• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2011

Әуелі Көкшетауды сүю керек!

413 рет
көрсетілді

Көкшетау қаласы – Сарыарқаның саумал самалы тербеткен сайын даласында сұлудың жасауынан үзіліп қалған әсем әшекей сынды Бурабайынан бастап, зерлі Зе­рендісін, атақты да аруақты Айыртауы мен Иман­тауын бауырына басып жатқан көркем көркімен, сұлу табиғатымен тамсандыра білген, «Оқжет­песімен» сұқтандырып, сексен көлімен сыр ұқтырған киелі өлкенің қасиетті ордасына айналған еді. Көкшетау деген атау енді бір ғана қаланың аясына сыймай, ол енді Батыс Сібір жазығымен Сарыарқаның аралығын алып жатқан жазиралы өлкенің бар қаласы мен дала­сы­ның символына айналды. «Көкшетау!» деп асқақ­тады, «Көкше!» деп тамсанды, оған ғашық болды, оны бір көруге, ауасын бір жұтуға іңкәр болды адамдар! Төрткүл дүниенің төрінде жүр­сем де көңіл төрінен сен кет­пейсің, Көкшетау! Талайлардың тал бесігі болып тербелген де, сұңғыла көкейді ән болып кернеген де, кең дүниенің сырын шайқап күйі де болып шалқып төгілген де сен едің, Көкшетау! «Өзің боп нәзігім де, дөкейім де, Көкшетау, сен жүресің көкейім­де», – деп күні кеше қайран да, қайран Еркеш ақынның жыр кеу­десінен ала құйын болып ұйт­­қыған бораныңмен де, ұйы­ған ап­тап самалыңмен де, кең дү­ние­нің ырғағымен тер­белген биші қайы­ңың­мен де, көк қара­ғайы көк­ке қолын созған іңкәр да ұлпа көгіңмен де қымбат­сың, ар­дақтысың, ажарлы­сың, сүйік­ті­сің, сүйкімдісің! Бауырыңдағы балапа­нын ал­дыр­ған бүркіт іспеттес Бұқ­па таудың тұрысы анау, әне! Кең дү­ниеге құлағын түріп, сол кең дү­ние­нің тылсым сырын ұқ­қы­сы кел­­ген сұңғыланың кейпімен баяу мүлгиді. Жарықтық мәң­гі­лікке орнаған, сөйтіп, мәңгі­лік­тің жы­рын айтуға жаралған Бұқпа тау­дың мазасын ақ тол­қы­ны жаға­ға тынымсыз соққылап жатқан Қопа көлі ғана алғандай ма, қа­лай?! Қайтсін-ай енді! Қопа да еркелегісі келеді әлде кімге! Қопа да қамыққан көңілінің кірін шайғы­сы келетіні бар. Дү­ние-ай, шіркін!.. Кімнің көңілі кірлемей жүр дейсіз осы күні. Адам бала­сы­ның ең әуелі өз қадірін өзі білмеуінен жылап жатқан көңілдер қаншама. Төгілген көз жастарын айтсай­шы! Дүние-ай, шіркін!.. Сол бір кемі бар көңіл дүние­нің жұбанары да, жұбатары да сенсің, Көкшетау! Жүдеген де, үдеген де, құлазыған да, аспандап, асқақтаған да, жәбір көріп жасқанған да, аруақтанып айбат­танған да, қуаттанып қайраттан­ған да кездерің аз болмады-ау! Сөйткен Көкшетау сен енді, міне, тәуелсіз елімнің бір шырақты шаһары болып шамыңды жарқы­ра­та жағып отырсың. Қазіргі көркіңе, қазіргі келбетіңе қарап көңілімдегі сүйіспеншілігімді бір баса алмай-ақ қойдым. Көк­ше­тау көркейген сайын көңілім өсіп, Көкшетау өркендеген сайын ең­сем көтеріліп, Көкшетау абат­тан­ған сайын жанымның жады­рай түсетіні тағы да бар. Шіркін, Көкшетау, талайлар­ды тамсандырып, ән мен жыр­дың ырғағымен тербелген едің, әлі де тербелерсің! