Үкімет Мемлекет басшысы алдында есеп берді
Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Премьер-Министрдің орынбасарлары және Үкімет мүшелері қатысты. Кеңес барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Елбасына еліміздің 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2010 жылға арналған даму жоспары туралы есеп берді. Сол сияқты Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың Үкіметтің 2010 жылға арналған жоспары туралы және Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевтің экономикамызды индустрияландыру туралы баяндамалары тыңдалды.
Үкіметтің есебінде атап көрсетілгеніндей, өткен жылдың қорытындысында ішкі жалпы өнімнің көлемі нақты көрсеткіштер бойынша 2008 жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2009 жылы 8,9 триллион теңгені құрап, 2008 жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға өсті. Құрылыс саласында өнім өндіру көлемі өткен жылы 1,8 триллион теңге көлемінде болып, бұрынғы жылмен салыстырғанда 4,9 пайызға төмендеді. Есепті кезең ішінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 1,6 триллион теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,8 пайызға артты. Есепті жыл ішінде шағын және орта бизнес субъектілері 2,7 миллиард теңгенің өнімін өндірді. 2009 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция 4,5 триллион теңгеге жетіп, бұрынғы жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға өсті. Өткен жылы инфляция деңгейі 6,2 пайыз болды. 2008 жылы бұл көрсеткіш 9,5 пайызды құраған болатын. Жыл соңында жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайыз болды. Жылдың басында бұл көрсеткіш 6,9 пайызға тең еді.
Трансферттердің түсімін қоса есептегенде, 2009 жылғы мемлекеттік бюджеттің кірісі 100,5 пайызға орындалды. Басқаша айтсақ, жоспарланған 3 489,4 миллиард теңгенің орнына бюджетке 3 505,3 миллиард теңге қаржы құйылды. Ал салық түсімдері 2 228,7 миллиард теңгені немесе жоспардың 104,8 пайызын құрады. Ұлттық қорға өткен жылы жоспардағы 1 394,9 миллиард теңгенің орнына 1 378,1 миллиард теңге қаржы түсті. Ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке дағдарысқа қарсы іс-қимыл шараларын қаржыландыру үшін жыл ішінде 1 107,5 миллиард теңге қаржы аударылды. Атап айтқанда, 843,1 миллиард теңге кепілдендірілген трансферт және 261,5 миллиард теңге мақсатты трансферт. Қорыта айтқанда, 2009 жылы Ұлттық қордың өсімі 270,6 миллиард теңгеге жетіп, 2010 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша жалпы мөлшері 4 542,8 миллиард теңгеге жетті. Алтын валюта резервтері 2010 жылдың 1 қаңтарындағы ахуал бойынша 23,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Яғни, 2009 жылы 3,3 миллиард АҚШ долларына артты.
Экономикалық өсімнің 2009 жылғы негізгі көздері шетелдік және мемлекеттік инвестициялардың артуынан құралды. Мемлекеттік инвестициялардың деңгейі өткен жылы 29 пайызға өсті. Ол дағдарысқа қарсы қабылданған бағдарламаларды қаржыландыруды есептегенде 1,4 триллион теңгені құрады. Сонымен бірге, экономикалық өсімге мұнай өндірудің (5,8 миллион тоннаға) және табиғи газдың (2,1 миллиард текше метрге) өсуі оң ықпалын тигізді. Сол сияқты экономикалық көрсеткіштеріміздің жақсаруына диқандарымыздың 20,5 миллион тонна рекордтық астық жинауының да қосқан игі ықпалы өлшеусіз.
Кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылғы еліміздің даму қорытындыларын сараптай келіп, өткен жылы ауқымды жұмыс көлемі атқарылғандығын атап көрсетті. Өткен жыл еліміз үшін үлкен сынақ жылы болғаны белгілі, деді Елбасы. Дағдарысты жеңу үшін біз аса зор ауқымды шаралар атқардық. Осы орайда Үкіметтің істеген жұмысы бәріңізге белгілі, ай сайын менің алдымда есеп беріп отырды. Үкімет басшылығы, министрлер және әкімдер бірігіп істеген нәтижелі жұмыстың арқасында біз дағдарыстан абыроймен өттік. Қазір экономикамыздың даму қарқыны оң нәтижелер көрсетіп отыр. Ол біз үшін үлкен жеңіс.
