Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында еліміздің мал шаруашылығы да жаңа тыныспен тыныстап, заман талабына сай жүйелі даму жолына түсе бастағандай. Бұған осыдан бір жыл бұрын Үкіметтің «Қазақстанда ет экспортын дамыту» жөнінде қабылданған бағдарламасы оң әсер етті.
Сөйтіп, халықымыздың атакәсібі болып келген, оның үстіне ауыл тұрғындарының басым бөлігі еңбек етіп, өз кәсіптерін ашуға ықылас танытып отырған осы саланы қолдауға мемлекеттен қыруар қаржы бөліну үстінде. Десек те бұл бағытта өзіндік қиындықтар мен кедергілер де жеткілікті. Етті мал шаруашылығының дамуына қатысты қоғамдық қызығушылықты және әртүрлі пікірлерді ескере отырып, біз оқырмандардың көкейінде жүрген сұрақтарды Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке қоюды жөн көрдік.
– Асылжан Сарыбайұлы, Қазақстанда ет экспортының әлеуетін дамыту жобасының іске асырыла бастағанына бір жылдай уақыт өтті. Қазіргі күні осы істің барысы қалай? Қол жеткен нәтижелер туралы айтудың реті бар ма?
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытта Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне, жергілікті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар бергенін өзіңіз де білесіз. Соған сәйкес мал шаруашылығы саласы әртараптандыруды қажет етіп отыр.
Жалпы, бұл салаға жасалынатын қолдау мал шаруашылығының дамуына ғана емес, сонымен қатар қазірдің өзінде оң нәтижелерге қол жеткізген өсімдік шаруашылығының өркендеуіне де өз пайдасын тигізетіні түсінікті. Бір есептен бұл жағдай өсімдік шаруашылығы да әртараптандыра түсуді міндеттейді. Өйткені мал шаруашылығын дамыту үшін оның жемшөп базасын да қатар дамыту қажет. Онсыз мәселені түбегейлі шеше алмаймыз.
Дәнді дақылдардың егістік алқаптарын себепсіз кеңейте берудің де дұрыс болмайтындығын өмірдің өзі ақиқатқа айналдыруда. «Әрбір қазақстандыққа 2 тонна астық өндіру үшін Қазақстанға егіс алқабының 32 млн. гектарын қайтадан қалпына келтіру керек», деген ұрандар болғандығын халық әлі ұмыта қоймаған болар. Шындығында, біздің мұндай шамада астық өндіре алатынымыз айқын. Бірақ, ең алдымен бұл көлемдегі астықты қайда және қандай бағамен өткізетінімізді ойлауымыз керек.
Демек, қосымша күш-жігерді ендігі кезекте мал шаруашылығының дамуына бағыттағанымыз жөн емес пе?! Егер дұрыс дамыта алсақ, соның ішінде әсіресе, ет экспортын жүйелі жолға қоя білсек, оның берер пайдасы астық сатқаннан артық болмаса, осал еместігі есептеп шығарылып отыр.
Дегенмен өсімдік шаруашылығында өнімнің алынуы мен соған сәйкес табыстың келуі неғұрлым қысқа кезеңде өтетіндігі шындық. Ал мал шаруашылығында бұл үрдіс шыдамдылық пен уақытты, әрі күш-жігерді қажет етеді. Неге? Себебі, басқаларын былай қойғанда бізде нақ осы салада көптеген мәселелер қордаланып қалып отыр. Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, асыл тұқымды мал шаруашылығын сенімді негізде құру, тиісті инфрақұрылымдарды қалыптастырып дамыту, мал азығын дайындау, басқа да көптеген жәйттер... Міне осы мәселелердің барлығында біз әлі жолдың басында ғана тұрмыз. Олар реттелген кезде ғана барып мал шаруашылығын нағыз тиімді сала ретінде дамытудың жолы ашылады.
– Мал шаруашылығының кеңестік кезеңде біршама жақсы дамығаны белгілі. Сол кезбен салыстырғанда қазіргі жағдайымызда қандай айырмашылықтар бар?
