Сырт жер сырыңды алғыш. Сезіміңді қанша тұйықтап, бүркемелеп бақсаң да абайсызда сыр суыртпақтатып аларсыз. “Сым пернені басып қара , Басып қара жырласын”,- дегенде Сәкен сері тұма сырға тұншыққан соң кеуде кере үлбіреген нәзік сезімі мен күмбірлеген көңіл күйіне ерік берген шығар-ау. Ішекті аспаптарды былай ысырып қойғанда, жүрек пернесін дөп басып, қиян шеттегі қалқыма сәтте туған еліңнің туырылған тұтастығын сезім сиқырымен сезіне білуден артық ләззатты тұшыным қайдан табылсын. Сөйтіп дәл қозғалған жүрек пернесінің жан-дүниеңе шапқан дірілі көңіл пернесін бебеулетер. Иә, көңіл айнасын ашар... Сол құдіретті айнадан “Менің Қазақстанымның ” айбарлы үніне оранған Елің бар болмысымен аққудайын сыланып көрінер... Сонда биіктігі 320 метрлік Эйфель мұнарасының құзынан 97 метрлік “Бәйтерегің” , 91 метрлік “Қазақ елің” “менмұндалап” көзіңе шалынар, айшылық алыс жердегі алпамса бітімді алып жұртың алақандағыдай болып көңіл пернесіне сыйып кетер... Сол-ақ екен салыстырмалылықтың құлшынысы дегбірді алып Париж пернелерін басқың келер...
Пернелерді басарсың-ау! Басып-басып тасарсың-ау! Жә, көңіл-көзді тұмшалаған перделерді жүдә ысырып тастау мүмкін бе? Жабулы, бүркеулі тұсы тұтасымен түрілер ме? Танылмайтын, көрінбейтін, сезілмейтін тылсым қырларын бағамдау үшін ғасырлар бойы түсірілген пердені лезде сырғыта алармыз ба? Перде тұтылған, перде ұсталған Париж келбеті оңайлықпен аршыған жұмыртқадай көзге көрінер ме, түге?
... Сәл сабыр етіңіз, пернелі жүрек перделі тылсымдарға тоят таппай құмартқан екен. Сәті түсер. Кенелерсіз көркемдікке. Бөгелерсіз—бекемдікке. Көнерсіз. Бәрібір пернелер мен перделердің тайталасып жатқан заманы екендігін сезінсек, Париж бен Астананың бойын емес, жасамыстығын емес, ой таластырған таңғажайып келбет-кескінін зерде сүзгісінен өткізіп, бағамдап алар бағытымыз баршылық екен... Сонымен, Парижде тұрып пернелерді басайық—саз төгілсін, перделерді ашайық—сыр бүгілсін!..
Перне: тылсым мен таным
Кәрі құрлықтың төр шаһары Париждегі 2009 жылдың 5-11 қазаны аралығындағы ұмытылмас күндерге қайырылып бір оралар шақ туғандай. Парижбен ойша қайта қауышуымыздың да өзіндік себебі, сыры жетіп жатыр... ЮНЕСКО 35-сессиясының жұмысын қамтып жазуға барғанбыз. Мақсат орындалған. Он жыл бойы ЮНЕСКО-ның бас директоры міндетін мінсіз атқарған Коитиро Мацуураға 193 елден келген делегация мүшелері иіліп тағзым етіп, мың алғыс жаудырып, көңіл хошын аямай білдіріп, ізетпен шығарып салған. Оның құрметті орнына болгарлық Ирина Бокова жайғасқан. 57 жастағы жасамыс әйел күйеуімен бірге екі бала тәрбиелеп өсірген. Ағылшын, орыс, испан, француз тілдерінде еркін көсіледі. Аса жоғары миссиялы қызметіне кірісерде ол : “Мен ХХІ ғасырға арналған жаңа гуманизмге құрылған өзімнің тұжырымдамаларымды буырқанған қызметімде жауапкершілікпен басшылыққа алатын боламын”, деп ағынан жарылған. “Ісіңізге ақжолтай!”– дескен әлемдік қосшылары.
... Саясаттық сабылыс саябырсыған сәттерде Париж пернелерін басып-басып көруге талпынғанбыз. Қара домбыра пернелерінен күй сорғалар. Париж пернелерінен ше? Мәдениет пен өнердің атасы атанған мұнда әрине құлақ құрышын қандырар ұлы сазгерлік шығармаларды жалықпай тыңдауға болар-ау. Әңгіме тек саздық ерекшелікте ме екен. Жаппай құмарлық отын маздататын рухани саланың мұражай мен сәулет, сарайлар мен мұнаралар, театрлар мен кітапханалар, мүсіндік ғажайыптар,т.б. таңдай қақтырарлық ғаламаттарға деген ынтызарлық дегбірді қашырған... Әйтсе де көңіл назын үстемелеген сол бір сұлу көрініс көзден ғайыптанбай-ақ қойды. Қазақстандық делегация басшысы И. Тасмағамбетов шетелдік топ жетекшілеріне қонақасы бергенде ұлттық кітаптар, өнер, мәдениет басылымдары үлестірілген. Соның ішінде сырт көзайымына бөленген “Мәңгілік сарын” деп аталатын 200 шығармадан тұратын қазақ күйлері пышақ үстінен таланып алынды. О, ғажап! Жүрегіміз атойлады. Жат жерде кәделенген күйлеріміздің өз елімізде күйленген күйде дүкен сөрелерінде жатып қалатынын ойлағанда көз тұманданады, әйтеуір, қолтықтарда қыстырылып кеткен жауһарларға жаутаңдай қарап, “тәубе,тәубе” дейсің... Бүгіндері қазақы пернелерге жан бітіп, төрткүл дүниенің дүбірін саз жауһарлары діріл-нақышымен өрнектеп жатқан болар...