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзі қамқор болып Көк­ше­таудың түсіп кеткен еңсесін талай бір көтеріп, бағын жан­дыр­ған пейіл-ниетіне де ел риза. Қазіргі Көкшетау астаналық об­лыстың орталығы болып отырса, ол да біздің Елбасының Көкшеге деген адал көңілімен таза жү­ре­гінің мейірім шапағаты деп қа­был­даймыз. Сол үшін мың алғыс Елбасына! Көкшетау, сен менің мәңгі айтып өтер әнімсің! Көкшетау, сен менің мәңгі айтып өтер сы­рымсың да, жырымсың да! Әне, қазіргі Көкшетау көңілім­нің ла­ғыл бір сезімдерін селдететін әсем бір кү­й­і­мен жүрегімде тербеліп тұр. Міне, түнгі Көкшетау! Сол түн­гі Көк­ше­тау­­дың көңіл көк­жие­гіндегі суретін айта­йын ба сіздерге. Абы­лай хан даң­­ғы­лын қақ жарып баяу ағып жатар Қылшақтының үстіндегі субұр­қақтан әлемнің қызылды-жасыл­ды сәулелері ой­нап тұр. Көгілдір әлемнің көк сағымы да, жасыл­ды дүниенің жасыны да алау­лай­ды. Көкшенің тақта тастарынан тұрғызылған «Мақтай таудың» етегіндегі ал қызыл гүлге оран­ған алаңда ая­ғын енді басқан сәби талпынады өмірге. Жан-дү­ниесін аналық мейрімге шүпіл­детіп алған сол сәбидің анасы да сәбиінің сүрін­беуін тілеген ақ жүрегімен мейірлене түседі. Сол ананың мейірімі бар, сол алаң­дағы алаулаған сансыз шамдар­дың сәулесі бар кең дүниенің тар түнінің аясы кеңіп сала бергендей. Бір кездері жүдеп, жықпыл тастарының ара­сынан жатаған жантақ өсе баста­ған, күтусіз, қараусыз қалған Мақтай тауға адамның мейірімі түсіп еді, ол да жасарып, жаса­нып, құлпы­рып, гүлдеп, түр­ле­ніп, әрленіп, әсерленіп сала берді. – Көкшетау су үстіне түрлі-түсті бұрқақ орнатқан Қазақ­стан­дағы екі қаланың бірі, – деген облыс әкімі Сергей Александрович Дьяченконың да өз қала­сына қуана қараған, өз қаласына сүйсіне көз тіккен кейпі көз алдыма келе қалғаны бар. Жастығының отты жылдарын Көкшетау қаласында өткізген­дік­тен бе, Сергей Александро­вич­тің осы бір кішкене ғана Көкшетауға деген ет жүрегіндегі үлкен бір сүйіспеншіліктің, үл­кен бір құр­мет­тің бар екендігін айт­қан ләзім осы арада. Сол бас­шы­ның Көк­ше­тауды сүйе келгендігіне қуандым. Әкімнің Көк­ше­­тау­ды көркейтемін деп жүр­ген ниетіне ризамын. Қазіргі уа­қыт­­та бір облыстың жүгі жүк­тел­ген Сергей Дьяченконың Көк­шетау қаласындағы әр түп тал мен теректің солып қалмай көктеп өсуін өзі бақылап жүре­тін­дігінің де куәсі болғанды­ғым­ды неге айтпаймын?! Көкше­тау­дың әр кө­ше­сінің, әр алаңының алқы­зыл гүл­зарларға айналуы үшін де жа­нымен шырылдап ты­ным­сыз күй кешіп жүрген сәт­терін де білемін. Енді қараңыз­шы, сол Дьячен­ко­ның өз қолы­мен, қо­лы­­мен емес-ау жүрегін­дегі Көк­ше­­тау­ға деген үлкен сүйіс­­пен­ші­лігімен жасалған гүл­зарлар Көк­шетаудың ажарын ашып, арай­­ландырып, көркін кел­­тіріп, көр­­кей­тіп, сәулесін ша­шып, нұр­лан­ды­рып жібергенін көзбен кө­ріп, жүрекпен сез­гендейсің. Міне, көз алдымда тағы да түнгі