– Иә, Қазақстан бұрын етті көп өндірген еді. Бірақ, біз білуге тиісті бір жәйт бар. Шындығында біз таза ет өндіретін саланы сол кезде де дамыта алғанымыз жоқ. Негізінен етті-сүтті немесе сүтті мал өсірдік. Өкінішке қарай осы салада жоғарғы жетістіктерге жеткен мемлекеттер сияқты біздегі мал етінің өндірісі бүкіләлемдік жүйедегідей мақсатты түрде дамып кете алмады. Бір есептен Кеңес өкіметі тұсында оған қажеттілік те болмағанға ұқсайды. Себебі, еттің қай түрін алмаңыз, оларды таңдамай-ақ, талғамай-ақ 350 миллион адамдық кеңестік үлкен рынок жұтып жатты ғой. Ал қазір жағдай басқаша. Дамыған нарық экономикасы, соған бейімделген халықаралық рыноктар еттің стандартқа сәйкес болуын, сапасының жоғары, бағасының арзан болуын қажет етеді. Оның үстіне, етті-сүтті және сүтті малдарға қарағанда таза ет бағытындағы асыл тұқымды малдан ет өндіру бір бөлек. Олардың шығындары мен технологиялары да өзгеше.
Негізінде етті мал шаруашылығы аз шығынды қажет етеді. Себебі оған талапқа сай жемдеумен қатар табиғи жайылымдықтарды пайдалануға болады. Бірақ сапалы ет бере алатын осындай мал шаруашылығы қалыптасып, аяғынан нық тұрып кетуге де талай уақыт керек. Сондықтан да біз істі неғұрлым жеделірек жүргізу үшін шетелдерден асыл тұқымды мал әкелуді қолға алдық. Өйтпесек, бұл үрдіс тым ұзаққа созылып кететіндігі анық.
Осыған байланысты айтарым, ақшаға алынған асыл тұқымды малдар кейбір мамандардың айтып жүргеніндей, қандай жағдайда болсын союға жіберілмейді. Олар бізге осы тұқым арқылы мал өсіріп, жұмысты жолға қою үшін қажет. Яғни, қазіргі сатып алынып жатқан асыл тұқымды малдар – осы бағыттағы өндірісті дамытып алудың тікелей құралының бірі болып отыр.
– Нәтижеге мүмкіндігінше тез жету үшін не қажет?
– Менің ойымша ең алдымен талапқа сәйкес келетін асыл тұқымды мал, жемшөп пен жайылым, ветеринариялық қолайлы ахуал керек. Етті мал шаруашылығы осы үш негізге сүйенеді. Сондықтан, біз қазір барлық бағыттар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен бірге, мал шаруашылығы саласындағы заңнаманы жетілдіру үстіндеміз.
– Асыл тұқымды шаруашылықтардың осы үдерістегі орны қандай болмақ? Бұл жүйе қалай жұмыс істемек?
– Бүгінгі күнге дейін біздегі асыл тұқымды шаруашылықтар асыл тұқымды мал басының сатылымын ұлғайтып, жақсартудың орнына, тек субсидия алу үшін қызмет етіп келген еді. Мұндай шаруашылықтар жұмыстарының нәтижелеріне қарамастан кез келген уақытта кепілдік субсидия алып тұрды. Қазір жағдай өзгерді. Субсидияны мал сатып алатындар ғана алады. Осының барлығы оларды нарықтық жағдайға әкеледі. Малды сатушылар енді сатып алушылардың талабынан шығу үшін малдарының тұқымын және сапасын жақсартуға тырысады. Бұл жағдай өз кезегінде асыл тұқымды мал өндірісіндегі бәсекені туындатып, оны өсірудің барлық технологияларын сақтап отыруға әкеледі.
Осы жағдайға жеделдетіп қол жеткізу үшін қазіргі күні мемлекеттің қолдауымен ет өндірісінің инфрақұрылымдары, малды жемдеу алаңдары және асыл тұқымды репродукторлық шаруашылықтар құрылып жатыр. Фермерлік шаруашылықтар да қаржыландырылуда.