Дүние жүзіндегі мемлекеттерде болып жатқан ахуалды бәріміз де білеміз, деді одан әрі Мемлекет басшысы. Көптеген мемлекеттер өткен жылы экономикада оң жетістіктерге жете алмады. Біз серпінді мемлекеттер деп аталатындардың ішінде болдық. Көптеген мемлекеттердің сыртқы қарыздары үлкен көлемде артуда, несие көлемі де артып барады, бюджет тапшылығы аса зор деңгейге жеткен, жұмыссыздық белең алған, өте көп кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан. Міне, осындай жағдайда біздің экономикамыз дағдарыстан шығынсыз шығып келеді. Қиындықтарға қарамастан, біз көптеген жаңа өндіріс орындарын аштық. Осының арқасында жұмыссыздықты қысқарттық, инфляцияны төмендеттік, “Жол картасын” жүзеге асыру барысында еліміздің тұрғындары үшін аса қажет үлкен жұмыстарды атқардық. Халыққа қажетті әлеуметтік жағдайлар жасалынды. Жаңа мектептер, ауруханалар салынды. Жол салу, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері кең ауқымда шешілді. Әсіресе, біз бұрыннан қордаланып қалған, қолымыз жетпей жүрген коммуналдық жүйелерді жаңғырту жұмыстарын жасап, ауқымды міндеттерді жүзеге асырдық. Тарих табалдырықтан аттаған 2010 жылы бізді бұдан да ауқымды міндеттер күтіп тұр. 2010 жыл біз үшін 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламамызды жүзеге асыру негізінде Қазақстанды серпінді өсудің тұрақты траекториясына шығаратын жыл болуы тиіс, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Одан әрі Мемлекет басшысы соңғы жылдары банк жүйесінде қалыптасқан келеңсіз жағдайларға тоқталды. Банк жүйесі маңайындағы көптеген жеке меншік құрылымдардың жұмысына тосқауыл қою керек екендігін айта келіп, Елбасы “Банктер тек қана таза банк қызметімен айналысуы керек” екендігін ескертті. Осы ретте Мемлекет басшысы шектен шыққан табыстар болмауы үшін банк маржаларына Үкімет тарапынан қатаң бақылау қойылуы керек екендігін атап көрсетті.
Өнеркәсіп саласынан біздің күтеріміз көп, үмітіміз үлкен деп жалғастырды сөзін одан әрі Елбасы. 2020 жылға арналған стратегиялық даму бағдарламамыздың аясында экономикамызды индустрияландырудың бесжылдығы басталды. Біздің мақсат – экономикамызды индустрияландыру нәтижесінде мұнайға тәуелділіктен құтылу. Мен бағдарлама жобасымен, оның ішінде индустрияландыру және кәсіпорындарды орналастыру жоспарымен жан-жақты таныстым.
Одан әрі Елбасы біздің бұл экономиканы индустрияландыру бағдарламамыздың сонау отызыншы жылдардағы сталиндік индустрияландыру бесжылдығынан түбегейлі өзгешелігі бар екендігін атап көрсетті. Мемлекетіміздің, халқымыздың болашағы үшін біз бұл жұмысты барынша ыждағатты жүргізуіміз керек. Бұл бағдарламадан күтеріміз көп. Біз қазір оның бастауында тұрмыз. Сондықтан бұл мәселені мейлінше жүйелі және сапалы атқаруымыз керек, деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Елбасы өз сөзінде шетел компанияларымен бұдан бұрын жасалған келісім-шарттардағы кейбір келеңсіз жайларға да тоқталды. Бұл ретте Мемлекет басшысы шетелдік мұнай өндірушілердің ілеспе газға деген немқұрайдылық көзқарасын мысалға келтірді. Ілеспе газ бұрын жасалған келісім-шарттарда көрсетілмеген. Бұл мемлекет меншігі. Оны шығаруға мұнай өндірушілер ешқандай шығын жұмсамайды. Сондықтан ілеспе газ мәселесіне ерекше көзқарас керек екендігін айта келіп, Мемлекет басшысы келісім-шарттардағы, әсіресе, еліміздің табиғи байлығын игеруге байланысты жасалатын болашақтағы келісім-шарттарда бұл мәселеге барынша мән беру керектігін ескертті. Сонымен бірге, Елбасы шетелдік компанияларға салынатын салық мәселесіне де тоқталып өтті. Бүгінде елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардың келісім-шарттары бұл құжаттар қабылданған кезеңдегі заңдармен жұмыс істеп жатқандығын еске салып, уақыт бір орында тұрмайтындығын, бүкіл әлемде өмір өзгеріске ұшырап отырғандығын, соған байланысты мемлекет мүддесі бізді бұл мәселеге жаңаша қарауға итермелеп отырғандығын ескертті.
Одан әрі Мемлекет басшысы мұнай және газ саласында жұмыс істейтін компаниялардағы кадр мәселесіне ерекше тоқталды. Бүгінде мұнай өндірумен кез келген адам айналысатын болған. Араларында маман мұнайшылар жоқ. Бұл салада жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың менеджерлік құрамында қазақстандық мамандар жоқтың қасы. Елімізде мұнай саласының дамып келе жатқандығына жүз жылдан асса да, қазақстандық мұнайшылардың шетелдік компанияларда еңбек етуіне тосқауыл көп. Елбасы Үкіметке алдағы уақытта бұл мәселеге барынша назар аудару қажет екендігін тапсырды.