Көкшетау! Бұған дейін ақ жауыны себелеп өтсе, батпағы бетіне шыға келер жолайрық­та­рын­дағы гүлзарлар түрлі гүл­дер­дің исімен жаныңды рахат бір сезімге бөлейді. Астанаға шыға беріс күре жолдың үстін­дегі жолайрықтағы гүлзар сан­даған сәулелі шамдар­дың нұры­мен аспан әлеміне шуақ шаш­қан­дай әсерде боласың. Сол әсем бір гүлзардың ортасында Көкшенің күйімен, Көкшенің әні­мен, Көкшенің сәнімен бұ­рал­ған бейнелі монумент тұр. «Көк­ше­нің ерке самалы» деп ат қой­дым оған. Түнгі Көк­шетаудың түрлі бояуы­мен сәу­ле­ле­ніп тұрар сол «Көк­шенің ерке са­малы» ел мен жердің еркіндігін, Көк­шенің ұл-қызы­ның еркелігін мына аппақ әлем­нің бояуына қанық­тан­дыр­ғандай әсер қал­дырады. Өзіміз талай бір кештерімізді өткіз­ген, аяғын тәй-тәй басқан сәбилерімізді серуендеткен Көк­ше­тау қаласының орта­лығындағы бақ­қа қарай көңіл на­зарын аударыңызшы. Абы­лай ханның ес­керткішінің тұсынан басталып, «Достық» мейрам­ха­насына қа­рай созылар қалалық бақтың тозығы жеткендігі бая­ғы­дан белгілі еді. Бақ қоршауы­ның жиек­терінің құмы үгітіліп, тастары түсіп, бетон­дары қиса­йып кө­ңіл­ді жүдететін. Соны көңіл көзі­мен аңдаған да, қаржы тауып үлкен бір істі қолға алған да об­лыс әкімі Сергей Дьяченко екен­дігін де айтқан жөн. Енді сол бақтың басына бақ қон­ған­дай абаттанғандығын кө­ріп, кө­ңі­лің­дегі қуанышыңмен асқақ­тап жү­ре бергің келеді. Әне, құдай қаласа аз уақытта «Тәуел­сіздік» монументі де ас­қақ­тап тұрмақ­шы!.. Көкшенің әрдайым биікте тұрар ар-има­нын­дай бо­лып жаңа мешіттің алтындалған айшықты күмбез­дері де ай сәулесіне малынады. Түнгі Көкшетау!.. Міне, тағы да бір іңкәр көңіліммен жап-жаңа жөнделіп, жобаланып қал­ған М.Горький атындағы көшең­мен жүріп келемін. Жүріп емес-ау, қуаныштың қос қанатымен ұшып келемін. Кеңейіп сала берген бұрынғы тар көшенің тыны­сы да кеңейіп, өзіңнің де, көңі­ліңнің де, көлігіңнің де қанаты бардай тап бір. Самаладай жар­қыраған шамдар, соңғы бір үлгі­дегі бағдаршамдар да қызылды-жасылды сәулесімен сенің жо­лыңды да нұрландырып, әр адам баласына сәт-сапар тілеп тұрған­дай. Көшенің қос қабатына жа­ңа­дан егіліп жатқан сұңғақ бой­лы көк теректер де көк аспанға қуана қол созып, ұмтылғандай. Сол көк теректер осы бір кө­шенің, тіпті Көкшетаудың көр­кі ғана емес, күні ертең көгілдір Көкшенің әнін айтып, тілеуін тілеп, жапырақ жүрегімен мәңгі сыбдырлап, жайқалып тұрарына да көңіл сенеді. – Көкшетауда тым болмаса осы заманның үрдісіне сәйкес бір көше болсын, соны жа­сайық, – деп айтқан тағы да сол Сергей Александрович Дьячен­ко­ның осы бір ауыз сөзінен аза­маттың сол баяғы өзінің, біз бен сіздің, одан қалды қалың елдің Көк­шесінің бүгіні мен бола­шағын ойлап, адал көңілінің жүрек лүпілін сезінгендей бо­лып едім. Әкімнің айтқаны болды. Жү­рек қалауы орындалды. Қыруар шаруа іске асты. Енді, міне, осы бір жаңадан жасанып шыға келген Көкшетаудың осы