Мұндай технологиялық буындарды қалыптастыру ісі облыстар бойынша кезең-кезеңімен әр жылға бөлінген. Белгіленген жоспарға сәйкес биыл қосымша 40 мың басты жайғастыратындай көптеген фермерлік шаруашылықтарды құруымыз керек. Тек үстіміздегі жылдың өзінде сырттан 10 мың бас мал сатып алу жоспарланып отыр. Жиыны 17 мың басқа арналған бірнеше жемдеу алаңының құрылысы басталмақ.
Сөйтіп, бас-аяғы бес жылдың ішінде жаңа 2500 фермерлік шаруашылық құрылады. Шаруашылықтар жергілікті сиырларды сатып алып, оларды асыл тұқымды репродукторлар ұсынған бұқаларға күйлетеді. Осы ретте асыл тұқымды мал басы бар отандық селекцияның асыл тұқымды шаруашылықтары бірінші кезекте жұмысқа тартылатын болады.
– Сіздердің тың жобаларыңыз шаруашылықтар басшыларының ойлануларына әсер ете алды ма? Олардың тарапынан келіспеушіліктер кездескен жоқ па?
– Әу баста түсінбеушіліктер болды. Себебі біз осы уақытқа дейін қалыптасып, әбден сіңісті болып қалған және өзінің берерін беріп болған тәжірибеге қарсы шықтық қой. Ол бойынша асыл тұқым шаруашылық кепілденген субсидияны алып жүрді, ал сол субсияларды берген мемлекет олардан өз малдарын белгіленген баға бойынша сатуды ғана талап етті. Бұл сала үшін аздап та болсын игілікті іс болу керек еді. Бірақ, ешкім іс жүзінде асыл тұқымды малды белгіленген бағамен сатпады. Осы тұрғыда тек аналық мал басы ғана сұранысқа ие болды, ал бұқалар етке жіберілді. Сөйтіп, бизнестің мақсаты асыл тұқымды мал өндірісін дамыту емес, жаңа асыл тұқымды шаруашылықты ашу арқылы субсидия алу мүмкіндігіне ие болу ғана болды. Жеке қосалқы шаруашылықтағылар олардың асыл тұқымды малдарын, бұқаларын сатып та алған жоқ. Осылайша асыл тұқымды шаруашылықтардағы барлық шығындар, бұқаларды асырап-бағу шығындарын есептегенде, кейін субсидияланатын құнажындардың өзіндік құнына калькуляцияланды. Міне осындай тұйық шеңбер қалыптасты. Шын мәніне келгенде, жағдай мүлдем жақсармады.
Осы жүйені ауыстырғаннан кейін наразылықтар пайда болды. Бірақ жаңалық жүзеге аса бастағалы асыл тұқымды өнімге сұраныс артты. Түсініспеушілікпен қарап жүргендер жаңа жүйенің пайдалы екендігіне көздерін жеткізді. Егер бұрын асыл тұқымды бұқаны ет бағасымен сатып келсе, бүгінде оның етке қарағанда бағасы екі есе өсті. Мәселен ет үшін 1 кило таза салмақты 800-900 теңгеден сатса, асыл тұқымды сатылым 1800-2000 теңгеге дейін барады.
Сөйтіп, асыл тұқымды бұқаны сатып алып, оны етке өткізу үшін сойып тастау секілді келеңсіз құбылыстың алды алынды. Ол өз мақсатында қызмет ететін болды. Жақында өткен Қараөткел жәрмеңкесіндегі аукционда асыл тұқымды бұқа шамамен 1 млн. теңгеге сатылды. Бұл олардың сұранысқа ие бола бастағандығын көрсетеді.
– Саланы дамытудың жаңа мақсаттарына байланысты жалпы мал шаруашылығы және АӨК-тің мемлекеттік қолдауы қалай өзгереді?
