ТОЛҒАҚТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАШАНДА БАҚЫЛАУДА
Мемлекеттің қарқынды дамуы үшін әр өңір белгілі бір талап үдесінен шыға білуі тиіс. Бұл еліміздің түрлі деңгейдегі әкімдерінің, яғни жергілікті билік органдарының біліктілігі мен олардың атқарып отырған жұмыстарының жүйелілігімен өлшенетіні сөзсіз. Соңғы уақытта жыл сайынғы дәстүрге айналған әкімдердің халық алдындағы есеп беруі – осы мақсатты көздейді.
Астана қаласындағы Есіл ауданының әкімі Қайрат Жаңабергеновтің аталған ауданның 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты есептік кездесуінде халық көкейіндегі маңызды мәселелер жан-жақты айтылып, болашаққа бағыт-бағдар жасалды. Бұл кездесуге Астана қалалық мәслихатының хатшысы Владимир Редкокашин, Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун, сондай-ақ орталық атқарушы органдарға қарасты қалалық басқармалар жетекшілері қатысты. Бұл күнгі әкімнің есептік кездесуіне халық та көп жиналды.
Есіл ауданы Мемлекет басшысының Жарлығымен 2008 жылдың 5 тамызында құрылған-тын. Десек те, құрылғанына аз ғана уақыт болған бұл ауданның алдында тұрған мақсат-міндеттер орасан. Мұны аудан әкімі Қайрат Жаңабергеновтің халық алдындағы есепті кездесуінде айқын аңғардық. Яғни, бүгінде жас ауданға артылар жауапкершілік жүгі ауыр-ақ. Арнайы статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, қазіргі таңда Есіл ауданындағы халықтың жалпы саны 180 мыңға жуықтайды екен. Ал сол бірнеше мыңдаған халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс-тіршілігінің қай деңгейде болатыны ендігі кезекте аудан әкімінің қарым-қабілетіне тікелей байланысты.
“Елбасы тапсырмасына сәйкес, жергілікті жерлердегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беруі 6 жыл бойы жақсы дәстүрге айналып келеді. Бұл – бірінші кезекте атқарушы билік пен халық арасындағы үнқатысуға құрылған шара. Сол себепті, мұндай кездесулерде біз өзіміздің атқарған жұмыстарымызға сіздер арқылы сын көзбен қарап, болашаққа жоспар жасауға мүмкіндік аламыз, – деді Қайрат Мырзаханұлы өз сөзінде. – Өткен жыл әлемді тегістей жайлаған дағдарыс толқынының күш алуымен ерекшеленгені белгілі. Банк жүйесіндегі қаржы көлемінің азаюына байланысты құрылыс индустриясы және кейбір ірі өнеркәсіп орындары тоқтап қалды. Ал бұл өз кезегінде жұмыс қарқынын да едәуір төмендетті. Осының салдарынан жұмыс орындары мен жалақы мөлшері қысқарып, халықтың төлем қабілеттілігі азайды, шағын және орта бизнес нысандарының өнімдері мен қызметтеріне деген сұраныс күрт азайды”. Осылай дей келе Қ.Жаңабергенов бұл өз кезегінде қала қазынасының кіріс бөлігін төмендетпеу үшін кейбір бюджеттік бағдарламаларды қысқартып, кейінгі жылдарға ауыстыруға әкеліп соққандығын, алайда мемлекеттің дер кезінде қолға алған шаралары дағдарыстың бетін қайтаруға сеп болғандығын атап көрсетті. “Мәселен, Елбасының стратегиялық саясаты арқасында бірқатар маңызды бағдарламалар қолға алынды. Солардың қатарына “Жол картасы” бағдарламасын жатқызуға болады. Бұл жұмыссыздықпен күрес мәселесінде үлкен рөл атқарды”, деді аудан әкімі. Оның айтуынша, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша ауданды қаржыландыру 496 млн. 510 мың теңгені құраған екен. Бұл ретте әр түрлі қоғамдық жұмысқа 324 адам тартылған. Аудан аумағын абаттандыруда айтарлықтай шаруалар атқарылған.
Бұдан кейін аудан әкімі өз сөзінде құрылыс саласында атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Мәселен, 2009 жылы Есіл ауданы бойынша барлығы 44 жаңа нысан бой көтеріпті. Олардың арасында “Олимп палас”, “Ақжайық”, №3 қала құрылысы кешені секілді бірқатар тұрғын үй кешендері бар. “Елорданың 11 жылдық мерейтойы қарсаңында бірнеше бірегей нысандар ашылды. Олар 30 мың орындық жабық стадион, республикалық жедел-жәрдем медициналық ғылыми орталығы, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының әкімшілік ғимараты. Ал Тәуелсіздік күніне орай 3500 орынға арналған “Қазақстан” әмбебап киноконцерт залы, “Азия парк” сауда және ойын-сауық орталығы, әйелдер консультациясы бар перзентхана ашылды”, деді әкім өз сөзінде. Осылай дей келе Қайрат Мырзаханұлы Есіл – Астананың орталық, элиталық және негізгі әкімшілік ауданы болғандықтан, өздеріне қойылар талап та жоғары екендігін баса айтты.
