Облыс орталығындағы Құрмыш шағын ауданында №43 «Гүлдәурен» балабақшасы пайдалануға берілді. Жаңа балабақшаның ашылу рәсіміне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, қала әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, ата-аналар қатысты. Жалпы аумағы 11 209 шаршы метр болатын балабақшада 320 бүлдіршін тәрбиеленетін болады. Үш қабатты, заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимаратта 16 ойын бөлмелері, 3 оқу сыныптары, гимнастика, музыка, бейнелеу өнері залдары және басқа да тұрмыстық-қызметтік бөлмелер бар. Жобалануы жағынан елімізде баламасы жоқ балабақша құрылысына 515 646,66 мың теңге жұмсалған. Ауладағы 16 ойын алаңына күркелер орнатылған. Барлық алаңдарға құм төгіліп, сырғанау төбелерімен, әткеншектермен жабдықталған. Енді мұнда сауықтырудың тиімді әдісі — галотерапия енгізу жоспарланып отырған көрінеді.
– Қазір облысымызда 501 балабақша жұмыс істейді. Бұған 35 мыңнан астам бүлдіршін барып жүр. Аудандардағы балалардың 90 проценті мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз етілген. Облыс орталығында бұл мәселе өзекті болып қалуда. Қазір Ақтөбе қаласында 12 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Соңғы жылдары «Балапан» республикалық бағдарламасы аясында 400-ден астам мектепке дейінгі мекеме ашылып, бүлдіршіндерді қабылдады. Әсіресе, жекенің қолындағы балабақшалар мемлекеттік-коммуналдық меншікке қайтарылуда. Мысалы, бұрынғы үш балабақшаның ғимараттары қайтадан өңделіп, 240 орындық №37 «Балапан» мектепке дейінгі ұйымы, 280 орындық №38 «Әлем» және 280 орындық «Достық» балабақшалары ашылды. «Оңтүстік Батыс-1» шағын ауданында, Сәңкібай батыр даңғылы бойынан және Жаңа қоныс поселкесінде балабақшалар салынуда. Жақында 12 шағын ауданда балабақша құрылысы басталады. Бүгін тағы бір балабақша пайдалануға беріліп отыр. Жалпы 2012-2014 жылдары бұл бағыттағы көрсеткішіміз біраз жақсарады,– деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов салтанатты сәтке жиналғандарға.
Одан кейін балабақша құрылысын салған «Промресурс» ЖШС директоры Олег Федоров символикалық кілтті №43 «Гүлдәурен» балабақшасының меңгерушісі Бақытгүл Жетесоваға тапсырды. Ата-аналар атынан сөз алған Сәрсеәлі Қалтаев жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.