– Біз мемлекеттік қолдау шараларын осы жобаға сәйкестендіру үстіндеміз. Арнайы несиелер беріліп, лизингтік бағдарламалар іске қосылды. Шаруалар асыл тұқымды бұқаны сатып алғандығы үшін субсидия алатын болды. Соған қоса, фермерлерге жеке мақсатына сиыр сатып алуға да несие беріледі. Басты шарт – берілген несиені 5-7 жыл ішінде қайтарса болғаны. Нәтижесінде шаруа жұдырықтай жұмылған шаруашылықтың иесі болып шыға келеді.
Мемлекет шаруаға 1 бас малды ұстау үшін 8 мың теңге, осыған қосымша жемге кеткен шығынын өтеу үшін 4,5 мың теңге субсидия береді. Сөйтіп шаруаның әр бас малды баққан шығынының тең жартысын мемлекет өтейді. Бірақ, осы субсидияны алу үшін фермер екі шартты сақтау керек. Біріншіден, ол асыл тұқымды бұқаны өз табынында ұстауы қажет, екіншіден оны дайындалған жемдеу алаңдарына жіберіп тұруға міндетті.
– Осы жүйе қалай жұмыс істейтін болады?
– Біз келешекте қолдарында 50 бастан 300 басқа дейін малы бар фермерлік шаруашылықтарды жаппай ашпақпыз. АҚШ-та мұндай шаруашылықтардың саны – 1 миллион 800 мың. Бұл әлемдік тәжірибе. Осы бойынша 50 бас ұстайтын бір шаруашылыққа 2 асыл тұқымды бұқадан келеді. Осындай шаруашылықтар жылына жайылымдық жерлерде 40–45 бұзау алады. Маусым, шілде айларында ұрықтандыру жүргізіледі. Келесі жылдың наурыз, сәуір айларында жаппай төлдейді. Сөйтіп көктем келісімен-ақ сиыр бұзауымен бірге жайылымға шығады. Яғни қосымша шығын шықпайды. Күзде, яғни 8-9 айлық кездерінде асыл тұқымды бұл бұзаулардың салмағы жақсы жайылымның арқасында 300 килоға дейін жетеді. Әрине, 50 бас сиыры бар фермерге екі есеге көбейген табынды асырау қиынға түседі. Сондықтан артық басты сату қажет. Немесе мал тұратын орындар кеңейтіліп, жемшөп екі есе көп болу керек. Фермерлерден кемшілігі байқалған бұқалар мен құнажындарды сатып алатын және жемдейтін біздегі орындар осы мақсатқа құрылып жатыр. Ал қалған төл аналық басты көбейтуге арналған орындарға жіберіледі.
Әрбір бас мал генетикалық жетілуіне қарай 3-6 ай аралығында жеке дара қарқынды жемделеді. Шаруашылықтағы малдардың гендік қасиеті жақсарған сайын жемдеу уақыты мен жұмсалатын шығындар да азая беретін болады. Ал жемдеу алаңдарындағы мал жайылымға шығарылмайды, осыған байланысты салмақты жылдам қосып отырады. Күніне кем дегенде 1 кило салмақ қосады. Майлы қабаттардың пайда болуымен қатар ет сапасы да жақсарып, бұлшық еттің арасында май қалыптасқан сайын ол мраморлы бола түседі. Герефорд, ангус және қазақтың ақ бас сиыры өздерінің тұқымдық қасиетіне сәйкес осы жағдайға бейімделгіш келеді. Жемдеу мерзімі аяқталған соң жемдеу алаңдары ол малдарды ет комбинаттарына союға жібереді.
– Жемдеу алаңдары тұрақты түрде жұмыс істеу үшін қанша бас ұстау қажет?
– Мұны мал ұстап отырған фермер анықтайды. Жалпы 200-300 басты қолдарында қажетті техникалары бар 4 адам (1 механизатор, оператор, есепші, директор) асырай алады. Тіпті жемдеу алаңында 5 мың бас болса да осынша штатпен және техникамен жұмыс істей беруге, өндіріс шығынын осы арқылы төмендетуге болады. Басты мәселе еңбек тиімділігін ұтымдылықпен ұйымдастыра білуде. Мәселен, Австралиядағы 30 мың бас мал ұсталатын жемдеу алаңында күзетшімен есепшіні қоса санағанда бар-жоғы 12 адам қызмет етеді.
