Трамптың бас ауруы
АҚШ Конгрессінің палатасы Ресейге қатысты жаңа санкция қабылдады. Жаңа заңнама бойынша, Ақ үйдің солтүстіктегі көршімізге қатысты санкцияны жеңілдетуіне тыйым салынған. Сондай-ақ, Конгресс палатасы Ресейді Иран және Солтүстік Кореямен бір қатарға қойып, АҚШ-тың сыртқы саясаттағы қарсыласы деп есептейді. BBC арнасының пікірінше, жаңа заң Ақ үй басшысы Дональд Трамптың Ресеймен қарым-қатынасын жақсартуға деген талпынысын қиындатып жібереді.
«Егер Сенат құжатты қабылдаса, Мәскеуге оң қабақ танытуға ниетті Президент Трапмтың бас ауруы болмақ. Президент заңға вето қоюы мүмкін, алайда ондай жағдайда Трамптың Кремльді көпе көрнеу қолдайтыны күмән туғызады деп есептейді журналистер. Дүйсенбіде Ақ үй хатшысы Сара Хакаби Сандерс Президенттің құжатты зерделеп, соңғы нұсқасы қалай болатынын қарап көрмек ниетті екенін айтқан-ды», – дейді BBC.
Сондай-ақ, бұл құжатқа сәйкес, АҚШ басшысы қандай да бір санкцияны жеңілдетуді қаласа, ең әуелі Конгресстен дәйекті дәлелдермен рұқсат сұрауы тиіс. Алда-жалда Трамптың өтініші Американың ұстанымына сай келмесе, Конгресстің оны қайтарып жіберуге құқығы бар. CNN-нің сөзіне сенсек, АҚШ Сенаты да санкцияға қатысты заңды қабылдауы ықтимал. Өйткені құжаттың бірінші нұсқасы көп дауыспен қолдауға ие болған-тұғын.
«Президент әлі күнге заңға қол қойып-қоймайтыны туралы нақты ештеңе айтқан жоқ. Кейінгі күндері Ақ үй шенеуніктері тарапынан түрлі ақпарат тарады. Баспасөз хатшысы Сара Хакаби Сандерс Президенттің жаңа заңды қолдағанын хабарласа, қоғаммен байланыс департаменті директоры Энтони Скарамукси Президенттің құжат туралы әлі де ойланатынын айтады», – деп мәлімдейді CNN арнасы.
Қытай әскерін жаңғыртады
Синьхуа агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Қытай президенті Си Цзиньпин елдегі әскери құрылымды реформалауды жоспарлап отыр. Агенттіктің айтуынша, жаңа реформа бүкіл халық пен Қытай коммунистік партиясын қорғау мақсатында жасалмақ.
«Цзиньпиннің айтуынша, мұқият әрі батыл жолмен жасалған ұлттық қорғаныс пен әскери реформа – әлеуетті армия құруға жұмсалған өте үлкен күш пен тарих сахнасындағы тарихи қадам. Реформа бойынша, елдегі әскер санын, құрылымын және жасақталуын, сондай-ақ ұлттық қорғаныс пен қарулы күштердің дамуына кедергі келтіретін құрылымдық түсініспеушіліктер оңтайландырылады дейді ол. Президенттің пікірінше, реформа қабылданса, Қытайдың армия көлемі азайып, қалған қолдың ұрысқа әзірлігі күшейтіледі», – деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Сонымен қатар, Қытай басшысы жаңа реформа бойынша Қытай әскерінің саны азайғанымен, сапасы артатынын айтады. Рейтер агенттігінің пікірінше, Қытайдың бұл қадамы елдің соғысқа құмарлығы жоқ екенін көрсетуге һәм әлемнің екінші үлкен экономикасын қорғауға арналған қадам.
«Алайда Қытай өзінің Шығыс және Оңтүстік Қытай теңіздеріне қатысты және әскери жабдықтарды жаңғырту жоспары арқылы айналасындағы Азия елдерінің жүйкесіне тиеді. Ұлттық азат етуші армиясының құрылғанына 90 жыл толуы орай сөйлеген сөзінде Си реформаның Қытай коммунистері үшін маңызды екенін айтты», – дейді Рейтер.
Ұлыбритания жанармаймен жүретін көліктен бас тартады
The Guardian газеті Ұлыбритания 2040 жылға қарай толықтай дизель және бензинмен жүретін көліктерді сатылымға шығармайтынын мәлімдегенін жазады. Басылымның мәліметіне сенсек, «Тұманды Альбионның» мұндай қадамға баруы көліктерден бөлінетін улы газдардың адам денсаулығына келтірер зияны орасан екендігімен байланысты.
«Үкімет гибрид машиналарды да қамтитын мұндай қадамның қабылдануына ауаның ластануының адам денсаулығына тигізер зияндығы орасан екендігі себеп болғанын ескертеді. Министрлер ауа ластануы кесірінен еңбек өнімділігі өткен жылы 2,7 миллиард шығынға ұшырағанын айтып, жоба Ұлыбританиядағы халық денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді деп есептейді.
Жалпы мұндай қадамға ең әуелі Франция барған болатын. The Guardian «үш жолақты елдің» Президенті Эммануэль Макрон бұл жобаны климатқа қатысты «Франция келісімінен» кейін қабылдағанын жазады. Басылымның мәліметіне сүйенсек, ауаның ластығы жыл сайын 40 мың адамның өліміне себеп болуы ықтимал. Ал Лондон мэрі Садық Хан жыл сайын шаһарда 9 мыңға жуық тұрғын көліктен бөлінген улы газдың кесірінен көз жұматынын айтады. Ұлыбритания ауаны аз ластайтын алпауыт елдер қатарында. «Тұманды Альбионнан» бөлінген түтіннің жан басына шаққандағы көлемі де көп елден әлдеқайда төмен. Әйтсе де, Ұлыбританияның қазірден мұндай қадамға баруы ел тізгінін ұстаған азаматтардың халықтың жағдайын ойлайтынын көрсетсе керек. Бұл – басқаларға үлгі болар игі іс екені анық.
Фото: theguardian.com