды.  Жоғары техникалық күрделілігіне қарамастан, «Қараөзек» стансасы мер­зімінен жарты жыл бұрын іске қосылып отыр. Бұл «ҚазТрансГаздың» компания резервіндегі газ айдайтын қондырғыларды пайдалануы есебінен мүмкін болды. Сөйтіп, мемлекеттің миллиардтаған қаражаты, қыруар уақыты үнемделді.  Салтанатты жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ вице-президенті Қайрат Шәріпбаев «Қараөзек» және «Бозой» компрес­сорлық стансаларынсыз қазақ­стан­дық газды Қытайға тасымалдау және елдің оңтүстігіндегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес екенін жеткізді. Осыны түсіне отырып, Мемлекет басшысы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магис­тралдық газ құбырын салуды тап­сырды. Уақыт көрсеткеніндей, бұл дер кезіндегі шешім болды. Таяу арада ғана біз Қытаймен жылына 5 млрд текше метр отандық газ экспорты туралы мемо­рандумға қол қойдық» – деп атап өтті.  Стансаның негізгі элементі – жұ­мыс­­­­тың ең күрделі режіміне арналған  «Solar Turbines» америкалық компания­сы­ның жоғары технологиялары негізінде әзірленген газтурбиналық қондырғылар. Барлық үш агрегатты пайдаланған кезде компрессорлық стансаның өнімділігі тәулігіне 43,5 млн текше метрге жетеді.  Газ айдаушы агрегаттарды іске қос­қаннан кейін қонақтар компрессорлық стансаны аралап, жұмысымен танысты. 

Назерке САНИЯЗОВА, журналист

Қызылорда облысы