Адамзат тарихындағы өркениетке өрлеу, ғылыми жаңалықтарды мейлінше жан-жақты ашу ХХ ғасырда қол жеткізген ізденістерден саналары анық. Талай жылдар бодандық қамыты мойнына ілініп, өзге ұлттарға қарағанда кемсітуді көп көріп, кембағалдық запыранын ішкен де қазақ халқы екендігі өткен тарихтан белгілі. Аштық жайлаған сормаңдай елге айнала беруіміз бен соғыс өрті шарпып талмаусыраған кеп киюіміз заңдылық аясына сыя алмайтын құбылыс дегенмен, отыз жетінің сойқаны елдің бетке ұстар біртуар ұлы перзенттері мен жаңа көктеп жайқала гүлдеген жас өркенді тып-типыл тұқымымен құртуы – жұмыр басты пенденің көрген кесапатының ең зоры. Халқына жан-тәнімен еңбек етіп “халық жауы” атануы ешкім түсінбейтін, түсінуге де мүмкін емес құпия тылсым еді. Отыз жасқа ілінер-ілінбестен көгенге тізілгендей қоңыраулатып жұрт көзіне масқаралап, шетінен тізіп атып тастау асқан қатыгездік қой. Қазақ тарихындағы қаралы отыз жетінің құрбандарының бірі Шәймерден Тоқжігітов еді.
Ол – төңкерістен соң іле-шала дүниеге келген қазақ баспасөзінің ірі қайраткерлерінің бірі. “Өнер алды – қызыл тіл” деп білген халқымыздың асыл өнерін өрге сүйреген қаламы жүйрік азамат еді.
Мұралардың ең қымбаты – сөз. Қымбат сөздің, киелі сөздің құдіретіне табынған Ш.Тоқжігітовтің қазақ баспасөзіне, ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы қалыптаған көсемсөздің хас жүйрігіне айналуы қоршаған орта тағылымымен өзектес. Ұлы Абайды күллі әлемге сыйлаған қарт Шыңғыс, Шәкәрімдей дарияны толғатқан кемел Шыңғыс, ең ақырында Мұхтардай данышпанды жер жаһанға тарту еткен дархан Шыңғыс көкірегінде сәулесі бар келер буынның қаулап өсуіне алғышарт жасап кеткені әмбеге аян. Шын өнер иесінің уызына жарып, ана сүтінің нәрлі қорегіне қоса туған жердің жусан иісті ауасы мен қасиетті топырағынан нәр алуы айтылып келе жатқан шындық. Задында, туған жерден бойына керек қасиеттерді сіңіріп өсу, еміренген ана омырауының ақ сүтімен адалдық, ерлік сипаттардың даруы – қазақ тәрбиесінің басы.
Ұлыларды жаратқан елдің перзенті болу – болашақ қалам иесінің тағдыр-талайын анықтауға ықпал жасағандығы дау туғыза қоймас. Ел адамдарының өнегелі сөзін кісілік жүрегімен қабылдап есейді кейінгі буын.
Шәймерден Омарұлы Тоқжігітов 1901 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Семей уезі, Шаған болысында қазіргі Абай ауданының Саржал ауылында дүниеге келген. Омар дөңгеленген шағын шаруасы бар, сөзіне берік, ісіне тиянақты, байсалды адам болған деседі көзкөргендер. Қазақтың ірі ауқатты адамы, меценат Қаражан Үкібаевтың тәрбиесін көрген. Қандас туыс Омарды бірсөзділігі, турашылдығы үшін Қаражан Үкібаев жақсы көріп, жақын ұстаған. Баласы Шәймерденнің ауыл мектебінде сауатын ашып, кейініректе Семей қаласындағы түрлі қазақ, орыс мектептерінде оқуына мүмкіндік туғызған.
Қала өміріне араласып, өркениеттің шет пұшпағын тани бастауы оның қалыптасу, жетілу жолында өшпес ізін қалдырған. ХХ ғасырдың басында Қазақстанның ең көрнекті, ең елеулі мәдениет, білім орталығына айналған Семей қаласы бала Шәймерденнің бұғанасы қатып, буыны бекуіне, көз ауласының кеңеюіне ықпалын тигізген.
