Еліміз чемпиондары мен жүлдегерлері анықталды. Былғары қолғап шеберлерін алда жаңа асулар күтуде.
Өткен сенбі күні Астана жанкүйерлерін өзіне ынтықтырған бокстан кезекті мәрте өткен Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Сөйтіп, бір апта бойы “Дәулет” спорт кешенінде керілген шаршы алаңда еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, 11 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасқан боксшылар арасындағы бәсеке мынадай нәтижелермен аяқталды.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Ең жеңіл, яғни 48 кило салмақта астаналық Ілияс Сүлейменов чемпион атанды. Ол осы салмақ бойынша түрлі халықаралық турнирлер мен жарыстарға қатысып жүрген Біржан Жақыпты 6:4 есебімен ұтты. Бұл кездесуде төрешілер Біржанға қысастық жасады деп айта алмаймыз. Өйткені, қарсыласын әбден жетік зерттеген Ілияс үш раунд бойы қарсыласына еш мүмкіндік бермей, дер кезінде жасаған соққылары арқылы ұпай санын түгендеп, жеңіске жетті. Енді бізге елішілік жарыстарда Біржанмен иық теңестіріп айқаса алатын боксшылардың бар екенін айтуға болады.
Келесі, 51 кило салмақта өткен ақтық сында Мирас Жақыпов (ШҚО) Хабиболла Исмаил-Ахуновты (Алматы қаласы) таза жеңді. Бұл жекпе-жекте шығысқазақстандық боксшы мұның алдындағы кездесуде төрешілердің кесірінен жеңілуге мәжбүр болған жамбылдық Олжас Сәттібаевтың есесін қайтарды десе болады.
Биылғы чемпионатта 54 кило салмақтағы сындар қызықты және тартысты өтті деуге болады. Мұнда әуелі түрлі жарыстарда ел намысын қорғап жүрген Қанат Әбутәліпов (Астана) жеңіліп қалған болатын. Ол ширек финалдық кездесуде бапкері Владимир Камашовтың үмітін ақтай алмаған соң, бізге енді тәжірибелі Міржан Рақымжановтың (ШҚО) ғана чемпион атануға мүмкіндігі көп сияқты болып көрінген еді. Алайда, ол да Әбутәліповтің жолын қайталап, ақтық жекпе-жекте елордалық Данияр Төлегеновтен ұтылуға мәжбүр болды. Есеп – 1:5. Дегенмен, Міржан өзгелерден жасы үлкен болғанымен, чемпионаттағы бұдан басқа айқастарының бәрін айқын басымдықпен жеңіп, осы салмақтағы үздік боксшылардың бірі екенін дәлелдеп берді.
Мұнан кейінгі 57 кило салмақта қостанайлық спорт шебері Аслан Мұқановтың мерейі үстем болды. Ол Алматы облысының атынан сынға түскен Жандос Момыновты 2:1 есебімен ұтты.
60 кило салмақта біз Афина Олимпиадасының қола жүлдегері Серік Елеуов пен Бейжің Олимпиадасына қатысушы Мерей Ақшаловтың орнын жоқтатпауға тырысып жүрген былғары қолғап шеберлері бар екенін көре алдық. Мұнда чемпионат басталысымен жамбылдық Ғани Жайлауов, қостанайлық Самат Бәшенов секілді боксшылар өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Десек те, айтулы сындарда жалғыз ғана саңлақтың мысы басым болып тұратыны белгілі. Бұл бәсекеде Айдар Әмірзақовтың өзгелерге қарағанда шеберлігі басым болып, ақыры ол ақтық айқаста Самат Бәшеновті ұтып, чемпион атанды.
Келесі, 64 кило салмақтағы жекпе-жектер де жанкүйерлерді желпінтіп, қызықты өтті. Жалпы, осы кездесулердің бәрінде бірнеше боксшының құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілуге мүмкіндігі бар еді. Мәселен, Айдар Шәрібаев (Алматы облысы), Әділет Егізеков (ШҚО) секілді былғары қолғап иелері соңғы айқастарына дейін алтын медальге үміттілердің бірі болып саналған болатын. Алайда, чемпионатта екеуінің де алдын астаналық жас талант Данияр Елеусінов орап кетті. Сөйтіп, ол бапкер әкесінің айтқан ақыл-кеңесімен, өзінің де қайсар мінезімен, барлық жекпе-жектерін жинақы да жігерлі, сауатты өткізіп, биылғы бәсекенің бас жүлдесін жеңіп алды.