бір көшесі Көкшетау атты қаланы асқақтат­ты, Көкшетау шынайы бір қала­ға ұқсап шыға келді. Көкшетау жаңа жасанды, Көкшетау жаңа түледі! Түнгі Көкшетау!.. Баяғы Қараөткелге, бұрынғы Ақмолаға, қазіргі Астанаға тартылған күре жолдың бойындағы тас тұғыр­дағы Құлагер тұлпардың ескерткішіне көңіл шіркіннің жетелей беретіні бар. Әрлі-берлі ағылған көліктерін аялдатып, тас тұғыр­дағы Құлагерге сүйсінген талай­лар­ды көресің де, бұл да бір Көкшетаудың абыройын аспан­дат­қан, Ақан серінің аруағын асқақтатқан, тұлпар тұяқты қай­та бір тірілткен ескерткіш бол­ды-ау деп қуанамын. «Құлагер, топтан озған, жүйрігім-ай!», – деген Ақан сері жүрегінің опа­сыз әрі қатыгез дүниенің аузы­нан жалын атып, күрсіне айтқан бір ауыз сөзінің тасқа ойылып жа­зылғандығын көңіл қалап тұрды да, сол бір ұсыныспен бар­ға­ным­да да Дьяченко мырза мұ­ным­ды құп алды. – Құлагер бұл поэзия! Құла­гер – тарих! Құлагер Ұлы Дала­ның ұлы тұлпарының символы, – деген Сергей Александрович Дьяченконың зерделі көңілінен шыққан осы бір ауыз сөзін үлкен бір жиында естігенде әкімнің ел тарихын құрметтей білер қа­сиетіне тағы да алғыс айтқым келгені болды. Осы арада бір айтар пікір, Көкшеге әкім болып немесе қызметке келер болсаң ең әуелі, Көкшетау атты қаланы жан-жүрегіңмен осы Дьяченко сияқты сүйе білу керек! Жү­регінде Көкшетауға деген сүйіс­­пеншілігі, көңілінде Көк­шетауға деген адал пейілі мен ниеті бар азамат қана Көк­ше­тауды бүгінгі­дей көркейтіп, бүгінгідей нұр­лан­дырып, бү­гін­гідей асқақтата алады. Көк­шетауға деген сол кө­ңіліндегі адал ниеті, жүрегіндегі шексіз сүйіспеншілігі бар Сергей Александрович Дьячен­ко­ның бүгінгі Көкшетау үшін жанын салып, мейірімін төгіп жұ­мыс істеп жатқандығына қа­рап, бұл қаланы көркейту үшін көп қаржы ғана емес, бұл қалаға деген махаббат пен сүйіс­пен­ші­лік те керек екен деп ойлай­мын. Иә, Көкшетау көңілдің қа­­ласы, Көкшетау жүректің қа­ла­сы, Көкшетау ой мен сезім­нің қаласы. Осы бір жай Көк­ше­тауға қызмет бабымен келіп-кетіп жатар кім-кімнің де әр­дайым есінде болса екен! Әне, тас тұғырда Құлагер тұр! Жануар-ай, кең дүниенің қыс­қа шылбыры мен тар тұ­сауы­нан босанғаны енді болды ма екен, беймәлім кеңістікті бетке алып, бауырын еркін бір жазып, төрт аяғын тең басып, жал-құйрығы төгіліп шауып келеді. Жануар-ай, өз соңынан түскен қуғыншы қарақшының бар екендігін сезе ме екен, шұр­­қыраған үні келеді құла­ғымның түбіне. Ей, адамдар, аяңдаршы Құлагер дүниені! Ей, адамдар, құлатпа­ң­даршы Құла­гер өмірді! Ей, адамдар, жылат­паңдаршы Ақан адамның сері көңілін! Тас тұғырдағы Құлагер, міне, осылай деп шұрқырайды. Соны ұғар, соны түсініп-түйсінер сана болсын деңіз! Түнгі Көкшетау! Мен де сенің түнгі бесігіңде мүлгіген ой әлеміңмен бірге тербеліп, бірге тебіренемін. Мен де кетемін ертең!.. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Парламент Сенатының депутаты.