Әсемдігіне әлемнің не сан әйдік те әдемі қалаларының жиынтығы тең келмейтін Париж тылсымына ене түскен сайын оның асыл жүзіктің ойнақы көзіндей танымға суарылған таңғы шықтай тап-таза, мөп-мөлдір кейпі өзіне табындырта тартады екен. Жүрек сөзін тәнтіленіп, таңдайын қағып, тамсанып айтқан Эрнест Хемингуэй сірә де қателеспейтін шығар. “Париж бұл құйылып тұрған мереке де, береке де ғой”, – деп тілімен бал жалағандай балбырап, былайша байыпты түйін түйеді: “Мұнда не ғажабы барын кім білсін, әманда тәбетің ұлып, ішімдікке тоймастай болып бас қойып, жасампаздық іске қайралып, қайраттана алабұртып, махаббатқа ессіз құмарланып тұрасың, бәлі!” Ал керек болса! Америкалық болашақ ұлы жазушы бұл таңсық та тамаша сөзін 1921 жылы жазып қалдырған екен. Содан бері не заман аунады, бәрібір әлгіндей бірегей пікір әркімнің әрқалай лебізінен табылады. Көреген көздің кереметтігі де. Уәлі сөздің берекеттігі де.
Сезімде сезік жоқ. Имандай сенім бар. Сансыз пернелі Парижге табына білген жүрек түптің-түбінде сырын алып тынар. Мың-сан қырлы, алуан бітімді, өзгеше өрімді, сәбидей көңілді, өмірдей өңірлі, шіркін-ай, безенген тілге береке тән ғой, парықты да қарықты Париж бейтанысына да құшағын аша түсер паңдықпен, кейде аңғалдықпен, енді бірде асаулықпен, келесі сәтте сабырлылықпен. Париж бір қарағанда, өз қадірін біліп бәлсінетін жөні бар. Ұзақ ғасырлар бойы қала өз мінезімен, өз тұлғасымен тамырланып, дендей дамып, дербес ұлғайып үнемі жаңғырып, жаңара түрленген, гүлденген қала. Париждің өзгеше өзгермелілігін, өрмекші торындай тез тоқылып, толыса таралатынын Шарль Бодлер қалтқысыз байқап: “Ол біздің жүрегімізден де шапшаң соғып, құлпыра түрленіп отырады”, – деген еді дәлдікпен аңғара. Шынында да оның дамуына баға берген талай көріпкел керемет тұлғалар шаһардың эволюциялық жолдан көрі революциялық талғаммен өркендей түсетініне тоқтам жасаған.
Әуелеген әннің әуезінде тербелген Париж ғой ол! Түрлі-түсті фильмдегі, мың бұралған бидегі келбет-кескіні өз алдына. Сәулет өнері мен сурет сызбасындағы немесе әдебиеттегі Париж әлемі тұнық та кіршіксіз, саф ауадай таза жаратылысымен тәңірідей табындырады. Эдит Пиафтың қасірет пен қайғыға қырналған дауысы, Шарль Азнавурдың қарлығыңқы әуені, т.б. өнер пірлерінің қайталанбас сазды ырғақтары құлаққа бір жетті ме, ажырағысыздай арманға бөленесің.
Пернелі Париж қазақстандық делегацияның көл-көсір қуанышын еселеуімен де рухани танымдық қатпарларын тосыннан аша түскендей болды. Енді өз пернемізді де басып-басып, әуен құйқылжытар құмарлыққа кенелгендейміз. ЮНЕСКО Қазақстанның бастамасымен 2010 жылды “Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы” ретінде атап өтуге шешім қабылдады. Сондай шаттықтан көңіл тасыған бір сәтте “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының бас директоры Дүйсен Қасейіновпен пікірлесудің сәті түскен еді. Оның басты жаңалығы – Наурыз мерекесін түрік халықтарының белсене араласуымен ЮНЕСКО бойынша атап өтудің маңыздылығына тірелетін еді. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, кез келген ұлттық мейрамдардың мұндай өте биік, сарабдал деңгейлі ұйым қолдауымен насихатталуы некен-саяқ мысал еді. Ал бұл мүмкіндікке Қазақ елі, оның түркі тілдес барша тілеулестері ие болғаны шадыман шаттықты еселеп жіберген. Сөйтіп, бір кезде қызыл империяның қыт-қыттауымен қызығын құрытқан Наурыз ұлттық нақышымен, өзіндік айшығымен ортамызға оралған соң, мазмұнын байытып, бағытын батыл болжап алған-тын. Өрісін міне, кеңейтіп отыр. Бұған қуанбаған жан баласы жоқ шығар.