69 кило салмақтағы ақтық сын Манат Өмірзақов (ШҚО) пен жартылай финалда Серік Сәпиевті ұтқан қызылордалық Рүстем Сыбаевтың арасында өтті. Бұл жекпе-жекте Манат қарсыласының Сәпиевке қолданған тактикасын, яғни қорғана жүріп, керек кезінде соққы жасайтын әдісін өзіне қарсы қолданып, жеңіске жетті. Қысқасы, осы салмақтағы бәсекелердің бәрі әлемнің екі дүркін чемпионына қай кезде болсын қарсы тұра алатын боксшылардың бар екенін көрсетіп берді. Олардың қатарына чемпион атанған Манат Өмірзақовты, одан ұтылған Рүстем Сыбаевты және Бақытжан Қожабеков пен Мақсат Әлімбаевты жатқызуға болады.
75 кило салмақтағы финалда Данабек Сужанов (ШҚО) бірінші орынды жеңіп алды. Ол Алматы облысының өкілі Нұрдәулет Жармановты 5:4 есебімен ұтты. Жекпе-жек Данабекке оңай болған жоқ. Дегенмен, ол өткен жылғы Қазақстан чемпионы атағын қорғап қалды. Ал Нұрдәулетке келер болсақ, айқастарына қарап оны болашағы бар боксшы деуге болады.
Ал 81 кило салмақтағы сында қарағандылық Алмат Серімов өзіне лайықты қарсылық таныта білген Марат Ілиясовты (Алматы қаласы) жеңіп, чемпион атанды. Бұл жекпе-жекте былтырғы Ғалым Жарылғапов атындағы турнирдің жеңімпазының қарсыласын жартылай финалдық кездесуде Азамат Белгібаевты нокаутқа жіберетіні секілді жеңетініне ешкім күмәнданбаған болатын. Бірақ, айқастың соңы нокаутқа бармай, есеп 11:6 болып аяқталды.
91 кило салмақта соңғы кездесу Жан Кособуцкий (Қостанай облысы) мен Василий Левит (Астана қаласы) арасында қызықты да тартымды өтті. Бұл бәсекеде Кособуцкий қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 11:1 есебімен таза жеңді. Ал финалдық айқас аяқталғанда ол ұлты украин болса да мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатын боксшы екенін көрсетті. Онда оның шешесі қазақ екенін білген жанкүйерлер жеңісімен құттықтау үшін Жанның жанына келгенде, боксшының қаумалаған жұртпен таза қазақ тілінде сөйлескенін атап өткеніміз жөн.
Ал аса ауыр салмақ дәрежесінде Иван Дычко мен Досжан Оспанов арасында өткен ақтық айқаста алғашқысы қарсыласын қиналмай ұтты. Мұның алдында Дычко Рүстем Іргебаевпен, ал Оспанов Руслан Мырсатаевпен кездесу өткізген болатын. Осы жекпе-жектерде төрешілер екеуін де қолдағанымен, олар жанкүйерлер тарапынан әділ бағасын алған жоқ еді. Сондықтан болар, финалдық сында жанкүйерлердің кейбірі, қайсысының чемпион атанатынын алдын ала білгендей, екеуінің де айқасына немқұрайлы қарап отырса, қалғандары кездесудің соңын күтпей орындарынан тұрып кетті. Ал чемпионаттың осындай көрініспен аяқталған соңғы жекпе-жегі 5:0 есебімен Дычконың пайдасына шешілді.
P.S. Сөйтіп, Астана төрінде бір жұмаға созылған бокс бәсекесі аяқталды. Оның қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан облысы – 4 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алса, астаналық боксшылар 3 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде алып, екінші орынды иеленді. Ал 3 алтын мен 1 күміс медальді еншілеген Қостанай облысының командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ, биылғы чемпионатта Қарағанды облысы – 1 алтын, 1 қола, Алматы қаласы – 2 күміс, 4 қола медаль, Оңтүстік Қазақстан облысы – 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алса, Ақмола облысы – 2 күміс, Қызылорда облысы – 1 күміс, Жамбыл облысы – 5 қола, Маңғыстау облысы – 2 қола және Ақтөбе мен Павлодар өңірлері бір-бір қола медальдерді иеленгенін атап өткеніміз жөн.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали АЙТЖАНОВ: “ЖАСТАР ЖАҒЫ ҮМІТТІ АҚТАДЫ”
– Ең әуелі мынаны айтыңызшы. Осы чемпионатта жас боксшылардың жекпе-жектері көңіліңізден шықты ма?