– Фермер асыл тұқымды бұқаны жалға алды делік. Жергілікті тұқымнан тұратын табын қаншалықты тез асылдана алады?
– Малшылар қолдағы қолтума сиырларды асыл тұқымды бұқалармен шағылыстыру арқылы өз көрсеткіштерін жақсартады. Ғылымда мұны жаппай жайғастыру деп атайды. Жыл сайын алынған төлдердің тұқымдық қасиеті жақсара түсетін болады. Ал қолтума құнажындар мен асыл тұқымдық белгі таныта алмаған төлдер, тұқымдық қасиетін аша алмаған бұқалар, жоғарыда айтып кеткенімдей, жемдеу алаңдарына жіберіледі. Нәтижесінде жемді аз мөлшерде беріп, етті көбірек алуға болады. Бұған бір мысал келтірейін. Осыдан біраз жыл бұрын Алматы облысындағы герефорд асыл тұқымды малы мен қазақтың ақбасы Динара Ранч компаниясында бірдей жағдайда ұсталған. 18 ай ішінде герефорд тұқымының салмағы 10 килоға артқаны анықталған. Егер осы көрсеткішті қолтума малмен салыстырса, айырмашылық бұдан да зор болатындығы анық.
– Әрине, асыл тұқымды малдың жөні бөлек қой. Бірақ оны жемдеп, күте білудің де маңызды екені анық.
– Сондықтан да жаңа жобаның басты бағыттарының бірі жем өндіру және жайылымдық жерлерді жақсарту болып отыр. Ғылыми есептеулер бойынша, тұқымды асылдандыру арқылы табын өнімділігін кем дегенде 25 пайызға өсіргенде, енді осыған қосымша жоғарыда айтылған екі фактор арқылы ол өнімділікті тағы да 50 пайызға көтеруге болады.
Әрине, жайылымдық жерлердің көбі әзірге тиімсіз пайдаланылып келеді. Бұл ретте Үкімет қабылдау үстіндегі осы мәселені реттеу жөніндегі шараларды жүзеге асырудан үлкен үміт күтеміз. Жалпы, фермер шаруашылығы, жайылым алаңы, жемдеу шаруашылығы, ет комбинаты секілді технологиялық тізбек қалыптасқан кезде барып ет өндірісінің тиімді жолға түсіп, субсидиясыз дами алатындығы анық.
Ал әзірге елімізде етті мал өсіруге бағытталған шаруашылықтар жоқтың қасында. Біздегі шаруашылықтардың барлығы ет пен сүтті қатар алғылары келеді. Бірақ қазір дамыған заман талабына байланысты егер шаруашылықтар сүт алуға бағытталатын болса, оларға басқа әдісті қолданулары керек. Себебі етті мал шаруашылығында бұзау сиырды еміп өсіп, жайылымда бірге жүруге тиіс. Сөйтіп біздің қолданып келген бұрынғы әдісіміз қазіргі заманда екі кеменің құйрығын бірдей ұстағанмен тең болып отыр. Одан дұрыс ештеме шықпайды.
Осыған байланысты жайылымдық алаңдарда қолданылатын технология мен жемделіп жатқан мал басына байланысты берілетін субсидияның үш түрі әзірленіп отыр. Оның ең жоғарғысының талабынан шыққан кезде 1 кило қосымша салмақ үшін 200 теңгенің субсидиясын алуға болады.
Сонымен бірге, біз бір-біріне тәуелді технологиялық тізбек жүйесін құруды ынталандыру үстіндеміз. Соңғы уақыттар ет бағасы жылдан жылға өсе түсуде. Осыған қарап, ет өндіру одан пайда табу ісі бірте-бірте субсидиясыз-ақ жақсы жолға түсетіндігін байқауға болады.
– Асыл тұқымды бұқаларды асырап, баққанша малды жасанды жолмен ұрықтандыру тиімді емес пе?
