Ұлы Отан соғысында қыршын кеткен Сұлтан Еркімбаевтың ерлігі еліне тек 60 жылдан кейін ғана белгілі болды. Осыдан бес жыл бұрын Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында батырдың жиені Өмірзақ Ихтиляповтың ізденісін іле қолдап кеткен қостанайлық журналистер жұмысының арқасында жас жауынгердің ерлігі елге жетті. Бұл жөнінде “Егемен Қазақстан” газетінің оқырмандарына да (“Ерекше құпия арнайы снайперлер ротасындағы жалғыз қазақ”, “Қазақстан – әкесі ер Сұлтанның, Украина жері енді анаң болсын!”) жеткізгенбіз. 1939 жылы Қостанай облысының Жітіқара ауданындағы фабрика-зауыт оқуына (ФЗО) небәрі он алты жасында алынған Сұлтанды бір жылдан кейін алыстағы көмірлі Кузбасқа жібереді. Соғыс басталғанда Новосібір облысына қарасты Кузедеев ауданында жұмыс істеп жүрген Сұлтан майданға аттанады да, Челябі облысындағы арнайы атқыштар мектебінің ерекше құпия бөлімшесінде оқып, барлау ротасы үшін дайындықтан өтеді. Сұлтан құрамында болған 263-дивизия Карелия майданындағы Кастеньг бағытындағы ұрыстарда фашистердің атақты “Норд” СС дивизиясын қансыратқаны тарихтан мәлім. Карелия майданындағы ұрыстарда мергендігімен көзге түскен қазақтың қара баласы осы дивизияның құрамындағы 997-атқыштар полкінің 1942 жылы қазан айында жасақталған ерекше құпия арнайы снайперлер ротасына алынады. Архивтерден табылған полк журналындағы анықтамада С.Еркімбаев 1942 жылдың мамырынан 1943 жылдың қаңтарына дейін 30 фашистің көзін жойғаны және 1943 жылдың наурызына дейін өзінің снайперлік винтовкасымен тағы да 13 фашисті атып түсіргені айтылған. 1943 жылдың басында оны “бастамашылдығы мен батыл қимылының арқасында әскери бөлімше тапсырмасын табысты орындағаны және ұрыста көрсеткен ерлігі үшін” “За боевые заслуги” медаліне ұсынады. Мұнан кейін қолының жараланғанына қарамай рота жауынгерлеріне көмекке келіп, басқыншыларға қарсы олармен бірдей батыл қимыл көрсеткені полкте атап өтіп, оған өзінің аты жазылған “ТТ” (пистолет) арнайы қаруы сыйға беріледі. Ал өткен жылы Подольскідегі Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен келген құжатта Сұлтан Еркімбаевтың 1943 жылы маусым айында Қызыл жұлдыз орденімен марапатталғаны айтылған. Және осы награданы алғанда оны Коммунистік партия қатарына кандидат етіп қабылдайды. Амал не, осы награданы алған соң екі айдан кейін, яғни тамыз айында 997-атқыштар полкінің құрамындағы ерекше құпия арнайы снайперлер ротасы Харьков үшін болған ұрыста Северский Донец өзенінің жағалауында түгелімен оққа ұшады. Олардың арасында Сұлтан Еркімбаев та бар еді.
Жақында ғана қостанайлық журналистердің сұрау салуымен Мәскеу облысының Подольск қаласындағы бұрынғы Кеңестер Одағы, қазіргі Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен келген құжаттар Сұлтанның батыр бейнесін байыта түсті. Сол 1943 жылдың желтоқсан айында КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен асқан ержүректілік пен батырлық танытқаны үшін 263-дивизияның 997-атқыштар полкі құрамындағы ерекше құпия арнайы снайперлер ротасының он жауынгері өлгеннен кейін І-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталады. Олар: бөлімше командирі, аға лейтенант А.Васильев, М.Волынцев, С.Еркімбаев, В.Степанов, Я.Парвин, И.Коробейников, Л.Борисевич, Л.Краснов, Е.Леонидов, М.Четверговтар болатын. Сұлтан наградаға ұсынылғандардың арасында үшінші болып тұр. Сонымен қатар архив қызметкерлері ерекше құпия арнайы снайперлер ротасының 1943 жылғы тізімін де жіберіпті. Ондағы 36 жауынгер-мергеннің арасында Сұлтан Еркімбаевтың жалғыз қазақ екенін бұрын да айтқанбыз. Мергендікке үздік дайындалған барлаушы рота жауынгерлері ныспыларының барлығы да украин, орыс немесе славян тектес ұлт болғандықтан олардың арасындағы тек қазақ қана емес, жалпы түркі халықтарының жалғыз өкілі де Сұлтан деуге негіз бар.