– Жастар мамандарды, жанкүйерлерді қуантты деп ойлаймын. Өзімнің де көңілімнен шықты. Қазір бізде ұлттық құрама әлем чемпионатынан кейін 70 пайызға өзгерді. Көбі 1990-1991 жылғы жастар. Әрине, жас болған соң, тәжірибенің аздығы көрініп тұрады. Мәселен, олардың қолда тұрған жеңісті жіберіп алғандарын, соққы жасауға сәті келгенде тартынып қалған кездерін жасыра алмаймын. Ал, жалпы алғанда, жастар биылғы чемпионатта өздерін лайықты деңгейде көрсете алды деп ойлаймын. Болашақта біз оларды енді халықаралық алаңдарда ел намысын қорғай алатындай етіп дайындайтын боламыз. Бұл – біздің басты мақсатымыз.
– Жақсы делік, ал төрешілерге қандай баға берер едіңіз?
– Енді боксшысы ұтылғаннан кейін, жанкүйерлердің де, бапкерлердің де бәрін төрешілерден көретін әдеті бар ғой. Ал өзім, мысалы, осы бәсекелер бұрынғыларға қарағанда, әділ өтті деп есептеймін. Әрине, кейбір салмақтар бойынша төрешілермен таласуға болатын тұстар бар. Бірақ та, жалпы алғанда, чемпионат боксшыларға көп қысым жасамай өтті деуге болады.
– Дегенмен, “әттеген-айлары” да болды емес пе? Оны мойындамау мүмкін емес қой.
– Әрине, сіз айтқандай, “әттеген-айлар” барлық жарыстарда болып тұрады. Биылғы бәсекеде тәжірибесі аз төрешілер болды. Солардың кесірінен кейбір боксшылар ұтылып, келесі айналымға шыға алмады. Мәселен, кейбір салмақтарда төрешілер жеңісті алаңда артистік қимыл жасап жүрген боксшыларға емес ақ тер, көк тер болып жүрген қарсыластарына берулері керек еді. Олай болған жоқ. Сондай ескертулердің неге жасалмағанын түсіну қиын.
– Ал чемпионатта қай боксшы жақсы өнер көрсетті деп ойлайсыз?
– Бізде қазір екі мықты боксшы бар. Олар – Кособуцкий мен Левит. Басқа жақсы шеберлеріміз бар, әрине. Бірақ олардың дайындықтары жарысқа ғана байланысты болып жүр. Дегенмен, чемпион атанған боксшылардың бәрі ұлттық құрамаға алынады деп айта алмаймын. Кімнің алдағы жарыстарда еліміздің бас командасының жейдесін киетінін уақыт көрсетеді. Енді алдағы 16 – 21 ақпан күндері Болгарияда өтетін турнирге қатысатын боламыз. Соған дейін боксшылардың бабын тағы да байқап көреміз.
Ал жалпы команда бойынша айтсам, биылғы сынға Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Астана қаласының боксшылары жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Соңғы кездері тек оңтүстік өңірде ғана емес, еліміздің өзге облыстарында бокс жақсы дамып келеді. Бұрындары Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласы алдыңғы орындардан көрініп жүрсе, қазір Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар сынды солтүстік, батыс облыстардың боксшылары жүлделі орындарды иеленіп жүр. Осы жерде Астана қаласында да бокс тиісті жолға қойылып отырғанын атап өткім келеді.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.
ДАРЫНДЫ БОКСШЫЛАР ӨСІП КЕЛЕДІ
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.
Бокстан биылғы Қазақстан чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Жігіттер жақсы дайындалыпты. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысының былғары қолғап шеберлері бұл сынға өте жоғары әзірлікпен келгенін дәлелдеп берді. 4 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдеге ие болып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Атап айтар болсам, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Астана қаласынан сайысқа түскендердің ішінде әлі тәжірибесі өте мол болмағанмен, жеңіске жігері бар, жүрегі бар жігіттер шаршы алаңда қарсыластарын жеңіп, биік тұғырға көтерілді.