Қ.Жаңабергенов аудан тұрғындарына ономастикалық бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де баяндап берді. Мәселен, жас ауданның нөмірленген көшелері бұған дейін атаусыз болып келгендіктен, 2009 жылы аудан бойынша 83 көшеге атау беріліпті. Ал осы жыл ішінде ауданға қарасты үйлердің жақтауларына 689 дана аншлаг орнатылған. Бұл өз кезегінде өрт сөндіру, жедел медициналық көмек секілді қызмет түрлерінің жұмысын жеңілдеткен.
Өзінің есептік баяндамасында аудан әкімі әлеуметтік сала бойынша басы қайырылған іс-шаралар жөнінде де ақпар беріп өтті. Мәселен, ауданда Тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектебін қоса есептегенде 5 жалпы білім беретін мектеп орналасқан. Болашақта олардың қатарын ұлғайту басты назарда тұр. Бұған қоса Есіл ауданында көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылар, мүгедектер, зейнеткерлер сияқты халықтың әлеуметтік топтарымен жұмыс істеуге баса назар аударылып келеді екен.
Бұл күнгі кездесу кезінде әкім аудан алдында әлі де шешімін таппаған мәселелер тұрғандығына да тоқтала кетті. Оның айтуынша, ауданда балабақша мен мектептер, мемлекеттік спорт кешендері мен емханалар жетіспейтін көрінеді. Осыған сәйкес, 2010 жылы 4 жаңа балабақша құрылысы аяқталмақ. Бұған қоса, 1200 орындық 2 мектеп пайдалануға берілетін көрінеді.
Есіл ауданы әкімімен кездесу кезінде тұрғындар да көкейлерінде жүрген түйткілді мәселелерімен бөлісуге мүмкіндік алып, өздерін толғандырған сауалдарын да қойып жатты. Бір байқағанымыз, аудан халқын көбінесе әлеуметтік жағдай мазалайды екен. Мәселен, кездесуде мүгедек балалардың тыныс-тіршілігі, қаладан шеткерірек орналасқан ескі үйлердің ешбір талапқа сай келмейтіні, мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігі, тұрғындар “7 бөшке” деп атап кеткен тұрғын үй кешенінің талап үдесінен шықпауы, “Триумф Астаны” секілді тұрғын үй кешендеріндегі қызмет көрсету тарифтерінің тым жоғары екендігі және кейбір көп қабатты элиталық үйлерге жылудың дұрыс берілмеуі секілді мәселелер көлденең тартылды. Аудан әкімі өз кезегінде бұл мәселелерді өз бақылауында ұстайтындығын және олардың шешілуін үнемі қадағалап отыратындығын жеткізді. “Әрине, көптің көңілін табу оңай емес. Астана әлеуметтік-экономикалық жағынан жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты мәселелер де күн сайын туындап жатады. Өткен жылы бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапты. Биыл да көптеген жетістіктерге жетеміз деген үміттеміз”, деді Қ.Жаңабергенов сөзінің қорытындысында.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
ЕРКІНДІКТЕРДІҢ СЕНІМІ БЕРІК
Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылы мен шаһардың арасын ағынды Қаратал өзені бөліп тұр. Осыған қарамастан, “Шығыс” ауданымен қатарлас жатқан ауылдың өркендеуін қала экономикасының қарышты дамуымен байланыстырған жөн. Елбасының Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің ел алдындағы есебіне байланысты Еркін ауылдық округінің әкімі Нұрлан Сыдыбаев аймақтағы өткен жылғы атқарылған істер жөнінде есеп берді. Төрт елді мекеннің халқы қатысқан жиынды Талдықорған қаласының әкімі Сәкен Жылқайдаров басқарып, тұрғындардың сұрағы мен талабының ескерілуіне орай ашықтыққа көңіл бөлді.
Бүгінгі күні аталған округке қарасты елді мекендерді 14 мыңға жуық халық мекендейді. Қаржы дағдарысына қарамастан, ел экономикасының қалыпты дамуына байланысты демографиялық өсуде ілгерілеушілік орын алған. Оның нақты дәлелі өткен жылы аталған аймақта 255 нәресте өмір есігін ашса, осы жақсылықтардың барлығына да әкімдік тарапынан қолдау шаралары жүргізіліпті.