Басты қуаныш “түрксойлықтардыкі”. Себебі былай. Ана бір жылы Наурыз мейрамдалуы туралы ұсыныс ЮНЕСКО-да құпталмай қалғанда, еңсе түсіп кеткен. Енді төте жол ашылып отыр. Жағдай туғызылып, томаға сыпырылды. Дүйсен Қасейіновтің мәлімдеуінше, қанша жерден “туыспыз, жақынбыз” деп биік мінберлерден кеуде қағып жатсақ та, шындығында түркі тілдес халықтардың арасында осы күнге дейін “ТҮРКСОЙ”-дан басқа халықаралық ұйым жоқ екен. Ұйымның жарғысында оның ешқандай да саясатқа араласпайтындығы баттитып жазылған. Оның жұмысы таза гуманитарлық, мәдени сипатта өрбиді. 1993 жылы Алматыда ортақ халықаралық ұйым құрылып, бірлесуге қол қойған мемлекеттер: Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстан, Әзірбайжан мен Түркия болатын. Осылардың ішінде бұрыннан тәуелсіздікке ие ел бір ғана Түркия болса, қалған бес елдің тәуелсіздіктерін алғанына 20 жылға жуықтады. Тағы да алты ел, Ресейдің субъектілері: Татарстан мен Башқұртстан, Алтай мен Тыва, Хакас пен Якутия, сондай-ақ Молдавияның құрамына жатқан Гагауыз Йері мен Солтүстік Кипр бар. Соңғылары ұйымға әзір бақылаушы мүше болып отыр. Осы 14 елдің министрлерінен тұратын тұрақты кеңес жылына екі рет бас қосып, мәжіліс құрады. Халықаралық ұйымның мақсаты түркі халықтары арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамыту әрі туыстас елдердің мәдени қарым-қатынасын жандандыруға саяды.
Бас директор Дүйсекеңнің ЮНЕСКО штаб-пәтерінің арадай құжынаған аумақты залында тұрып жедел де желдіртіп берген сұхбатынан байқағанымыз, Қазақстан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ең белсенді мүшелерінің бірі екендігі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұйым жұмысының жақсаруына ерекше көңіл бөліп келеді. Оның тікелей қолдауымен Қазақстан 2008- 2011 жылдар аралығында түркі тілдес мемлекеттерге ортақ жалғыз халықаралық ұйымға төрағалық етуге тұңғыш рет қол жеткізген. Әрине, түркі елдері егемендігін алғалы бергі уақыттың сұранысына сәйкес әр ел хал-қадерінше өз ұлттық мәдениетін дамытып насихаттау, әлемге таныту үшін ұланғайыр жұмыс жасап жатқаны белгілі. Десек те, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының аса ірі нәтижелерге жетіп, туыстас түркі жұрттарына ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне үлгі болғанын мақтанышпен атап өтуге тиіспіз. Шындығын айтқанда, мұндай көлемді көпжылдық мәдени бағдарлама тіпті кейбір экономикасы дамыған қуатты елдерде де іске аса қоймағаны анық. Сол тұрғыдан алғанда Қазақстанның бұл төрағалығы оны өзге бір қырынан әлемдік мойындаудың жарқын мысалы деп бағалауға әбден жарасар еді. Ал түркі тілдес елдерге тән Наурыздың ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы отырғаны, әрине, ортақ ықыласқа дарыған берекелі несібе деуіміз ғанибет.
...Кешікпей-ақ барша сән-салтанатымен Наурыз мейрамының да Париж тұрғындарын баурап аларын ойлағанда, оның сыбызғылатып, сырнайлатқан сансыз пернелерінен төгілген түркілік һәм қазақы әуездің еуропалық кеңістікке шарлап сіңетіні осы бастан-ақ жүректі бұлқынтады... Наурыз пернелері Париж пернелерінің өзгеше күйін еселей түсер, бәлкім....
Таңсықтық билеген бойыңды көшесінде де тежей алмай жүруің, әне, бұл шашасына шаң жұқтырмас шаһардың бұла мінезі дерлік. Саңырауқұлақтай боп алаңқайларынан жиі кездесетін театрларына кіріп, тылсым мен танымның әлдиіне тербелуің былай тұрсын, оларды жөппелдемеде көзің шалып қалғанының өзі тамаша тарту іспетті. Осылайша түнгі бір шолақ шолуымызда әлемдегі теңдессіз Опера театрының маңына рықсыз желімделіп қалыппыз... ІІІ Наполеон заманы сәулетінің типтік үлгісіне жататын бұл ғимарат 1862-1875 жылдары Гарнье жобасымен салынған. Оның аумағы 1 1000 шаршы метр, 2000 көрермен сыяды, сахнасында 450 актер өнер көрсете алады. Осы Опера театрынан бермен Капуцинов бульвары басталады. Жапсарлас №28 үйде атақты “Олимпия” мюзик-холлы орналасқан. Ал №14 үйдегі жазуға үңілгенде, мұнда 1895 жылдың 28 желтоқсанында ағайынды Люмьерлердің жұртшылыққа тұңғыш рет фильм көрсеткенін аңдайсыз.
