Ал енді жуықта өткен ЭКСПО-2017 көрме алаңында мұнай-газ саласы мен машина жасаудағы жаңа ағымдар мен технологияларға арналып өткізілген конференциядағы сөзінде министр астаналықтардың көңіліндегі үміт шоғын қайта үрледі.
«Біз бүгін жас та, көрікті елордамызды газбен қамтудың мүмкіндігін қарастыру үстіндеміз. Оның түрлі жолдары бар. Бір нұсқасы – метанды, табиғи газды құбыр арқылы жеткізу болса, екінші нұсқасы сұйытылған табиғи газ арқылы қамту. Менің ойымша, маусым-шілде айларында Үкімет бұл жөнінде бір шешімге келеді», – деді Қанат Бозымбаев. Оның үстіне мұнымен де шектелмей:
«2030 жылдан кейін біздің елімізде газ дәуірі болады деп күтілуде. Соған орай алдымызда электр энергетикасының бір бөлігін газға көшіру жұмыстары күтіп тұр. Өйткені, еліміздегі көмірсутегі кен орындарынан газды молынан өндіруге болады. Оның үстіне, қазір босқа кетіп жатқан газды ақшаға айналдырудың мол мүмкіндіктері туындап келеді. Сондықтан бізге көгілдір отынға қажетті инфрақұрылымдарды қазірден бастап қамдап, сол кезеңге дайын тұруымыз керек» деп, ел өңірлерін газбен қамтуға қатысты тұжырымды ойларын да жеткізе кетті.
Демек, Астанаға газ жеткізу мәселесінде бір жақсылықтың нышаны сезілгендей. Өйткені министрдің сөзінде өзгеріс бар. Ал бұған не себеп?
Осы сұраққа өз бетімізбен жауап іздеп көрдік. Сонда бір байқағанымыз қазіргі жаңа технологиялар көгілдір отынды өндіру, өңдеу және тасымалдау ісін бұрынғыға қарағанда жеңілдете түскен. Осыған орай бірқатар сарапшылар энергетика саласындағы мұнайдан кейінгі аралық кезеңнің басты өнімі газ болады деген пікірлер білдірген.
Әдетте көгілдір отынның жер астында мұнаймен бірге кездесетіндігі белгілі. Біздің еліміз болса, мұнай қорларының молдығымен әйгілі. Өкінішке қарай, сол мұнаймен бірге жер бетіне шығатын газды өңдеп, тасымалдау жұмыстарының қиындығынан, олардың көбі ауаны босқа бүлдірмес үшін түрлі айдау жолдарымен қайтадан жер астына жіберіледі екен. Ал енді бір бөлігі кен орындарына таяу маңайда орналасқан өңірлер халқының тұрмыстық қажетіне жаратылуда.
Енді Қанат Бозымбаев айтқан Астанаға газ жеткізудің екі нұсқасына қайтадан келсек, оның біріншісі – құбыр арқылы жеткізу нұсқасына отандық «ҚазТрансГаз» компаниясының ынта танытып отырғанын білеміз. Қызылорда облысы – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша тартылатын құбыр арқылы жеткізілетін бұл көгілдір отынның әр текше метрінің бағасы, соңғы деректер бойынша, 61 теңгеден айналмақ.
Енді екінші нұсқаға келсек, оның да мүмкіндігі мықты. Бұл әдістің ерекшелігі алыс қашықтықтан табиғи газды тиімді түрде жеткізу үшін ол арнаулы операциялар арқылы сығымдалып, салқындатылады, сұйытыла түседі. Осылайша оның көлемін 600 есеге дейін сығымдауға болады. Сөйтіп, газды құбыр тартпай-ақ арнаулы жабдықталған кез келген көлік түрімен қажетті нүктеге жеткізуге жол ашылады. Кейінгі кездері «виртуалды тұрбақұбыры» деп аталып жүрген бұл нұсқаны бізге ресейлік компания ұсынып отыр. Ресейдің сұйытылған газы қазірдің өзінде Астананың газ рыногын жаулай бастады. Көптеген жеке үй иелері ауласына газгольдер орнату арқылы оны пайдалану үстінде.
Соңғы деректерге қарағанда, «Мем-сараптама» РМК «ҚазТрансГаз» ұсынған жоғарыдағы жобаны мақұлдап та үлгірген. Алайда, соңғы шешімді Үкімет айтатыны түсінікті. Бірақ қалай алып қарағанда да, енді оған тездетіп бір байламға келуге тура келеді. Өйткені, ендігі үнсіздік Астананың газ рыногын өз бетімен әрекет етуге алып келетіндігін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»