Бүгінде халықтың өмірге деген белсенділігі артып, қоғам дамуына деген үлес-ынтасы еселене түскен. Ауыл әкімдігіне өткен жылы мыңнан астам адам жеке сұрақтары бойынша қабылданып, Елбасы Жолдауын халыққа жеткізу, әлеуметтік, ауылды көркейту, абаттандыру, тағы басқа жұмыстар бойынша ұйымдастырылған жиындардың күн тәртібіне қойылған мәселелері оң шешілген.
Талдықорған әсем Астанаға, Еркін ауылы Талдықорғанға қарап бой түзеп, шаһар іргесіндегі ауқымды ауылдың жаңарып-жасаруына назар аударылған. Бүгінде ауыл кеңейіп, жер телімін алып, үй салғандардың қатары едәуір. Олардың арасында атамекеніне оралғандар да бар. Көктемде көшелерді көріктендіру мақсатында әртүрлі 1200 түп ағаш көшеттері отырғызылса, қыс бойы жиналған күл-қоқыс шығарылып, Құрманғазы, Ақажанұлы көшелеріне асфальт төселген. Тұрғындардың өтінішімен бірнеше көше тегістеліп, қиыршық тас төгіліп, Кенжебаев, Қазақстан, Қаратал, Момышұлы, Гагарин, тағы басқа көшелер ағымдағы жөндеуден өтіп, бұл жұмыстарға тұрғындар да атсалысқаны атап айтылды.
Бүгінгі ауыл халқы тіршіліктерінің тірегі ретінде өз кәсіптерін ашып, жыл бойы тер төгіп келеді. Ауылдық округте 178 шаруа қожалығы тіркелсе, өткен жылы 344 гектарға дәнді дақыл сеуіп, әр гектардан мол өнім жиналып, еңбектерінің жемісін көрген. Сонымен қатар, халық төрт түлік өсіріп, өнімділігін арттыруда. Көбінесе азық-түлік молшылығын өз қолдарымен жасаған еркіндіктер қала бюджетіне де қомақты қаржы аударып, нақтылы істерімен танылған. Әрине, олардың осындай іргелі бастамалары арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы да оң шешімін таба бастаған.
Өткен жылы қолға алынған “Жол картасы” бағдарламасымен Көктал елді мекеніндегі орта мектептің асханасы күрделі жөндеуден өткізіліп, қуат көзіне арналған трансформаторлар орнатылған. Бүгінгі жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына да көңіл бөлініп, білім сапасына деген оң көзқарас қалыптасқан. Нәтижесінде Ащыбұлақ, Алмалы, №3 бөлімше саяжайларынан қатынайтын оқушыларды мектепке тегін тасымалдау мәселесі шешілгенін айтуға болады. Талдықорған қаласы мен ауылдың аралығында тұрғындардың сұрауы бойынша үлкен автобустар бөлініп, жол қатынасы шешілген.
Ауыл әкімі елді мекендердегі әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған 50-ден астам отбасы атаулы көмек, 137 адам мемлекеттік жәрдемақы, 359 адам арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатынын ортаға салып, олардың күнкөріс деңгейін жақсарту мақсатындағы жұмыстардың шешімін тапқанын жеткізді.
Ауыл – халқымыздың алтын қазығы, салт-дәсүріміздің мәйегі орныққан мекен. Демек, мұндағы жастардың еңбекке деген құлшынысын арттыру, тұрақтандыру мәселесі де әрдайым қала әкімінің қамқорлығымен жарасым тапқанын көруге болады. Елді мекендердегі мекемелерге жастарды жұмысқа тарту, орнықтыру мәселесі әрдайым назарда. Өткен жылы “Дипломмен – ауылға” бастамасымен орта мектепке 4 жас маман келіп, шәкірттерді білім нәрімен сусындатуда. Тұрғындардың бос уақытын көңілді өткізу, қоғамдық өмірге деген белсенділігін арттыру мәселелері де зерделеніп келеді. Міне, осындай ауқымды істер ортаға салынған жиында тұрғындар ерекше белсенділік көрсетіп, әлі де атқарылатын баянды жұмыстарды атап айтты.
Ауыл әкімінің есебінен кейін қала әкімі қойылған сұрақтарға жауап берді. Барыс жылы баяны келтірілетін ауқымды бағдарламаларды тәптіштей айтып, тұрғын үй, жер мәселесіне байланысты ойын ортаға салды.
Ауылдың тыныс-тіршілігін толықтай қамтыған жиында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау мақсатында қолға алынған жұмыстар да қамтылды. Осылайша еркіндіктердің ерік-жігері ертеңгі күнге деген сенімдерінің беріктігімен айқындалды. Ауыл әкімінің жұмысына тұрғындар қанағаттанарлық баға берді.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.