Аяқ басқан сайын тылсым ашылып, таным тарта түседі... Міне, іргедегі қазір Әділет министрлігі орналасқан зәулім ғимараттың тап алдында 1842 жылы Стендаль жүрек талмасынан мұрттай ұшқанын да оқып білдік... Жаңа әзірде ғана осы Опера театрында қазақ бұлбұлы Майра Мұхаммедқызының әлемдік жаратылыста сирек сиқырлы үнімен француздықтарды ықыласқа бөлегенін естіп, бөркімізді аспанға атқандай күйде келе жатқанбыз. Тағдыр-ай десейші, енді Стендальдің сүрінген жерін басқанымызда тұлабойымыз өртеніп жүре берді... Тарихқа уақыт кеңістігі дегеніңіздің өзі кеп-келте дүние екенін сезіндік. Кешегі тұлпар тағдырлар... бүгін уақыт уысында мөлт-мөлт етіп аязданып жатыр. Сынаптай сырғып осылайша ұрпақтар кәдесіне ұсыныла берері де ақиқат. Сол жақұттарды ұмыттырмайтын зерделі, өткеніне талғампаз, кеткеніне мирасты кәрі Парижге қалай ғана сүйсінбессің... Бізде ше? Өз пернемізді басып көрсек, кірбіңдікпен бас шайқайтын күйде екеніміз жасырын емес қой. Мүмкін, осы Опера театрының алаңқайынан Әміре Қашаубаевтай ән жампозы да қанатын қомдап, қазақ сахарасын титімдей жүрегіне сыйғызып, домаланып жүгіріп өткен шығар... Мұстафа Шоқай табанының осында табы қалмады деуге тіпті сенбейсіз. Жиырма жылдан астам уақыт Парижді мекендегенде сыршыл сезім иесі Опера театрына бас сұқпай кетуі миға сіңбейтіндей ме-ау... Қайсыбірін айтарсыз, биліктегілерге қаратпа сөзіміз жетіп артылады. Әннен жаралған Әміре мен ұлт намысының алмас қайрағы Мұстафаның Париждегі күндерінің кейбір тылсым сырлары әлі толық рухани кәдеге жаратылмай отырғаны ащы шындық қой. Ал олардың ескерткіш-мүсінін Парижге ұқсап баққысы келетін Астанада көргісі келетін қазақ жұртының арманы қашан орындалар екен?
Мәңгілік мәселелер үнемі көше кезіп жүреді деп, бір данышпан айтпақшы, Париждегі ұмытылмас күндерде сол сөздің мәнін жете түсінгендей болдық қой. Әр сәт сайын кәрі көшелерден әрненің байыбын ұғасың. Сондай көңілге түйгендерімізді қажетіне жаратса, кейінгі ұрпақ құб алсын! Осы жағы ғой діттегеніміз. Париж пернелерін жүрек саусағымен басып-басып жіберсек, оның сансыз тылсымы сымдай тартылып, танымы тосын тәбәріктей тарқатылып, әп бәрекелді, біздің Астанамыздың да қилы-қилы жетістігі мен кейбір кемшін тұстарын салғастыра безбендеп, шотқа қаққандай екшеп өлшеп, әлемдік елордаға айналудың бағыт-бағдарын бипаздап ұсынатындай ма?!
...Тарих әлдилеген Париждейін біздің Астананың да көңіл, сезім пернелерін қызыға да құмарта, әуестене де әуеленіп басып-басып қалып, әуеніне құлақ тосуға ынтызар әлемдік әлеумет табылатын күн де алыс емес қой!
Перде: кеңістік пен көкжиек
Париж пердесі көңілден қалқалайтын керім көркемдік пен кейбір келеңсіз де кикілжің көріністерді сана сүзгісінен өткізбей жаның тыншыр ма, түге. Пердені ысырсаң Париж кеңістігі мен көкжиегі көлгірсімей, көнелі де көнтерлі кейпімен көз алдыңа үйіріле қалады. Тек түсірулі пердені ебін тауып, ысыра білсеңші. Сөйтіп көне шаһардың таңғажайып табиғатына кірсеңші...
Пердесіз Париж қандайсың? Жаңа туған айдайсың! Перделі күйің ше? Тылсымсың! Тұнық ойға батқансың. Таңшолпандай таңғы рауан алдында керіліп бір жатқансың. Ой азабына бөгіп, беліңді жаза алмаған қариясың. Тереңдігін білдіртпейтін дариясың. Пердеңді ашшы, Париж! Асыл інің Астана өтінеді...