Шәймерден Омарұлы өзі ғана оқып қоймай көңілі ояу көкөрім буынға жол нұсқаған. “Шәймерден елге келіп жүргенде жыл сайын топтап балаларды қалаға алып кетіп, оқуға орналастырып отырады екен. Оның ықпал жасауымен Машан, Самай, Саржал, Жасар бастауыш мектептері салынып, балалары оқуға тартылады. Өзінің туған ортасына Ш. Тоқжігітов жүрегінің оты бар, қызуқанды халық қамқоршысы ретінде көрінеді”, – дейді естелік жазбасында Мұқан Асқаров.
Әрі қарай, жиырмасыншы ғасырдың 20-30 жылдары кеудесінде саңылауы бар зиялы ұрпақ басынан кешкен өмір көші. Он тоғыз жасында коммунистік партия қатарына қабылданады. Төңкеріс жеңгеннен кейін Кеңес өкіметінің саясатына бел сыбанып араласады. Әсіресе, баспасөз майданына аянбай атсалысады.
Қазақ кеңес баспасөзінің қарлығаштарының бірі – “Қазақ тілі” (қазіргі “Семей таңы”) газетінде шыңдалады. Замана саясатын насихаттаған, түсіндірген көптеген мақала, очерктерінің дүниеге келуі сол шақ. “Қазақ тілі” газетінің алғашқы редакторы (1919-1921 жылдар) белгілі педагог, журналист Мәннан Тұрғанбаев, одан соңғы (1921-1922 жылдар) Мұхтар Әуезов болды. Мұхтардың қызметі сол кездегі Қазақстан астанасы Орынбор қаласына ауысқан соң “Қазақ тілінің” редакторлығына Ш.Тоқжігітов тағайындалған.
Газеттің мағыналы, маңызды болып шығуына қалам қайратын аямаған Шәймерден Омарұлын шығуына бес жыл толуына арналған мерейтойлық мақалада айрықша бағалаған: “Шәймерден жолдас кіріскеннен кейін “Қазақ тілі” байлаулы саяси бағыт ұстанып, бетін жұмысшыларға қарай аударды, қалың ел кедейіне қарай бұрылды. Қазіргі күнде марксшілдік қисыннан, лениншілдік жолдан ауа баспайтын анық әлеуметшілдігі бар, өткір тілді, жүйелі сөзді, шебер жазушымыздың төрден орын аларлықтайы осы Шәймерден жолдас”.
“Қазақ тілі” – төңкерістен соң іле-шала дүниеге келген газет. Өкінішке орай газеттің бірінші саны күні бүгінге табылмай отыр. Қазақ тілінің мерейтойына арналған “Бес жылдыққа бес тілек” мақаласына (1924, №120, 519) құлақ салайық: “Міне, алдымыздағы төртінші декабрьде “Қазақ тілі” беске толады. “Қазақ тілінен” жасқа келгенде үлкен қазақша газет жоқ. Басқарма бес жылдық мүшелін атқаруға дайындалып жатыр.
Бесжылдық мүшелді күннің ұлы тілегі газеттің маңызын көтеріп, жергілікті халыққа ұғымдылық жағынан жақындастырып, ел пайдасына шығаратын шын қарулық дәрежесіне жеткізу”, – деп нақты мақсат қояды. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мәннан Тұрғанбаев сынды қаламгерлер басқарған газеттің айтулы ұйымдастырушысы Шәймерден Тоқжігітов. “Қазақ тілі” газетінің өзі бағалағандай, редакторлық қызметке “алғашқы кіріскен кезде, бұрын үйреншікті болмаған іс Шәймерден жолдасқа әжептәуір қиынырақ тәрізді көрінді. Бірақ қажымас қайрат, сөнбес жігер, дауылдай лапылдаған жалынды жас күш еріксіз үстемдік алып, Шәймерден жолдас көп кешікпей іске төселіп кетті”.