Дегенмен, бәсекелерде орын алған кемшіліктер де болды. Кейбір кездесулерде боксшылардың соққысы есептелмей қалған сәттерін байқадық. Қарсыласын қайта-қайта құшақтап, уақыт созып жүрген спортшыға ескерту берілуі тиіс. Кейде осы жағы ескерусіз қалып жатты. Мысалы, жартылай финалда аса ауыр салмақтағы Рүстем Іргебаев пен Иван Дычко кездесуі 3:4 нәтижесімен аяқталды. Жеңіс соңғысына берілді. Алайда, Дычко екінші және үшінші раунд бойы Іргебаевты ұстаумен жүрді. Оған төреші ескерту жасап, ұпайын кемітуі керек еді. Бірақ, олай болған жоқ. Және де Р.Іргебаевтың екі-үш соққысы есепке алынбаған кезде жанкүйерлер шу көтерді. Осы салмақтағы жақсы өнер көрсеткен Руслан Мырсатаев та қазылар алқасы тарапынан дұрыс бағасын алған жоқ. Осындай кемшіліктер орын алды. Болашақта мұндай олқылықтарға жол берілмейді деп ойлаймын.
Бокс бүгінгі таңда қазақ спортының бетке ұстар түріне айналып отыр. Бәріміз жанкүйер ретінде қолдау көрсетіп, ел ішінен ту ұстайтын жігіттердің өсіп-жетілуіне қолдау жасауымыз қажет. Біз бокс өнерін өрге бастырып, әлемдік, халықаралық жарыстарда жеңіп шығып, Әнұранымызды шырқатып жүрген спортшыларымызға әрдайым тілеулеспіз. Осы чемпионаттың басты ерекшелігі дарынды жастар өсіп келе жатқанын көрсетті.
Жас ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстанып, оның сыртында белгілі бір спорт түрімен айналысып, ел намысын қорғап жүруі үлкен азаматтық іс деп білемін. Осындай азаматтардың Отанға, халқына деген сүйіспеншілігін жастарға тәрбие ретінде ұсынуымыз қажет. Патриоттық тәрбие Отанға, халыққа қызмет істесем деген ізгі ниеттен, нақты қадамнан бастау алады.
Ел біріншілігі жақсы ұйымдастырылды. Соңғы жылдары боксшыларға нақты қамқорлық жасалып, спортпен айналысуына толық мүмкіндік берілген. Бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз. Бұрын Бокс федерациясының облыстардағы филиалдары өз деңгейінде жұмыс істей алмаушы еді. Осы кемшілік қазір жойылған. Өңірлерде бокс саласына қажетті қаржы және ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру жолға қойылған.
Бүгін жарқылдап рингке шығып, ел ықыласына бөленген жігіттер 2012 жылы Лондон Олимпиадасында Қазақ елін әлемге танытады деген сеніміміз бар. Осы орайда бәріміз де спортшыларымыздың бабында болып, жеңіске жетуіне барлық жағдайды жасауымыз керек.
БІЗДЕН ДЕ БІР ТІЛЕК
Нұрғали САБЫРБАЙҰЛЫ, спорт жанкүйері, Астана қаласы:
– Өткен жылдары боксшылардың ұпайын көрсетіп тұратын есептеуіш алып тасталынады делінген болатын. Жанкүйер үшін ұпай саны шығып тұрғаны жақсы. Ал бапкерлер оны көрмеуі керек. Өйткені, бапкерлері тәлімгеріне әр раунд сайын: “Сен осынша ұпай жинадың, енді соқтырмай қашып жүріп, уақыт өткізуіңе болады”, дегендей кеңес беріп отырады. Екі боксшы кім ұтып жатқанын білмеуі тиіс. Сонда спортшылар жақсы өнер көрсетеді. Алаңға шықтың ба, соңғы секундқа дейін айқасуың керек! Әйтпесе, қос қолымен жауып алып, қорғанысқа тұрады да, бірін-бірі ұрмай, өгіздер секілді сүзіседі де жүреді. Бұл қандай бокс?! Бокс – шаршы алаңдағы тамаша өнер. Кезінде боксты Серік Қонақбаев өнерге айналдырған еді ғой. Серікте техника қандай, қолының әдемі соққылары, аяғының еркін қимылы көрген адамды сүйсінтуші еді! Рингтің төрт бұрышында ойнап жүріп өнер көрсететін-ді. Қазір ондай бокс жоқ.
Осы Қазақстан чемпионатында жастардың қаулап өсіп келе жатқаны байқалды. Бірақ жастар жеңіске жетеді деп, оларды қазірден ауыр сынға сала бермеу керек. Екі-үш жылдан кейін жастардың да күш-жігері таусылады. Адамның энергиясы шексіз емес. Осы жолы 18, 19 жасар жігіттер жеңімпаз атанды. Оларды енді ауыр жарыстарға салуда сақ болуымыз қажет.