Таныс та бейтаныс Парижде жалған дүниедегінің бәрі бар. Қазынасын қойнына жиған. Бәтір-ау, мұрағат біткен қалайша сыйған? Әне, ғасырлар тәбәрігіндей ұлы ескерткіштерімен есіңді алатын туристік Парижге сұқтанбасыңа не амалың бар? Оның ойға сыймайтын немесе шап-шағын мұражайларына кіріңізші, әйтпесе ұлттық нақышпен безендірілген мүйістеріне бас сұғыңызшы, үстіңізден тіршілік жүгі сыпырылып жеңілейіп, ойнақтап шыға келесіз. Басың бос, ойың еркін, төбеңнен ешкім тұқыртпайтын, нағыз құрықсыз адамсың. Батыста бағың осындай дербес тәуелсіздігіңмен ашылады-мыс. Демократия салтанаты бұл. Тағы бір пердені сырсаңыз, аса қымбат дүкендер мен салтанаты келіскен бағалы модалар көз жауын алар. Келесісін түрсеңіз, теңдессіз дәмі мен ас-суын ұсынған дастарқан мәзіріне тап боласыз. Аузыңа салмай жатып-ақ тіліңде еріп қоя береді тағамы. Тоқ көңіл табиғат аясын аңсайды. Желпінгісі, серпілгісі келеді. Шыға ғой онда, аңсарың ауса, Сена жағалауындағы ғаламат көкмайсалы саяжайларға. Алдыңнан мың сан бояулы перделер түрілер... Түрілер де санаңа кірігер... Астанаңның да Елбасы мәпелеген көкжелегі қабаттаса көзге ілігер... Қымбаттан қымбат алыс жатпайды, ал арзанның азабынан сақтасын да... Астананың қиын да болса бағалы табиғатын аялауға бекінгені қуантады.
Қылқалам шеберлерінің сандаған ұрпақтары өздерінің майлы кенебінде Париждің жақұттай өзгеріп, көз қарықтырар келбетін бейнелеуге ғұмырын арнаған. Дұрысы бар, бұрысы бар, дегенмен уақыт елегінен өткен маржандары ғана қалған. Қаланың түр-сипаты жылдың төрт мезгілінің бояуымен кескінделгендей. Демек, мәңгілік оңбайтын, ешқашан солмайтын құдіретті бояулар тылсымы тамсантпай қоймайды. Бірде ашық, бірде күңгірт, бірде қараңғы түндей қою реңк. Бәрі жарасады, солардың сағымынан Парижді танисың. Әлемдік кинематографияның туындысына ілкім сәт назар аударыңызшы, Париж қолтаңбасы дараланады. Оның көшелерін ешқайсысымен шатастырмайсың. Ол даңққа кенелмекші біртуар саясатшыларға да, қуғындалған ақын-жазушыларға да, қарғысталған суретшілерге де пана болуымен әр жүрекке іңкәрлік сезімін себезгілейді. Қысқасы, зәбір шеккеннің маңдайынан иіскеп, төріне шығаруымен шапағат нұрына өзін де, өзгені де мала білген жайлы қоныс, мәңгі тыныс. Париж бір келіп кеткеннің де, уақытша тұрақ тапқан эмигранттың да, азаматтығын алып бақилыққа өткеннің де өмір шырағындай із қалдырған қасиетті мекеніне айналған-тын. Сөйтіп әркімнің жүрегіне мәдени, рухани, жай бір тұрмыстық немесе махаббат әткеншегіндей қызық ғұмырлы шадыман сәттер тізбегін сыйлаған, тіпті байлық пен кедейліктің дәмін алалап таттыруымен, кейде қарапайым тірліктің қайнаған базарын армансыз аралатуымен бұл Парижің бөлекшеленіп тұратын. Гитлершілер басқыншылығында Парижден оның маңайындағы қалаларға жаппай босқындар ағылған кезде Мұстафа Шоқай: “Маған саяси баспана ұсынған мемлекетті тастап кету – мен үшін Отанымнан ажырағанмен тең қасірет”, – деп тегіннен-тегін күңіренді дейсіз бе? М.Шоқайға қатысты перделі тарихтың тылсымына көз жеткізгендей болдық осында. Оның жары Мария Яковлевна Горина-Шоқайдың өсиетін адамгершілікпен орындаған француздық ғалым Шанталь Лемерсье-Келькежей М.Шоқайға қатысты көптеген құжаттардың туған еліне табысталуына жанын салып жәрдемдесіпті.
Парижде болғанымызда Алаш арысы М.Шоқайға қатысты тарихи жерлерді аралап көріп, оның тұрған үйі жанына орнатылған ескерткіш тақтаға тағзым етіп, өзге де құжаттармен танысуға мүмкіндік алғанымызды сапардан соң іле жазылған мақаламызда жан-жақты баяндағанбыз. Сондағы айтылғандарға қосарымыз – М.Шоқайдың туған жылына қатысты әртүрлі деректің бар екендігіне назар аударып, сол ауытқушылықты бір ізге салу қажеттігін ескерту еді. Оның туған жылы 1889, 1890, 1891 жылдарға телініп жазылып келеді. Мария Горина- Шоқайдың өзі естелігіндегі жазбасында 1890 жыл деп көрсетеді. Қайсысы дұрыс? Бұл дүдәмал сұраққа шоқайтанушы белгілі жазушы Оразбек Сәрсенбай нақты да дәлелді түсінік бере келіп, әлгі үш деректі де жоққа шығарып, М.Шоқайдың туған жылын 1886 жылға әкеп тірейді. Енді осы негізделген деректі ұстанғанымыз жөн болар. Дегенмен де 2010 жылдың басында Француз-Қазақ достық қоғамы ұйымдастырған М.Шоқайдың туғанына 120 жыл толуына арналған кеш өткізіліп, онда Француз парламенті біртуар қазақ ұлы туралы француз тілінде кітап шығаратыны және басқа іс-шаралар туралы мәлімделді. Қазақстанда да халықаралық жиын ұйымдастырылатыны айтылып қалды. Мұндай бастамалардың басында Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қызметкерлері мен Ножан-сур-Марн қаласы әкімдігінің қызметкерлері және диаспора өкілдері жүргені ризалық туғызады.