Кадр тапшылығынан газеттің әр санында бір немесе бірнеше мақаласы жарияланатын жағдай қалыптасты. “Қазақ тілінің” сарғайған беттерін парақтап отырғанда оның қилы тақырыптар мен түрлі тағдырларды қозғайтын бірнеше жүз мақаласының бар екендігін айтуымыз шарт. Аты-жөнін көрсетпеген, басмақала реуішті дүниелер қаншама?! Егерде Тоқжігітов кітабын шығарар күн туса, солардың ішінен күні бүгінге маңызын жоймаған мақалаларын теріп алса үлкен жинақ болары сөзсіз. Бұл арада Тоқжігітов мұрасына күдікпен қараудың реті жоқ. Әрине, бүгінгі істің ертең тарих қойнауына жол алары, күні кешегі жақсы бастаманың ертең бағасының кемуі, яғни адам өміріндегі, қоршаған ортадағы құндылықтардың объективтік себептерге сәйкес өзгеріске түсуі әбден мүмкін. Бүгінгі құнды дүниеміздің ертең түкке жарамай жатуы кездесіп, бастан өткеріп отырған шындығымыз ғой. Әсіресе, сан салалы, тарам-тарам бағамдаулар баспасөз арқалар жүкке тірелгенде уақыт кеңістігінің ықпалымен асылдың жасып, жасықтың құны асатын шақтар да, өкінішке қарай, бой көрсететіндігін жасыра алмаймыз. Төңкерістер дәуірінде қоғамдық қалып пен әлеуметтік дамудағы біркелкілік, тұрақтылық сақталмаған тар жол, тайғақ кешулі саясат майданында сырттан бақылаушы емес, нағыз қиян-кескі қақтығыстарға бел шешіп кіріскен ғажайып көсемсөз қайраткері Шәймерден Тоқжігітов мұрасының таңқалдырар озықтығы да, әттеген-ай дегізер кемістігі де заманының жемісі. Оның шыққан биігін де, кем соққан тұстарын да тек қана бүгінгі тарихи сана өлшемімен таразыламай, “Уақыт” атты құдыреттің деңгейімен орайластыра белгілеуіміз шарт. Бұл – қағидатты мәселе.
Өркениетті істердің ошағы Семейде 1925 жылы “Таң” журналы шығып тұрған. Журналдың басы-қасында Мұхтар Әуезовпен қызметтес болған Ш. Тоқжігітов үлкен еңбек атқарып кетті. Небәрі төрт саны ғана шыққанымен, онда жарияланған материалдар күні бүгінге тарихи-этнографиялық, әдеби-көсемсөздік мағынасын жойған жоқ.
Ғасыр басында қазақша кітап басу ісінің бастауында тұрған, “Жәрдем серіктігі” аталатын арнайы баспахана ұйымдастырылған, онда оннан астам қазақ тіліндегі кітаптар жарық көрген, “Сарыарқа” газеті мен “Абай” сияқты тарихи басылымдар ел игілігіне айналған, 20-жылдарда қазақша, орысша, татарша көптеген газеттері болған. Семейде журнал жұмысын ұйымдастыруға қолайлы жағдайлар бар еді. Оның үстіне ұлт зиялыларының бетке шығарлары шоғырланған Семей қаласының рухани-шығармашылық мүмкіншілігі де биік дәрежеде екендігі дәлелдеуді тілемейтін шынайы шындық.
“Таң” журналының дүниеге келуіне тікелей қатысты деректі Семей қаласындағы мұрағаттар қорынан кездестіреміз.
Протокол №13
заседания коллегии агитпрома
губкома РКП (б)
от 6 ноября 1924 г.
Повестка дня:
4. Об издании Киржурнала
1) В принципе не возражать и считать необходимым;
2) Подыскание средств, выработку плана и название поручить тт. Джантлеуову, Шанину и Ауэзову, каковым поручить сделать доклад на следующем заседании коллегии;
3) Комиссию, считать за т. Джантлеуовым.
Председатель Токжигитов
Секретарь Воронцов
(Р.1, оп. 1, д.930, л.110)
Қазақ тарихындағы ірі үш тұлға – Семейде қызметтес, пікірлес, сыйлас болған, қарым-қатынастары байсалды қалыпта өткен. Мұхтар Әуезов губкомда, әрі Семейде ашылған халық ағарту институтында (СИНО) оқытушы, Жұмат Шанин жер комиссиясының төрағасы, Шәймерден Тоқжігітов губерниялық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, “Қазақ тілі” газетінің редакторы. Алматыдағы М.О. Әуезов музей үйінде сақтаулы қолжазбада: “1925 жылы Семейде “Таң” журналын шығардық. Сонда бірнеше әңгімелерім басылды. Сол қыста “Қаракөзді” жаздым”, – деп тиянақтап көрсетеді ұлы жазушы.
Қаражат тапшылығы журналдың жүйелі шығуына қолбайлау жасаған. 1925 жылы небәрі төрт-ақ саны шығып, өмір сүруін тоқтатқан. Саясат, шаруашылық ісіне, мәдениет, әдебиет, өнер мәселелеріне назар аударған “Таң” журналы елеулі қызмет атқарып кетті.
