Шараға ұйғыр халқының мәдениет қайраткерлері мен ұйғыр диаспорасының белсенділері қатысты. Елбасы мақаласында айтылған басты бағыттар осы басқосудың өзегіне айналып, онда айтылған мақсат міндеттерді іске асырудың тетіктері талқыланды. Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы сияқты мақалада баса айтылған тақырыптар жеке-жеке сөз болды.
– Президент мақаласында айтылған әр тақырыптың орны бөлек. Президентіміз айтқандай, «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес». Шын мәнінде, бұл сөздерде терең мән бар. Заман көшіне ілесіп жан-жақты дамып жетілуіміз үшін әлемдік озық технологияларды игеріп, экономикамыз бен мәдениетімізді одан әрі өрістетуіміз қажет. «Туған ел», «Туған жер», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», сияқты тың бастамалар өзінің жемісті нәтижесін береді деп ойлаймын. Бұл мақсаттардың барлығы ойдағыдай іске асу үшін әр қоғам мүшесі өз ісіне адал болуы керек, – дейді қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Алевтина Моисеева.
Шарада сөз алған Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің Мәдениет, ұлтаралық татулық және БАҚ-пен байланыс бойынша комиссиясының төрайымы Уасилия Садықова: «Көптеген ұлтты татулықтың бесігінде тербеткен Қазақстанымыздың қарыштап дамуы жолында әрбіріміз табанды түрде еңбек етейік. Жас ұрпақтарымыз оқысын, алдына жоғары талап қойсын, бәсекеге қабілетті жан-жақты білімді зияткер азамат болып қалыптассын. Соған жағдай жасайық. «Үш тілде білім беру», «Цифрлы Қазақстан», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сынды бағдарламаларды толық меңгеру көптеген биіктерді бағындыруымызға сеп болады» деп өз ойын ортаға салды.
Осылайша, мәйекті мәселелерді кең мазмұнда талқылаған дөңгелек үстелге қатысушылар Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы келешегімізге нық қадам жасауға, бағыт-бағдарымызды айқындап, нақты мақсат-міндет қоюмызға ықпал ететін құнды құжат екенін айтып тарқасты.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