Хатта: «Қадірлі інім Шаймардан! Семей. 30 март 1984.
Сенің 6 мартта жазған хатыңды, одан кейінгі екінші хатыңды және Бәтен келіннің сәлемдемесін де алдық. Бір кездегі ұстазыңды ұмытпай хат жазып, хабарласқаныңа рақмет!
Бәтен келінге, балаларыңа сәлем айт. Мен сені ұмытқаным жоқ. Жақсы оқитын шәкіртім болдың. Келешегіңнен үміт күтіп, әдебиетші-ғалым болар деп ойлайтын едім. Абай музейінде ғылыми қызметкер болып істей бастағаныңды да ұмытқам жоқ. Оған да 34 жыл болып қалыпты. Біз де есен-саумыз. Өзім сол институттамын. Екі балам пединститутта, бір балам педучилищеде сабақ береді. Үшеуі Семейде басқа қызметте. Енді үш баламыз Алматыда. Бәрінің жоғары дәрежелі білімі бар. Бір ортаншы ұлымыз осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған. Қарлығаш – ең кенжеміз. Жеңгең – Фархинұр.
Міне, біздің қысқаша хал-ахуалымыз. Абай музейінде істеген адамдарды ұмытпапсың. Борис Александрович Акерман үлкен ғалым адам еді. Ол кісі қайтыс болған. Сәулет Дөнентаева (Сәбит Дөнентаев ақынның қызы) Совет қызметкері болып кеткен еді. Алматыда тұрады. Қазір пенсияда. Әдеби зерттеу ісімен шұғылданады екенсің. Оныңа қуаныштымын. Жазған мақала, жинаған материалдарыңды мүмкін болса маған жібер.
Хабарласып тұрарсың.
Ағалық көңілмен – Қайым Мұқамедханов.
Р.S. Ескерткіш болсын деп
Мұхтармен бірге түскен суретімді жібердім» – делінген екен.
Қайым ұстаз шәкіртіне: «Мен сені ұмытқаным жоқ. Жақсы оқитын шәкіртім болдың. Келешегіңнен үміт күтіп, әдебиетші-ғалым болар деп ойлайтын едім» – дегені сайып келгенде үлкен көрегенділік, талантты тани білу қабілетінің бой көрсеткендігі болғаны даусыз.
Сөзіме дәлел: облыстық «Қызыл ту» газетінде (қазіргі «Сарыарқа самалы») 1988 жылы 22 маусым күні Шаймардан Хайруллиннің «Ақын Бақы» атты мақаласы жарық көреді. Аталмыш мақаласын: «Ел аузында сақталып қалған көпшілікке белгісіз шешендер мен ақындардың сөздерін жинауда кейінгі кезде батыл қадамдар жасалып жүр. Мен де өз тарапымнан осы бір игілікті іске әдебиетші ретінде үлес қосу ниетімен ақын Бақы Сартаевтың ел аузында сақталған шығармалары туралы бірер сөз жазбақпын», деп бастаған екен. Мақалаға қарулы көзбен зер тастамасақ та, жергілікті фольклор екені бесенеден белгілі. Ақын Бақы Сартаевтың қай жерде туып, қай жерде жерленгені жайлы да Шаймардан ағамыз өз мақаласында сөз еткен екен. Әлі де ізденіс үстінде жүргендігін тілге тиек етіп, ақын хақында білетін адамдар болса, мақала авторына хабар беруін де сұраған. Оған қоса, Май аудандық «Шамшырақ» газетінің 1984 жылғы 4 тамыз күні жарияланған нөмірінде «Шешендерден сөз қалған» мақаласы да заты бөлек әдебиетшінің жұмысы.
Шаймардан Хайруллин Павлодар облысы, Май ауданы «Қызыл құрама» ауылында (қазіргі Баскөл) бірнеше жылдар төңірегінде мұғалімдік қызмет атқарған. Әдебиетке деген ерекше махаббатының арқасында болар, көптеген әдеби кітаптарды том-томымен жинастырған екен. Сол кітаптардың арасынан 1940 жылдары жарық көрген, латын әліпбиімен жазылған кітаптар да жолықты. Әр кітаптың арасынан сол жылдардағы басылымдардың, атап айтқанда, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мектебі», «Қазақстан пионері» сияқты газет, журнал беттеріндегі әдебиетке қатысты мақалалардың қиындылары көптеп кездеседі.
Қайым Мұхамедхановтың: «Әдеби зерттеу ісімен шұғылданады екенсің. Оныңа қуаныштымын. Жазған мақала, жинаған материалдарыңды мүмкін болса маған жібер. Хабарласып тұрарсың» деген сөздеріне қарағанда ұстазы мен шәкірті хәл сұрасқан хаттар жазысып қана қоймай, әдеби зерттеу жұмыстары жөнінде талай сырласқан көрінеді.
Жазған мақалалары өзі туған өңірінің алып тұлғалары жайында болғандықтан болар, Шаймардан ағаның бойынан асқақ патриоттық сезім байқалып-ақ тұр. Тіпті, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.
Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген тармақтардың кездесетінін ескерсек, осындай ақын ағамыздың ғылымға деген, туған жерінің әдебиеті мен тарихына деген сүйіспеншілігі, ізденімпаздығы қазіргі жастарға ғана емес, аға буын өкілдеріне де үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Бәкіжан КӘКІМ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық басқармасының мүшесі