Журналдың бірінші санындағы Шәймерден қол қойған көлемді мақала – “Біздің жол”. Автор мұнда журналдың алдында тұрған мақсат пен уақытындағы саяси ахуал, таптық күрес, Кеңес өкіметінің жеңісін баянды ету сияқты өзекті тақырыптарға жеке-жеке тоқталады. Қоғамның алдындағы міндет пен журнал қайраткерлері жазуға тиісті проблемалар көптің сынына ұсынылады.
Ш.Тоқжігітов соңғы екі мәселеге – қазақша іс жүргізу және көп қаулы қабылдағаннан гөрі олардың іске асуын қадағалау жайларына шұқшия түседі. Бұл – күні бүгінге маңызын жоймаған, маңызын жоймағаны былай тұрсын, бүгін, ертең күн тәртібінен түспеуге тиіс соқталы дүниелер екендігін өмірдің өзі дәлелдеп көрсетуде.
“Қазақстандағы партия, кеңес, шаруа, сауда һәм кәсіпшілдер мекемелері қазақтың өзінше сөйлесіп, көптің қамына жақындасып қойындаса алмай келеді дейміз. Бұларға ем есебінде қазақ тілін жүргізу, мектептер ашу, ауруханалар жасау, шаруаға қарыздар беру, жерге орналастыру тақырыпты толып жатқан қаулылар көп. Қаулылар мол, гәп – іске асуында. Елді сөзбен желбуаз қылуға болмайды. Заң, қаулы, керекті сөз – бәрі де іске асуымен көркем-ді. Олай болса, ендігі борыш сөзді қойып іске қарай бет алу. Бұған барлық күшті салу. “Мектеп саламыз” деп қақсаған толып жатқан қаулылардан көп қазақтың көзіне салынған бір мектеп артық”.
Көсемсөздің шебері Ш.Тоқжігітов нандыра сөйлейді. Саламыз! Істейміз! Жасаймыз! Шынтуайтында, тындырымына жеткен нақты бір іске татитын не бар?! Көсемсөз табиғаты шарттылықтан гөрі нақтылықты қалайтынын қапысыз ұғынған.
Журналда саяси-бұқаралық сипаттағы Шәймерден Омарұлы мақалалары кездеседі. Бір ескеретін жағдай – көптеген материалдарға, әсіресе басмақалаларға оның қол қоймай кетуі де әбден мүмкін. Сондықтан қарастыра түскен дұрыс.
Ш.Тоқжігітов халық әдебиеті үлгілерін жинақтау ісіне де мән берген. “Таң” журналының екінші санында ел аузынан теріп алған “Төлеңгіт Тәңке батырдың сөзі” зерттеушілер назарынан күні бүгінге тыс келеді. Адам өмірінің кезең-кезеңдеріне сипаттама беретін тұжырымды толғаулары қашан да кәдеге жарарлық. Дәстүрлі шешендік толғау поэтикасының бедерлі белгілері айқын аңғарылады.
Он бес деген бір жаста
Күмістен тартқан сымдай екенсің.
Жиырма бес деген бір жаста
Құбыладан соққан желдей екенсің.
Отыз бес деген бір жаста
Ағар бұлақ көздей екенсің.
Қырық бес деген бір жаста
Айдын шалқар көлдей екенсің.
Елу бес деген бір жаста
Жайлаудан қайта көшкен елдей екенсің.
Алпыс бес деген бір жаста
Ел жайлап тастаған жердей екенсің.
Жетпіс бес жер екен
Сексен бес сор екен!
Тоқсан бес тор екен
Торға түскен құстың соры екен.
Алтыннан тоқпағың,
күмістен піспегің болса да
Кәрілікке дауа жоқ екен.
Халықтың мұра қасиетін ұғынып, ұрпақтар санасына құю қажеттігін сезінуі білімдар жандар үлесіне тиесілі мінез.
Дәл осы санда “Асан Қайғының жерге қойған сындарына аз түзету” атты Ш.Тоқжігітовтің ел аузынан жазып алған сөзі жарияланған. Бұл – “Таңның” бірінші нөміріндегі (87-89 беттер) Рақымжан Жаманқұлұлының баспаға ұсынған “Асан Қайғы желмая мініп желдіртіп, Сарыарқаны аралап жүргендегі жерге қойған сындары” ескілікті сөзіне берген түзетуі, басқаша айтқанда, Ш.Тоқжігітов жинақтаған өз алдына бөлек нұсқасы.
Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен Абай мен оның ақындық айналасына қатысты көптеген материалдардың тасқа түсуіне Шәймерден ыждаһатпен қараған. “Абайдың басылмаған сөздері”, “Абайдың басылмаған қарасөздерінен”, “Абайдың жарияланбаған өлеңдері” айдарымен жарық көрген ұлы ақынның мұралары оның асыл қазынасын оқырман қауымға насихаттаудағы көрнекті жұмыс екендігі даусыз.
Шәкәрім, Тұрағұл, Көкбай, Әсет, Кемпірбай төңірегіндегі деректер де оқырманға жөн сілтерлік. Ал М.Әуезовтің ел ескілігі мен көз көргендердің аузынан жазып алғандарынан басқа “Қайғылы жетім”, “Қазақ қызы”, “Бүркіт аңшылығының суреттері”, “Ескілік көлеңкесінде” сияқты төлтума шығармалары әдебиеттегі жаңа үрдіс, тосын әуеннің құлақбұрауындай соны естілгені анық. “Таң” журналы мен оның маңына топтасқан шығармашылық ұжымның атқарған тарихи қызметі әлі де зерттелуі керек.
Зерттеуші ғалымдар Х.Бекқожин, Т.Қожакеев, Ә.Жиреншин, Ү.Сұбханбердина, тағы басқалары Шәймерден Омарұлының “Еңбекші қазақ” (“Егемен Қазақстан”) газеті редакторының орынбасары қызметінде жемісті еңбек атқарғандығын сөз етеді. Кейбір деректерде Тоқжігітовтің аталмыш газет редакторы болғандығы айтылады. Соңғы дерек мұрағаттық деректермен нақтылана түссе құба-құп.
Қаламы төселген журналист Ш.Тоқжігітов “Еңбекші қазақта” 1925-1930 жылдары “Тіл тақырыбы”, “Әдебиет мәселелері”, “Тоқсан тобы” туралы”, “Қазақ театрына екі жыл” сияқты көптеген заманның аса зәру көкейкесті мәселелерін көтерді. Қазақ тілі, мәдениеті төңірегіндегі ордалы ойлар “Еңбекші қазақ” бетінен оқырмандар жүрегіне жол тартты.
Ш.Тоқжігітов басқарған тағы бір баспасөз тумасы – “Жаршы” журналы. Қазақ кеңес энциклопедиясының төртінші томынан төмендегі деректермен танысамыз: “Жаршы” – Қазақстан орталық жаңа әліппе комитетінің қоғамдық-саяси және көркем әдеби журналы. 1929 жылдың январынан 1930 жылдың декабріне дейін Қызылордада, соңынан Алматыда латын әрпімен айына бір рет шығып тұрды. Редакторы – Б.Майлин. Барлығы 17 нөмірі жарық көрді. Тиражы – 13 мың дана. Журнал негізінен жаңа әліппені насихаттап, латын, араб әріптерін салыстыра көрсетіп, еңбекші халықтың сауатын ашуға көмектесті. “Жаршыда” қазақ ақын, жазушыларының өлеңдері мен әңгімелері, орыс жазушыларының еңбектерінен үзінді жарияланды. Ендеше, “Жаршыға” басшылық жасаған жылдардағы Шәймерден Омарұлы еңбегі зерттеуді тілейді.
Ш.Тоқжігітов қаламынан шыққан 4 кітап – “Еңбекшілер көсемі – Ленин”, “Ел қорғау міндеті”, “Жол көріністері”, “Күріш” жазушының келер ұрпаққа қалдырған мұра-тумаларының маңыздылары, қомақтылары. Жазушылық мақсаттан гөрі әлеумет, қоғамдық орта кесе-көлденең алдыға тартқан көкейкесті мәселелерге шұғыл жауап беру үдесінен шығуды көздегендігі бесенеден белгілі. Өз уақытының сұранысын толығымен өтеген. Бүгін де ескіріп тұрған жоқ. Қайта қайрылар, түйіндер, бірігіп ақылдасар ойлар, көп болып шешер жәйттер баршылық.
“Еңбекшілер көсемі – Ленин” 1924 жылы Семей қаласында жарық көрді. В.И.Ленинге арналған қазақ тіліндегі алғашқы еңбектердің бірі. Кітап шыға сала Мәннан Тұрғанбай шағын ғана сүйінші хабар жариялаған: “Басқармада Ленин жайын жазған қазақша кітап сатылады. Өзі аз. Тез алып қалыңдар” (“Қазақ тілі” 1924, 11 март, 29(428)). Небәрі 3000 данасы ғана басылған кітап кімге жетсін, бірнеше күнде тарап кеткен.