Көрші мемлекеттермен салыстырғанда біздің елімізде тарифтің өте төмен екендігін айта келіп, Президент бұл салада да орын алып отырған олқылықтардың бар екендігін атап көрсетті. Осыдан 10-15 жыл бұрын жеке меншік инвесторлар еліміздегі жылу электр орталықтарын, бу қазандықтарын және басқа нысандарды меншікке алған. Жасалған келісім-шарттарда олар бұл нысандарға инвестиция құйып, күрделі жөндеуден өткізуге, дамытуға міндеттелген. Ал іс жүзінде олар бұл нысандарға көк тиын да салған жоқ. Жылу өндіруші, энергия өндіруші инвесторлар жасалған келісім-шарттарды орындамады. Сондықтан бұл салада нақты тексерістер жүргізіп, жылу және электр өндірушілерді тариф есебінен ғана емес, несиелер алып, өндірісті дамытуға міндеттеу қажет.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтін жас кадрлар жағдайына жан-жақты тоқталды. Жастарға қолдау көрсету менің саясатым, деді Елбасы. Біз осы мақсатты жүзеге асырдық. Көптеген ведомстволар мен министрліктердің басшылығына жастарды тарттық. Бұл мәселенің кең етек алып кеткендігі соншама, бүгінде біз министрліктер мен ведомстволардың аппараттарын балабақшаға айналдырып алдық. Жылы кеңседе отырған осындай жастардың көпшілігі қандай міндет атқаратындығын, немен айналысатынын да білмейді. Жақсы орын, жоғары жалақы алады, ал іс орнынан жылжымайды. Әрине, мен жас кадрлардың бәрі сондай деп айтып отырғаным жоқ. Олардың 15-20 пайызы өз орнында еңбек етіп отыр. Ал қалғандары немен шұғылданатынын білмейді.
Жас кадрлардың елімізге ауадай қажет екендігін айта келіп, Мемлекет басшысы кейбір министрліктер мен ведомстволарда орын алған келеңсіздіктерді шұғыл түрде ретке келтіру керек екендігін атап көрсетті. Министрлердің және ведомоство басшыларының кейбір жас орынбасарларын облыстың немесе аудандардың әкімдерінің орынбасары етіп ауыстыру керек. Ал олардың орнына жергілікті жерлердегі тәжірибелі кадрларды тарту қажет. Бұл айтылған мәселелердің “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдерден оқу бітіріп келген жас кадрларға да қатысты екендігін атап көрсетті Елбасы.
2007 жылғы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан басталған үдеріс ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Ол жалғасуда. Сондықтан біз барлығына дайын болуымыз керек, деді өз сөзінде Мемлекет басшысы. Осыған байланысты жаһандану үрдісінде Қазақстанның қандай орын алу керектігі, еліміздің болашақтағы даму стратегиялары нақты айқындалуы керек. Бұл мәселемен біздің елімізде шұғылданатын институттар мен орталықтар көптеп саналады. Олардың жұмысының нәтижесі қандай? Бұл институттар мен орталықтар қажет шығар, деп жалғастырды сөзін одан әрі Елбасы, алайда бізге бұл мәселеде тағы да жан-жақты ойлану қажет. Бұдан бұрын елімізде Стратегиялық зерттеулер агенттігі болған еді. Ол осы институттар мен орталықтардың жұмысын үйлестіретін. Біз оны жойып алдық. Алдағы уақытта бізге бірыңғай стратегиялық сараптама жасайтын, ішкі және сыртқы саясатты белгілейтін бір орталық құру керек, деді Мемлекет басшысы.
Біз өзіміздің дамуымызда бұрын оңтүстік-шығыс “жолбарыстарының” тәжірибесіне сүйендік. Солардан үйрендік. Мен осындай саясат жүргіздім. Біз мұны дұрыс жасадық, деді Елбасы сөзінің қорытындысында. Енді біз Финляндиядан үйренуіміз керек. Ал Финляндиядан үйрену дегеніміз не? Бұл, біріншіден, білім берудің жоғары стандарттары, екіншіден, ғылыми ізденістерге қаржы бөлуде бәсекелестіктің басымдығы, үшіншіден, болашақтың ұлттық инфрақұрылымы, төртіншіден, мемлекеттің, ғылымның және бизнестің күшін ортақ мақсатқа біріктіру. Қысқаша айтсақ, бұл осы төрт тұғырдан тұрады.
Кеңесте сөйлеген сөзін қорытындылай келіп, Мемлекет басшысы еліміздің даму болашағын айқындайтын 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламаның айрықша маңыздылығын, осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында және 2010 жылға арналған даму жоспарында жоғарыда айтылған міндеттерді іс жүзіне асыру қажеттігін атап көрсетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.