– Сүтті мал шаруашылығында жасанды ұрықтандыру тиімді тәсіл екендігі рас. Ал етті мал шаруашылығында асыл тұқымды мал санын көбейтуде жасанды ұрықтандыруды қолдану оң нәтиже бермейді. Себебі, малдар әдетте табын жемдеу алаңдарынан жүздеген шақырым қашықтықта жайылады. Ұрықтандырушы маманға сиырдың жайылып жүрген жерінде жұмыс істеу қиынға соғады. Екіншіден бұл тәсіл өте қымбат және көп еңбекті қажет етеді. Сонымен қатар, малды қолдан ұрықтандырушы маманның жұмысы күйек алудың табиғи әдісімен салыстырғанда тиімсіз екені анық
Мұның бәрін мен ойдан шығарып отырғаным жоқ. Бүкіл әлемдік тәжірибеде етті мал шаруашылығының 90 пайызында табиғи ұрықтану тәсілі қолданылатындығын айтсам, осының өзі жеткілікті болар.
– Қазақстан 5 жылдан кейін 60 мың тонна етті экспортқа шығармақ. Мұндай болжамды қандай негіздерге сүйеніп жасадыңыздар?
– Бұл сандар нақты есептеу арқылы алынды. 60 мың тонна дегеніміз, ол – 60 миллион кило ет. Бір бас мүйізді ірі қара бізде орташа сойылым салмағында 200-220 кило тартады. Демек 60 мың тонна етті 300 мың бас қара малдан алуға болады. Ал енді 300 мың басты жыл сайын етке өткізіп отыру үшін еліміздің шаруашылықтарында 500 мың аналық мал шаруашылықтарда тұрақты айналымда жүруі қажет. Олардан жыл сайын шамамен 425 мың бас төл алынады. Бұл төлдердің жартысына жуығын жемдеуге жіберілетін өгізшелер құрайды. Оларға енді аналық малдың ішінде төлдемей қалған 15 пайызды қосыңыз. Сонда жылдық сойылым үшін 300 000 бас малды артығымен алуға болады.
– Герефордтың жағдайы біршама түсінікті. Ал қазақтың ақбас және әулиекөл сынды отандық асыл тұқымды малдарын дамытуда не істеліп жатыр?
– Бұлар өте маңызды. Бірақ бүгінгі біздің отандық мал тұқымдары соңғы онжылдықтарда көп өзгеріске ұшырады. Олардың 50-жылдары өсіріп шығарылғаннан кейінгі уақыттары сапалық құны құлдырап, құжаттық мәліметтерінің де өзгеріске ұшырағанын байқаймыз. Бүгінде қазақтың ақбас сиырының орташа 44 пайызы ғана тұпнұсқасына сәйкес келеді.
Жалпы асыл тұқымды ақбас сиыр тегінің 80 пайызы герефордтан тұрады. Демек жаңарту үшін оған герефорд қанын құю қажет.
Экспорттық ет өнімі әлеуетінің қажетті санына жеткеннен кейін біз шет елден мал әкелуді тоқтатамыз. Жерсіндірілген асыл тұқымды малдармен жұмыс істейміз. Ал қазіргі уақытта бұл өмір талабы болып отыр.
– Жуықта Елбасымыздың Америкадан ірі қара мал әкелінген бірінші асыл тұқымды репродукторлық шаруашылықта болып, атқарылған жұмысқа жағымды баға бергенін білеміз. Осы жобаның негізін салушы ретінде оның тарихына тоқтала кетсеңіз?
– Біздің қолға алған тың бастамаларымыз, технологиялық шешімдеріміз мақұлданды. Елбасымыз мұнда соңғы технологиялардың қолданылып жатқанын көрді. Істен нәтиже шығарына сенімім зор. Әйтпесе, оны қолға алмаған да болар едік. Қазір саланы көтеруге байланысты жұмсалған негізгі шығындардан алшақтай бастадық. Ол шығындар елде дайындалған еттің бәсекеге қабілетті болуы үшін жұмсалды. Енді бұл істі әлемдік тәжірибеге сүйеніп, өз жеріміздің ерекшеліктерін ескеріп, орнықты жолға түсіруіміз керек. Сонымен қатар кеңестік кезеңде бетоннан, кірпіштен салынған қоралардан құтылып, салмағы жеңіл, құрастырылатын құрамаларды пайдалану тиімді. Бұл сиырды желден, жаңбырдан, жалпы қолайсыз табиғат құбылыстарынан қорғайды.