Кеше ғана “көсемшіл” болғандардың бүгін В.И.Ленинге үрпие қарап, үрке бойын аулақ салуы қандай түсініксіз, бұлдыр түсінік десек те, мақтамай да даттамай, артық айтып, кем қалмай оның тарихтағы бағасы берілері сөзсіз. Ал жиырмасыншы жылдардағы баға өзгеше еді. Тура 1924 жылдың қаңтарында Ленин дүниеден қайтқанда бұрынғы Кеңестер Одағының қарамағындағы барша ұлт пен ұлыс қаралы күйді бастан кешкендігі асырып айтқандық емес. Шәймерден кітабы Ленин қазасынан соң іле-шала жазылған. Бірақ аударма кітап емес. Ленин жөніндегі газет-журналдардағы, саяси кітаптардағы, зерттеулердегі, оқулықтардағы, көркем әдебиеттегі материалдарды іріктеп алып кітабын жазу үстінде еркінше пайдаланған.
“Алдымен оқушыларымыздың есіне салатын бұл кітаптың ішінде көрсетілген оқиғаларды көбінесе жазылып жүрген кітапшалардан, айтылып, басылып жүрген тарихтардан алдық, – дей келіп кіріспе сөзде , – төңкерістің тарихын білу, ілгері істеріне шын бейілмен беріліп көмекші болу, тағдырыңды шешіп зұлматтан құтқарып, әділетке сүйреген күшті сыйлап, ол күшке күшіңді қосып, оның жолындағы кедергілермен тартынбай тартысқа түсу – адамшылықтың борышы. Олай болса, біздің қазақ жұрты да шеттен қарап пайдаланушы ғана болып қалмайды. Тарихты білу бар. Тарихтың нұсқаған жолымен жүру бар. Біз біліп қана қоймай, адамшылықтың түзу, тура жолына түсіп, жалпының қамы үшін істеліп жатқан іске қараушы ғана емес, қалаушы болып кірісуіміз қажет” екендігін қадап айтады. Бұл бір Шәймерденнің танымы, ұйып сенуі емес, барша жұрттың ой-тілегі болатын.
“Ел қорғау міндеті” 1927 жылы Қызылорда, Ташкент қалаларында басылып шықты. Елді қорғау, елдің тыныштығын сақтау – ежелден әрбір халықты толғантқан тақырып. Төңкерістен соңғы ауыр жылдарда күн тәртібіндегі аса зор мәселе елді қорғауға келіп тірелетін. Көзі ашық, саяси сауатты, әр істі алда тұрған келелі міндеттермен тығыз ұштастыра қарауды дағдысына айналдырған Тоқжігітов бұл тақырыпты да жан-жақты қарастырады. Жазушы арнауында: “Жас тілекті, ер жүректі ұландар, Ел қорғаны, ер қырандар! Қызыл әскер мектебіндегі еңбекші қазақ жастарына арнадым”, – деп нысанасын ашық байқатады. Ел қорғау абыройы жастардікі екендігін оқырманға ежіктеп жеткізеді.
Ш.Тоқжігітовтің келесі кітабы – “Жол көріністері” (Самарқан-Ашғабад-Баку) Қызылордада 1929 жылы шыққан. Автор туысқан республикалардағы ел өмірімен, халық тұрмысымен түрлі жиындар мен мәжілістерге жолы түсіп, сапарға барған шақтарда танысқан. Мұнда да саяхатшы Тоқжігітов емес, журналист, жазушы, қайраткер азаматтың көрген-білгеннен түйгендері, қилы салыстырулары сәтті өрімделген. Туған топырақтағы құбылыстармен егіздеу, деректі нақтылық пен талғамды байқампаздық кітаптың арқалаған жүгін жеңілдетіп, мақсатты биіктен табылуына қолайлы жағдай жасаған.
Жиырмаға толар-толмастан партияға мүшелікке өткен, губерниялық, уездік, партия комитеттерінің басшылығына сайланған, баспасөздің ғажап ұйымдастырушысы, өлкелік, бүкілодақтық партия жиындарының делегаты, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) мүшесі Шәймерден Тоқжігітов – еңбегімен қайраткерлік деңгейге көтерілген жан.
Шәймерден Омарұлы – Қазақстан тарихындағы елеулі тұлға. Небәрі 36 жыл жасап, отыз жетінші жылдың құрбаны болған азамат қыршынынан қиылғанша аянбай маңдай терін төгіп өтті бұл пәниден.
Арап ЕСПЕНБЕТОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.Семей.