Сөзді сөз қуып, тағы бір шетін мәселенің басын қылтитқымыз келіп отыр. М.Шоқай Қазақстан ұлттық энциклопедиясына неге енгізілмей қалған? Бірақ та оның бастапқы томдарына кірмеген кейбір ұлы тұлғалар туралы жаңсақтық түзетіліп, соңғы оныншы томның қосымша бөлімінде берілген екен. Өкінішке қарай М.Шоқай сонда да болмай шықты. Мұны қалай түсінуге болады? Есесіне, қосымшада қызмет бабын пайдаланып, “қайталанбас тұлғаға” айналып кіріп кеткендер байқалады. Ондай пысықайлар Социалистік Еңбек Ерлері Ж.Демеев пен Б.Кітапбаевты, ұйымдастырушылығымен айрықша көзге түскен мемлекет қайраткері М.Жұрмұхамедовті, т.б. қалай ғана ұялмай-қызармай ығыстырып тастады екен? Осындай олқылықтар жөнімен реттелсе екен дейміз.
Ең болмағанда бір мұражайына кірмей кетуді кешірілмес күнәдей сезініп, алас-күлес сапырылыс сәттің ебін тауып Луврды тамашаладық. Бұл бір сыртқы жиынтығын қосқанда, шағын аудандай аумақты екен. Оның тарихы сонау ХІІ ғасырдың соңынан басталады. Ал бүгінгі “Үлкен Луврдың” жобасы 1981 жылы президент Франсуа Миттеранның шешімімен мұражайлық мәртебесін қайта оралтуымен жүзеге асқан. Әйтпесе ол басқа да мақсаттарға пайдаланылып келген. Ерте заманғы Лувр сарайының мүлде жаңартылған кейіптегі мұражайлық нұсқасы алғаш есік ашқан екі ғасырдан соң 1993 жылы түпкілікті аяқталып, екінші өмірін бастаған. Қараңызшы, өнер жолы қандай азапты да ауыр жол. Бәрі адам игілігі үшін, ұлт рухын байыту үшін істелген шаруа екені түсінікті. Лувр мынадай жеті бөлімнен тұрады: Ежелгі Шығыс және Ислам өнері; Ежелгі Египет; Ежелгігректік, этрустік және ежелгіримдік өнер; Көркем бұйымдар; Мүсіндер; Живопись; Графика. Жедел шолып шыққанның өзінде оның бір бөлімін адақтаудың өзі қиямет-қайым... Міне, “Джоконда” атауымен әлемге аян Мона Лиза портретінің (суретші Леонардо да Винчи – 1452-1519) алдында тұр екенбіз... 77 х 53 см. көлеміндегі ағашқа майлы бояумен 1503-1506 жылдары салынған. Нағыз жалғыз данасы. Белдеу ағашпен керіп тастаған, маңына жақын бара алмайсың. Топырлаған таңсық жұрт. Өнерсіз өмір тұлдыр жетім екенін түйсінгендейсің. Біз де ше... Астанаға келген көшпелі көркем көрмелерді елемей жібереміз-ау... Астанада да, Луврға жету қайда, бірақ соған тектес мұражай болса деген арман оянады... Луврда арбаға таңылған немесе арқаға жабысып алған қаншама мүгедектердің ғажайып өнер туындыларына сарылып қарап отырғандарын ұмытуға болмас...
Тосын ысырылған перделерден түрлі рухани кеңістіктер жарқырай көрініп, оның көкжиегі көгілдірленіп әрқилы таңырқарлық тылсымымен өзіне тарта түседі. Сондай әсерленгіш көңіл айдынында енді Францияның ұлттық кітапханасы тұра қалыпты. Оны құру идеясын өзінің президенттікке екінші рет сайлауы кезінде Франсуа Миттеран ойластырған екен. Ал кітапхананың ресми ашылуын Жак Ширак 1996 жылы жүзеге асырыпты. Кітап әлемі сегіз гектарға жуық жерде салтанат құрған. Оның қорында 12 миллион кітап сақтаулы. Сырттай қызықтағанның өзінде рухымен тояттандырады. Маңайынан жанап өткеніңде кітаптардың әлдене күлімсі иісі мұрын жаратындай ма?... Солай болуы да ғажап емес. Парижде бәрі де табиғи, таза, мөлдір, не нәрсенің де сыны бұзылмаған. Сонысымен де өркениеттілік ұлылығы аңғарылып тұрар. Мұндай кітапханаға барып жүрген Олжас Сүлейменовте не арман бар дейсіз. Есімізге түсіп отыр, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Омарұлынан мәжілістен тыс бір қағаберісте “АЗ и Я” кітабының жарық көргеніне 2010 жылы 35 жыл толуына байланысты бірер ауыз лебіз білдіруін өтінген болатынбыз.
