Кезінде Айзек Азимовтің роботтарға арналған үш заңынан басталған бұл қарама-қайшылық қазірге дейін өзінің шешімін таппай келе жатыр. А.Азимовтің роботтарға арналған үш заңын еске түсірейік: 1. Робот адамға зиян келтіре алмайды немесе өзінің әрекетсіздігімен адамға зиян келтіруге жол бере алмайды. 2. Бірінші заңға қайшы келетін бұйрықтар болмаған жағдайда ғана, робот адам берген барлық бұйрыққа бағынуы тиіс. 3. Бірінші және екінші заңға қайшы келмейтін аяда робот өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Робот адамның көмекшісі, оның еңбегін жеңілдететін және адам еңбегін алмастыратын құрал ретінде қарастырылып, өндірісте, ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету саласында көптеп қолданылып жатыр. Оған қоса ғалымдар мен зерттеушілер, өнертапқыштар шахмат ойнайтын, кубик-рубик жинастыратын, музыкалық аспаптарда ойнайтын, үй қызметіне көмектесетін, тіпті мақала мен көркем шығарма жазатын роботтар жасап, уақыт өткен сайын оларды жетілдіріп жатқанын естіп, көріп жүрсіздер. Қазіргі кезде зерттеушілер мен өнертапқыштардың алдында тұрған бірден-бір мақсат – адам интеллектісі деңгейіндегі жасанды интеллектіні ойлап табу. Жасанды интеллект (Artificial intelligence) «ақылды» технологиялар заманын тудырды және ол тоқтаусыз әрі қарай дамып барады. Қазірдің өзінде жасанды интеллект қолданатын бағдарламалар неше түрлі нәрсені жасайды: дауысты тану арқылы сөздің аудармасын, мағынасын тауып береді, сурет салады, хат алмасу барысында сізге көмекші болады, адамды суреті арқылы анықтайды, оған қоса медициналық жасанды интеллектілер де бар. Оксфорд университеті философия факультетінің профессоры және Адамзаттың болашағы институтының директоры Ник Бостромның «Жасанды интеллект» (Superintelligence: Paths, Dangers, Strategies, 2014) кітабында түрлі саланың сарапшыларына мына сұраққа жауап берулерін сұрайды: «Адам деңгейіндегі жасанды интеллект қашан пайда болады? Бұл жерде «деңгей» дегеніміз – орташа статистикалық адамның мамандықтардың басым бөлігін меңгере алу қабілеті». Осы сұраққа жауап іздей отырып автор өз қорытындысын жасайды және ол адамдарды қуанта қоятынына сенімсізбін. Ник Бостромның ойынша, жасанды интеллект біз ойлағаннан да тезірек пайда болады және оның бейтарап әсерінен гөрі, жағымсыз әсері басым болуы мүмкін. Сарапшылардың пікірін келтіре отырып бұл межені 2040-2050 жылдары болады деп болжайды. Бірақ осы зерттеу барысында жасанды интеллектіден қорқу немесе жамандық күтудің қажеті жоқ дегендер де бар болғанын атап өткіміз келеді. Ник Бостромның пікірінше жасанды интеллектінің басында баланың миы сияқты болады, бала сияқты ол да үйрене алады. Тоқтаусыз өзін-өзі жетілдірудің арқасында жасанды интеллект «суперинтеллектіге» (superintelligence) айналады. Cондықтан өз қателіктерінің негізінде үйреніп, жетілетін интеллект жасау маңызды. Жасанды интеллектіні қарны ашу, ыстығы көтерілу, жарақат алу, өміріне қауіп төну немесе балалы болғысы келу т.с. сияқты нәрселер қызықтырмайтыны айдан анық. Айта кетейік, америкалық ғалым Джон Серль робот машиналарда сана-сезім пайда болуы мүмкін емес деп есептейді, өйткені сана-сезім пайда болуы үшін адамның миында болып жатқан процестерге ұқсас физикалық, химиялық процестер қажет. Дегенмен, Бостром уақыт өте келе суперинтеллект тек құрал болудан қалады, өзінің қажеттеліктері бар тіршілік иесіне айналады деп жорамалдайды және адамзатты сақтау оның бірден-бір мақсаты болмауы да мүмкін екенін атап өтеді. Кітаптың алдыңғы беттерінде торғай туралы аңыз келтіріледі: қысқаша баяндасақ, баяғыда торғайлар өз жауларынан қорғану үшін көмектесетін жапалақ болса қандай жақсы болатынын айтып шықылықтайды. Оны торғайлардың ең үлкені Пастус қолдап, жапалақтың жұмыртқасын не ұядан құлап қалған балапанын алып келуге жан-жаққа шабармандар жібергісі келеді. Сонда олардың ішіндегі Скронфинкл атты торғай бұл әркетке күмәнмен қарап, ең алдымен жапалақтарды қолға үйрету жолдарын байыппен зерттеуіміз керек дейді. Бірақ Пастус: «жапалақтарды қолға үйрету оңай шаруа емес, ал оның жұмыртқасын табу одан да қиын, сондықтан алдымен жұмыртқаны тауып, басып шығайық, содан кейін тәрбиелеу мәселесін қарастырармыз», дейді. Сөйтіп торғайлардың көп бөлігі жолға шығады, оларға ермей сол жерде қалғандары да болады. Қалғандары жапалақты қалай қолға үйретуге болатынын зерттеумен айналысады, ол оңай болмайды, дегенмен жұмысты жалғастыра береді, өйткені жолға шыққан торғайлар олар шешімін таппай тұрып жұмыртқаны алып келе ме деп қауіптенеді. Автор бұл оқиға немен аяқталғанын білмейді, бірақ бұл кітабын Скронфинкл мен оның ізбасарларына арнайды. Адамның қолымен жасалған нәрсе, адамзатты жоюға алып келеді деуге сенгің келмейді, бірақ адам өзі жасаған машиналарды бақылау, тексеру мәселелерімен жан-жақты айналыспаса, оқиғаның қалай өрбіп кететінін айту қиын болатыны сөзсіз.
Бақытгүл Салыхова, педагогика ғылымдарының кандидаты