Енді, бір күнде қырылған 36 жауынгердің ішінен неге ол ғана жоғары наградаға ұсынылды? Өйткені, І-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің статутында кеңестік наградалар арасында тұңғыш рет осы орденге лайық деп саналатын ерліктер нақты аталып көрсетілді. Онда “жаяу әскерлер, снайперлік бөлімшелер құрамында болып, 40-тан аса басқыншылардың көзін жойғанға беріледі” деген тарам бар. Ротадағы І-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен өлгеннен кейін марапатталған ондықтың арасындағы Сұлтан Еркімбаевтың жасаған ерлігі осы орден статутында айтылған шартқа дөп келген. Оған Подольскідегі архивтен келген соңғы құжаттағы снайпер Сұлтан Еркімбаевтың жеке есебі де куә. Онда: “С.Еркімбаев 1923 жылы туған. 263-ші дивизия құрамындағы 997-атқыштар полкінің ерекше құпия арнайы снайперлер ротасына 1942 жылы қазан айында алынған;
1943 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша С.Еркімбаев 30 неміс солдаты мен офицерін жойды;
1943 мартында С.Еркімбаев жойған фашистің саны 43-ке жеткен;
1943 жылдың маусымындағы мәлімет–С.Еркімбаев екі айда 47 гитлершілдің көзін жойды;
Штаб мәліметі – 1943 жылы шілдеде С.Еркімбаевтың жеке есебінде 23 неміс солдаты мен офицері болды;
С.Еркімбаев 1943 жылы тамыз айында Красный Яр селосында ерлікпен қаза тапты. Жерленген орны – Харьков облысы, Изюмский ауданы” деп жазылған.
Майдан даласында құралайды көзге атқан мергендігімен осындай көзсіз ерлік көрсеткен Сұлтан Харьков үшін болған ұрыстарда шешуші рөл атқарған Северский Донец өзенінің жағасын қанымен, жанымен қорғап қаза тапқанда небәрі жиырмаға толар-толмас жаста болатын. Ал оның жиені Өмірзақ Ихтиляпов бұл да Сұлтанның шын жасы екеніне күмәнданады.
– Әкесі жоқ жетім баланы өзгелердің орнына ФЗО-ға жіберу үшін ауылдағы атқамінерлер Сұлтанның жасын бір жасқа үлкейтіп көрсетіп жіберген деп отырушы еді анам Сақыш,–дейді Өмекең.
Егер істің ақиқаты осылай болса, оқ пен оттың арасында жүріп кеудесіне “За боевые заслуги” медалін, Қызыл жұлдыз орденін таққан, командирлерінің қолынан сыйға өзінің аты жазылған арнайы қару алған, өлгеннен кейін І-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған сұр мергеннің жасы 19-ға да толмаған екен-ау... Қайран өмір!
Cуреттерде: ротаның шабуылы және Сұлтанның жеке суреті.
ЕЛОРДАДА
Рахымжан Қошқарбаевқа неге ескерткіш пен дені дұрыс көше жоқ?
Фашистік басқыншыларға қарсы күресте батырлықтың қайталанбас үлгісі болған, Ұлы Отан соғысының отты шежіресінде халқымыздың ғасырлар бойғы ерен ерлік дәстүрінің мызғымас сабақтастығын көрсеткен көптеген қазақ азаматтарының есімдері алтын әріптермен жазылды. Бірақ олардың кейбіреулерінің теңдессіз ерліктері кезінде КСРО құрамындағы кереғар ұлттық саясат салдарынан лайықты бағасын ала алмай қалғандығы да жасырын емес. Солардың бірі — Астана қаласының төл тумасы Рахымжан Қошқарбаев еді.
Рахымжан 1942 жылы 18 жасында Ақмола өңірінен өз еркімен қан майданға аттанды. Жаяу әскер училищесін бітіргеннен кейін взвод командирі ретінде Беларусь майданының құрамында жауға қарсы шайқасты. Неміс-фашистерінің ордасы Берлин қаласы үшін болған қанды қасаптың бел ортасында батырлықтың керемет үлгісін көрсетті. Рейхстагты алуда қаһармандығымен көзге түсіп, қатардағы жауынгер Григорий Булатов екеуі бірінші болып жау ордасының қабырғасына Жеңіс жалауын тікті. Бұл теңдессіз ерлік кезінде лайықты бағасын алмады. Ол құрамында болған дивизияның әскери басшылығы сол 1945 жылдың мамыр айында Р.Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде жоғары жаққа ұсыныс жібергенімен марапат мәселесі шешілмей аяқсыз қалды.
Бұл әділетсіздіктің өтеуі тек еліміз егемендік алғаннан кейін ғана қайтарылды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1999 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен қазақтың қайсар ұлына Халық қаһарманы атағын берді. Сөйтіп, тағдыр талайымы күрделі Р.Қошқарбаевтың теңдессіз ерлігі 54 жылдан кейін ғана ресми жоғары бағасын алды.
Өкінішке қарай, батыр жерлесіміздің ерен ерлігін ұлықтайтын өнегелі шаралар оның туған жері Астана қаласында жоқтың қасы. Кезінде оның есімі берілген шолақ көшеде бүгінде бар болғаны оншақты-ақ үй қалған. Қала құрылымының құрылыс қарқынымен жылдан-жылға өзгеруіне байланысты болашақта ол көшенің жойылып кету қаупі бар.
Міне, биыл ел фашистік басқыншыларға қарсы жүргізілген соғыстағы Ұлы Жеңісінің 65 жылдық мерейлі мерекесін атап өтпек. Осы айтулы күннің қарсаңында Астананың төл тумасы, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың есімін елордада қайта жаңғырту парыз. Сондықтан біз, бір топ астаналық ардагерлер қала әкімдігіне және қалалық мәслихатқа арнайы ұсыныс жолдауды жөн көрдік. Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесіне орай Астана қаласының жаңадан бой көтерген көрікті көшелерінің біріне халқымыздың қаһарман перзенті Р.Қошқарбаевтың есімі берілсе, сол көшенің бойында батырдың ескерткіші ашылса, нұр үстіне нұр болмақ.
Қоңдыбай ЖЕКСЕНБАЕВ, Әскен НӘБИЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Астана.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.