– Дүниенің алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып империя – Кеңес Одағы да ыдырады, – деген еді Олжас Омарұлы. – Жаңа көзқарастар, жаңа саясат, жаңа заман туды. Алайда “АЗ и Я”- да қозғалған сонау бір тұстардағы ой-толғамдардың бүгінде рухани өмірімізге өте қажет екеніне мен кәміл сенемін. Бәлкім, туған халқымның осы күнге дейін ғасырлардың шаң басқан қыртыстарында көзден таса, көңілден тыс жатқан тарихына ендігі жерде тереңдеп үңіліп, дұрыстап жан-жақты зерттейтін кез туғанда жаңа тарихшыларға менің еңбегімнің де себі тиер деп ойлаймын.
Бір қызығы, ұлы кітапхана маңында Олжас Омарұлының осы таупиықты сөзі есімізде қайта күңгірлеп жаңғырғанына аң-таңбыз... Мүмкін, мұндағы кітапхана перделерін түріңкіреп үңілсек, талай қазақ жазушыларының француз тіліне аударылған нұсқаларын да кездестіріп қалуымыз кәдік-ау. Әйгілі француз жазушысы Луи Арагонның “ Абай жолына” берген бағасы бар еді. Қалай еді, жалпы пікірінің нобайы ғана ойымызда қалған... (Кейінірек, елге келген соң дәлме-дәл көшірмесін беріп отырмыз: “Мен оның (Мұхтар Әуезовтің) шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды өзіме үлкен абырой санаймын. Эпикалық роман “Абай”, менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. Бұл роман оқушыға қызықты қиял мен өрен ой өлкесін кездіріп, талай терең толғаныстар тудырады. Бұл шығарма совет әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарманы табу қиын”.) Еуропа зиялылары тағы кімдерді таныр еді...
Ал Ботаника бағынан таяқ тастам жердегі мешіт – бұл ескі Париж орталығындағы Шығыстың ғажайып экзотикалық мүйісі іспетті. Туристер ағылып келіп жатыр. 1922-1926 жылдар аралығында салынған мешіттің сәулеттік шешімі ерекше көз тартады. Парижде тұратын 3 мыңдай қазақ диаспорасының өкілдері осы Алла үйіне келіп, мінәжат етіп тұратын көрінеді.
Диаспора белсенділерінің ұйытқы болуымен біраз іс-шаралар жүзеге асырылған. Сәбира Көксалдың “Қазақ тіліне кіріспе” кітабының тұсаукесері өткізіліп, онда ана тілінің көкейкесті мәселелері сөз болды. Аталған кітап Франция мемлекетінде қазақ тіліне арналған тұңғыш оқулық. Сәбира Түркияда туып, экономика пәні бойынша білім алған. Соңғы он жыл бойына Парижде тұрады. Ол сондай-ақ парсы, моңғол, түркі тілдерін жетік меңгерген. Қазақстаннан арнайы келген суретші Л.Маралбаеваның шығармаларынан көрме жасалды. Ал 2009 жылғы 5 наурызда Президент Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Астанада өткен Қазақстан әйелдері форумына барып сөз сөйлеген Фатима Түркоз өзінің қайталанбас әсерімен бөлісті. “Ескіні еске алмай, жаңа жадыңа түспейді” деген ата-баба мақалын сөзінің мәйегі еткен ол форумдағы сөзін мүдірмей соқты. Кезінде тарихымыз бұрмаланып, ата-қонысымыз шұбарланып, тегің кім десе күмілжіп қалатын едік. Құдайға шүкір, Қазақстан егемендігін алғалы бері ел болып, етек жиып, міне, оң-солымызға көз жүгіртіп, өткенімізді ескеріп, болашаққа даңғыл жол салып жатырмыз. Біз де енді Еуропада жүрсек те текті атаның ұрпағымыз, киелі жерде өрбіген иелі елдің жалғасымыз деп мақтанышпен айта аламыз.