Міне осындай технологиялық тың шешімдер арқылы салынған, малдың тұқымдық қасиеті мен жемделу тәртібіне негізделген жаңа нысан жағдайымен Елбасымыз кеңінен танысты.
Осындай асыл тұқымды репродукторлардың бірі былтыр құрылған «КазБиф» ЖШС болып табылады. Бұл серіктестіктің 15 пайызы отбасылық бизнесте 130 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар америкалық компанияға тиесілі. Себебі бұл компания елімізге тікелей инвестиция құйып, жаңа технологиялық шешімдері мен озық тәжірибесін еңгізіп отыр. Ол тәжірибені Қазақстанның барлық өңірлеріне тарата отырып, көп пайда таба аламыз.
Әрине, жаңалықты енгізу оңай емес. Бірнеше рет дәлелдеуге тура келді. Мәселен, шаруалардың көбісі бастапқыда малды салқын жерде ұстауға үрке қарады. Бірақ, жобаны жүзеге асыру барысында көптеген жағдайларға көздері жетті. Мәселен бізде «шет елдік сиырлар суыққа төзе алмайды», «сиырды жылы сумен суару қажет», «сиыр бұзаулағаннан кейін оларды жылы жұмсақ төсемде ұстау керек» деген секілді қатып қалған қағидалар бар. Жоқ, ет бағытындағы сиырларға мұның бәрі міндетті емес екен. Алғаш рет төлдеп жатқанына қарамастан бүгінде 100 бастан 93 бұзау алынды. Кеңес заманында алғаш рет төлдеп жатқан 100 бастан 70 бұзау алынса, мұның өзі қалыпты жағдай саналатын еді. Ал қазір асыл тұқымды малдар бірінші жылдың өзінде осындай нәтиже көрсетіп отыр. Бұл олардың жергілікті жерге бейімделіп, икемделгенін дәлелдеп отыр.
– Фермерлер жаңа жағдайда жұмыс істеуге қаншалықты дайын? Сіздердің жаңалықтарыңызды қалай қабылдады?
– Фермерлер етті мал шаруашылығының даму бағдарламасына қатысу отбасылық бизнесті ашуға мүмкіндік беретінін түсінеді. Әкесі, ұлы және көмекшілерімен бірігіп 500-600 мал басын еш қиындықсыз ұстай алады. Әрине, бұл – жаңа кәсіп түрі. Ол өсімдік шаруашылығындағыдай, техникаға, инфрақұрылымға көп шығындалуды қажет етпейді. Ал мұндай жаңа фермерлік шаруашылықтар саны 5 жыл ішінде 2,5 мыңға жуықтап, үлкен әлеуметтік құрылымға айналары даусыз. Бұл жаңа фермерлер – бүгінгі таңдағы технологиялық тізбектің жетекші буыны. Өкінішке қарай бізді сынап жүргендер жобаның негізі тек асыл тұқымды шаруашылықтар деп түсінеді.
– Бірақ, шет елден әкелініп жатқан мал басының құны қымбатқа түсіп жатқаны жасырын емес. Тек бір сиырды тасымалдау үшін ғана бірнеше мың доллар жұмсалады. Әр бастың бағасын төмендетіп әкелу жолы бар ма?
– Әрине бар. Тасымалдауға (малды негізінен ұшақпен әкеледі) кететін шығынды төмендету үшін асыл тұқымды малдың жастауын әкелу жоспарланып отыр. Егер 7-8 айлық асыл тұқымды мал әкелінсе, соған орай оның құны да төмендейді. Бүгінде кәсіпкерлер сойылым пункттерінің құрылысына несиені зауықсыз алып жатса, асыл тұқымды мал сатып алу үшін несие алуға ұмтылған үміткерлердің саны барған сайын молайып келеді. Неге? Себебі адамдар осы бизнестің болашағы мен пайдалылығын байқап отыр.
– Мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін қойылатын ветеринариялық талаптар мәселесі қалай шешілуде?
– Президент Жарлығына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде Ветеринария комитеті құрылады. Ол енді Үкімет қаулысымен Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінен жеке бөлініп шығып, дербес құрылым ретінде өмір сүретін болады.
Оның үстіне жергілікті әкімдіктердің ветеринариялық қызметі де күшейтілуде. Ветеринария бойынша мемлекеттік кәсіпорындар құрылуда. Олардың материалдық-техникалық жабдықталуы жақсарады.
Қазіргі таңда бруцеллез тәрізді аурулармен күресу амалдарын қайта қарастырып, елімізде бұрын қолданылған вакцинация жүйесін қайта жаңғыртуға бет бұрып отырмыз. Әйтпесе, асыл тұқымды малды қырып алуымыз мүмкін. Қазіргі осы түйінді түйткіл ғылыми-техникалық кеңесте кеңінен талқылану үстінде.
– Сізді оппоненттеріңіз не үшін сынайды?
– Оппоненттер ғана емес, сіздер де сынап жатырсыздар ғой... Басылым басшысына осы тақырып бойынша тілші жіберсеңіз мән-жайды егжей-тегжейлі айтып берер едім, біраз жәйттің беті ашылар еді деп өтініш айтқаным сондықтан.
Жалпы жаңа бастамалардың қашанда болсын қарсылыққа толы күрделі жолдан өтетіні бәрімізге мәлім. Есімізге түсірейікші, заманауи қымбат комбайндар мен егін егу кешендеріне деген көзқарас әу баста қандай болып еді? Барлығы бір ауыздан: «Бұл мүмкін емес, олар ертең сынып қалса кім жөндейді?» деген еді ғой. Сондай-ақ нөлдік технологияны қолдану кезінде де қаншама сөз болды. Жерді жыртпай өңдеу дегенді түсіне алмады. Қазір енді осы тәсілге бәрінің еті үйреніп қалды. Шет елден сүтті мал әкелген кезде де қаншама кертартпашылық туындап еді, қазір енді ол да қалыпты түрде қабылданады. Біздің ет бағытындағы бұл жаңа жобамыз да осылайша өмірден өз орнын табатын болар. Жалпы біз сындарлы сын мен дәйекті дәлелдерді қабылдап, парасатты пікір алмасуға дайынбыз.
– Қазіргі кезде «шет елден әкелініп жатқан малды оларға лайық мал азығымен қамтамасыз ете алмаймыз-ау, ол бізге қымбатқа түсері анық» дегендей қауіптену сөздерді де жиі естіп жүрміз.
– Бұл мәселенің мәнін шырғалаңға салып, оны қорқынышты етіп көрсету үшін айтылып жүрген дақпырт. Биыл әкелінген 10 мың сиыр қанша жем жейді? Қазақстан аумағында бұл мардымсыз сан. Соның бір дәлелі «Казбиф» ЖШС жұмыстары. Серіктестік өзінің маңайдағы алқаптарында әртараптандырған шаруашылықтар құрды. Олар дәнді дақылдардан азықтық дақылдарға көшті. Сөйтіп «мал азығын қайдан аламыз» деген сұрақ өз жауабын тапты.
Сөз басында Елбасымыздың ауыл шаруашылығын әртараптандыру міндетін алға қойғанын айттым ғой. Бұл міндет сөзсіз орындалады. Өйткені Қазақстандай кең жайлымдықты елде агроөнеркәсіп кешенін тек өсімдік шаруашылығына негіздеп дамыту бір аяқпен жүргенмен тең. Қазіргі мал шаруашылығын, соның ішінде етті мал шаруашылығын дамыту ісі осындай стратегиялық мақсат негізінде қолға алынуда.
– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз табысты болсын.
Сұхбаттасқан Сұңғат ӘЛІПБАЙ.