Олардың ойынша, ақпарат аламанында әлі-ақ әлеуметтік желінің аты озбақ. Өйткені, өмірдегі өзекті мәселелердің мәнісін жұрт содан оқып білмек. Газет-журналдар оқырман қолына тигенше, елді елең еткізерліктей жаңалықтар ескіріп кетеді. Оның үстіне мынау ұршықша зырылдаған ұшқыр заманда көлдей-көлдей көпірме мақалаларды «езіп» отыруға ешкімнің уақыты жоқ. Сондықтан жеделдігі жетіспейтін баспасөз байғұстың соры сорпадай қайнамақ. Блогерлердің бағы жанбақ.
Журналист мамандық емес, ол үшін арнайы оқу бітірудің қажеті шамалы деушілер де аз емес. Бұл кәсіпті сүйегіне сөз сіңген кез-келген адамның меңгеріп кететіні рас. Бірақ бұдан талантың тас жарып тұрса жеткілікті, диплом алу міндетті емес деген ой туындама керек. Бір білетініміз, өнердің қай түрі де үміттерін үкілеген өрендерден бейімділікті талап етеді. «Құдайдың бермегенін Сорбона бермейтіні» белгілі. Әйтсе де әркімнің бойындағы қарым-қабілетті ұштайтын терең теориялық білімнің пайдасы ұшан-теңіз. Олай болмаса әнші консерваторияда, суретші бейнелеу бағытындағы академияда оқымас еді ғой. Естуімізше, дауысы көкте дамылдаған Димаштың өзі шеберлігін шыңдамақ ниетпен шетел аспақ көрінеді. Болашақ қаламгерлер де солай, университет қабырғасында жазу-сызудың әліпбиімен танысуға тиіс. Егер еліміздегі жоғары оқу орындарының журналист кадрларын дұрыс дайындайтындығы туралы дау туындап жатса, ол басқа тақырыптың тұздығы.
Біздің әріптестеріміздің басқа сала өкілдерінен бір артықшылығы бар. Талай науқасты ажалдан арашалаған аса білікті дәрігерді, төрткүл дүниені төңкеріп тастардай ақыл-ойға ие ғұлама ғалымды көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ал, халықтың көкейіндегісін көтеретін тілшілер, әсіресе тележүргізушілер тез танылады. Елбасы ұшағына мініп еңку-еңку ендіктерді аралау, әлемдік державалардың патшалары отыратын салтанатты сарайлардың төріне шығу, тұғыры биік тұлғалармен терезесі тең құрдасыңмен сырласқандай сұхбат құру екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Кешегі кеңестік кезеңде де, одан кейін де жұлдызы жарқыраған жампоз Василий Песков есіме түсіп тұрғанын қарашы. Қалам қуатының арқасында екі қоғамның да қызығын көрді. Сонау елуінші жылдары фотоаппаратын асынып Мәскеуге келген жас жігіт көп кешікпей-ақ «Комсомольская правданың» корифейіне айналды. Аты-жөндері адамзат тарихында алтын әріппен жазылған Гагарин, Жуков сияқты жақсы-жайсаңдардан алғашқылар қатарында интервью алды. Ұшқан құс, жүгірген аңның ізін қуып шартарапты шарлады. Табиғат тамашаларын таңбалады. Тағдыры таңғажайып кейіпкерлерді тапты. Ең бастысы, ұзақ жылдарға созылған шығармашылық ғұмырында қалаған тақырыптарын ғана толғады. Капитализм мен социализм шарпысып тұрған шиеленісті шақта америкалықтардың шақыруымен Аляскада ат шалдырды. Антарктиданың ақ аюларымен ағайындай «араласты». Атағы аспандаған ақын-жазушылар қол жеткізе алмаған Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Қашан дүниеден қайтқанынша «КП»-ның редакция-сында жұмыс істеді. Малданған мамандығының мәртебесін биіктетудің үздік үлгісі сірә, осындай-ақ болар.
Неге екенін қайдам, қазіргі қазақ журналистикасы өзінің бұрыннан қалыптасқан классикалық сипатынан айырылып қалғандай. Әңгіме оқығандай әдемі әсерге бөлейтін көркем очерктер көзден бұлбұл ұшты. Әттегенайлатқан тіл, стиль кемістігіне әбден көндігіп алдық. Қара сөздің қаймағы түгіл қаспағына қасық батырмағалы қашан. Осындайда реформатор редактор Сейдахмет Бердіқұловтың арман-аңсары ойға оралады. «Шіркін, газеттің ресми мақалаларын ауыз әдебиетінің стиліне салып жазса ғой...» деп еді-ау жарықтығым. Сары қымызбен сарық басқандай ондай оңды дүниелерді оқуымыз енді екіталай шығар.
Газеттегі жағдай мұндай болғанда, теледидардағы ахуал одан да аянышты екені анық. Бас-аяғы шектеулі баған көлемі көтермейді. Әйтпесе, эфирді жаулап алған әнебір әртіс жүргізушілердің орашолақ сөз қолданыстары туралы таңға айтып тауыса алмайсың. Соған қарамастан лексикондарындағы екі жүз сөзбен екі минутқа жетер-жетпес сюжеттер жасап-ақ, журналистика саласындағы беделді сыйлықтарды қанжығаларына оп-оңай бөктеретін олжалы қауым да осы тележурналистер екенін айтсам, байдың асын байқұс қызғанғанның кебін кешкендей болып жүрмейміз бе?..
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Журналистика – еріккенің ермегі емес.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»