Біз сәті түсіп, Қазақстан елшілігінің қызметкері Мұрсал-Нәби Тұяқбаевтың көмегімен Фатима ханымның үйінде болған едік. Қолынан дәм таттық. Қазақ дастарқаны молынан жайылып, Еуропа төрінде мәре-сәре болдық. Отағасы Әбдуақап Түркоз қазақша майын тамызып сөйлейтін іске мығым, кәсіби білікті, ұлтжандылығы басым ақжарқын азамат екен. Баласы Толғаны Алматы жоғары оқу орнына жіберіп, оның келешегінен ата-анасы зор үміттеніп отыр. Олар әңгіме үстінде ұлттық ыңғайда үлкен мәселелер көтере білді. Сол айтқандарын жүйелеп көрсек, дүниежүзіне сән жағынан көшбасшы болып отырған Парижде қазақы болмысымызды танытатын еуропалық тың технологиямен нәрленген бәсекеге қабілетті киім-кешектер, үй жабдықтары мен жиһаздарын, басқа да бұйымдар жасайтын кешенді кәсіпорын ашуға ұмтылыстары бар екен. Қазақтың қолөнері арнайы сауда орындарында Еуропа жұртшылығына ұсынылып отырса дейді. Сонымен бірге қазақ отбасының ошағын қорып отырған аналарымыздың қолынан шыққан өнімдері – құрт-ірімшік, балқаймақтарын да, қазы-шұжықтарын, тары-женттерін экспорттау бойынша әлеуеттік мүмкіндіктерін зерттеп, тиісті шешім қабылданса деген тілектері және бар. Қысқасы, Парижде қазақы қолтаңба молынан кезіксе деген асыл армандарына тербетілуде. Несі бар, сәті түсіп қалар.
...Кәрі көшелері тарамыстанып тарқатылады. Біз тұрған қонақ үй алты көше қиылысының шеберінде үшкірлене иіліп тұр. Әлгі дөңгеленген енсіз доғада сапрылысқан көліктің неше атасы кезігеді дейсіз. Тар жолмен ызғытады. Тілдей тротуарының жиегінде “көгенделген” түрлі көліктерден көз тұнады. Үйінен шыға салып мініске түседі. Бір қарағанда ыңғайлы, бір қарағанда адамынан құжынаған көлігі, жүргені бар, желідегісі бар, құмырысқадай құжынайды. Бірақ бірінің жолын бірі кеспейді, әркім өз өрмегімен әуре секілді. Көліктерінің басымы отандық үлгідегілер, оның үстіне шап-шағындары, ұршықша үйіріледі, нәті үнемді тәрізді. Көше тіршілігі басқа да сан қырымен таңдантады. Бір мүйісте бомждар қарақожалақ күйелештеніп, жылтыраған көзімен өңменіңнен атып, кейбірі жаныңа жанап келе, алақан жая зәреңді ұшырса, кейбірі өткіншінің етегіне жармасып, қолындағы сақина-білезігін сипалағысы келіп, жалбарына мүләйімсиді. Көше бойы быжынаған ресторандар, кафелер, жұқана дәмханалар. Атақты шарабын ба, әлде басқа да қынулы ішімдігін бе, сылқытып жатады. Көздері қызарып, түрі келіспейтін, аш-арық қалыптылар да ұшырасып қалады. Париж, тіпті бүкіл Франция ішімдікті үзіліссіз пайдалануды тыю жөнінде бір шешімге келіп, ымырасыз күреске тас-түйін бекінгенін естіп, білдік... Көше жүргіншілері асығыс-ақ. Арзанқол, ыңғайлы, жеңіл киінген. Өндірістік цехтан енді шыға салғандай, жеңіл желбегейлі. Бұдан ынты-шынтымен жұмысқа ден қойғаны байқалады. Әне, көше бойлап жүгіріп бара жатқандары қаншама? Таңғы бой жазу емес, мезгіл таңдамай, денесін ширақ ұстаудың қамы да. Топ-тобымен спорттық жаттығудан шыққан балалар мен жасамыстарды немесе сүйегі қаусаған кәрі-құртаңды жиі көресің. Жүздері қандай ажарлы, ішкі буырқаныстары бетке теуіп тұр. Қимылдың құдіреті де. Жалпы, Париждің стадиондары, спорттық жаттығу орындары тұрғындарға ыңғайлы орналасқан. Өркениет өресі осыдан-ақ сезілетіндей. Денсаулығы мықты адамы көп болса, мемлекеті тегеурінді деген ұстанымға берік бекінгендей.
... Иә, перделер ашылған сайын жай тіршіліктен басталған кеңістік пен көкжиек ұштасып, үлкен саясаттың сағымы себезгіленіп сейіле түседі. Былтырғы жылдың аяғында Францияның Қазақстанмен стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойған Еуропадағы алғашқы мемлекет екені еске түсіп, үмітке толы көңіл масайрайды... Екі мемлекеттің қатынастары енді басталып отыр, перспективасы өте қызықтырады.
...Париждің киелі де қасиетті Эйфель мұнарасына шықсаңыз, толық сырғымайтын перде тұтымы қалмайтындай. Қанша дегенмен 320 метр биіктік бас айналдырғанымен, санаң сергек, осы тұрысың ермек... Көкке шаншылған 120 жылдың ішінде мұнараны 150 миллионнан астам қонақ құмарта қызықтапты. Күшіне сенгендер 1710 басқышты санап басып, шырқауға шымырықпай көтеріледі екен. Ашық күндері мұнара басынан радиусы 70 шақырымдық қашықтық айқын көрінеді.
...Иә, кеңістік кеңейіп, көкжиек ұзара түседі екен! Ендеше Париждің пердесіз сәтіне тап қыла берсін деп тілейік!
Қайсар ӘЛІМ, Астана-Париж-Астана.