• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2011

Асылжан МАМЫТБЕКОВ: «Ет бағытындағы мал шаруашылығы – аграрлық сектордың серпінді жобасы»

767 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігінің жи­ыр­ма жылдығы қарса­ңын­да еліміз­дің мал ша­руа­шылығы да жаңа ты­ныспен тыныстап, заман та­лабына сай жүйелі даму жолы­на түсе бастағандай. Бұған осы­дан бір жыл бұ­рын Үкіметтің «Қазақ­стан­да ет экспортын да­мы­­ту» жөнінде қабыл­дан­ған бағдарламасы оң әсер етті. Сөйтіп, халықымыздың ата­кәсібі болып келген, оның үс­тіне ауыл тұрғындарының ба­сым бөлігі еңбек етіп, өз кәсіптерін ашуға ықылас танытып отыр­ған осы саланы қолдауға мемлекеттен қыруар қаржы бө­ліну үстінде. Десек те бұл бағытта өзіндік қиындықтар мен кедергілер де жеткілікті. Етті мал шаруашылығының дамуына қа­тысты қоғамдық қызығушылықты және әртүрлі пікірлерді ескере отырып, біз оқырмандардың көкейінде жүрген сұрақ­тарды Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке қоюды жөн көрдік. – Асылжан Сарыбайұлы, Қа­зақ­станда ет экспортының әлеу­е­­тін дамыту жобасының іске асы­­рыла бастағанына бір жыл­дай уа­қыт өтті. Қазіргі күні осы істің барысы қалай? Қол жеткен нә­ти­желер туралы айтудың реті бар ма? – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытта Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне, жергілікті мемлекеттік ор­ган­дарға нақты тапсырмалар бергенін өзіңіз де білесіз. Соған сәйкес мал ша­руашылығы саласы әртарап­тан­ды­р­уды қажет етіп отыр. Жалпы, бұл салаға жаса­лы­на­тын қолдау мал шаруашылы­ғы­ның дамуына ғана емес, сонымен қатар қазірдің өзінде оң нәти­же­лер­ге қол жеткізген өсімдік ша­руа­шылығы­ның өркендеуіне де өз пайдасын тигізетіні түсінікті. Бір есептен бұл жағдай өсімдік ша­руа­шылығы да әртараптандыра тү­суді міндеттейді. Өйткені мал шаруашылығын да­мыту үшін оның жемшөп базасын да қатар дамыту қажет. Онсыз мә­селені түбегейлі шеше алмаймыз. Дәнді дақылдардың егістік ал­қап­тарын себепсіз кеңейте берудің де дұрыс болмайтындығын өмір­дің өзі ақиқатқа айналдыруда. «Әр­бір қазақстандыққа 2 тонна астық өн­ді­ру үшін Қазақстанға егіс алқа­бы­ның 32 млн. гектарын қайтадан қал­пына келтіру керек», деген ұрандар болғандығын халық әлі ұмыта қоймаған болар. Шын­ды­ғын­да, біздің мұндай шамада астық өндіре алатынымыз айқын. Бірақ, ең алдымен бұл көлемдегі астықты қайда және қандай ба­ға­мен өткізетінімізді ойлауымыз керек. Демек, қосымша күш-жігерді ендігі кезекте мал шаруашы­лы­ғы­ның дамуына бағыттағанымыз жөн емес пе?! Егер дұрыс дамыта алсақ, соның ішінде әсіресе, ет экс­портын жүйелі жолға қоя білсек, оның берер пайдасы астық сат­­қаннан артық болмаса, осал емес­тігі есептеп шығарылып отыр. Дегенмен өсімдік шаруашы­лы­ғында өнімнің алынуы мен соған сәйкес табыстың келуі неғұрлым қысқа кезеңде өтетіндігі шындық. Ал мал шаруашылығында бұл үр­діс шыдамдылық пен уақытты, әрі күш-жігерді қажет етеді. Неге? Се­бебі, басқаларын былай қой­ғанда бізде нақ осы салада көп­те­ген мә­се­лелер қордаланып қалып отыр. Ветеринариялық қауіпсіз­дік­ті қам­та­масыз ету, асыл тұқымды мал шаруашылығын сенімді негізде құру, тиісті инфрақұры­лым­дар­ды қалыптастырып дамыту, мал азы­ғын дайындау, басқа да көп­теген жәйттер... Міне осы мәсе­ле­лердің бар­лығында біз әлі жолдың ба­сын­да ғана тұрмыз. Олар реттелген кез­де ғана барып мал ша­руа­шы­лығын нағыз тиімді сала ретінде дамытудың жолы ашылады. – Мал шаруашылығының ке­ңестік кезеңде біршама жақсы дамығаны белгілі. Сол кезбен салыстырғанда қазіргі жағ­дайы­мыз­да қандай айырмашы­лық­­тар бар? – Иә, Қазақстан бұрын етті көп өндірген еді. Бірақ, біз білуге тиісті бір жәйт бар. Шындығында біз таза ет өндіретін саланы сол кезде де дамыта алғанымыз жоқ. Негізінен етті-сүтті немесе сүтті мал өсірдік. Өкінішке қарай осы салада жоғарғы жетістіктерге жеткен мемлекеттер сияқты біздегі мал етінің өндірісі бүкіләлемдік жүйедегідей мақсатты түрде дамып кете алмады. Бір есептен Кеңес өкіметі тұсында оған қажеттілік те болмағанға ұқсайды. Себебі, еттің қай түрін алмаңыз, оларды таңда­май-ақ, талғамай-ақ 350 миллион адамдық кеңестік үлкен рынок жұтып жатты ғой. Ал қазір жағдай басқаша. Дамыған нарық экономикасы, соған бейімделген халық­ара­лық рыноктар еттің стандартқа сәйкес болуын, сапасының жоғары, бағасының арзан болуын қажет етеді. Оның үстіне, ет­ті-сүтті және сүтті малдарға қарағанда таза ет бағытындағы асыл тұқымды малдан ет өндіру бір бөлек. Олардың шы­ғын­дары мен технологиялары да өзгеше. Негізінде етті мал шаруашылығы аз шығынды қажет етеді. Себебі оған талап­қа сай жемдеумен қатар табиғи жайы­лым­дықтарды пайдалануға болады. Бірақ са­па­лы ет бере алатын осындай мал шаруа­шылығы қалыптасып, аяғынан нық тұрып кетуге де талай уақыт керек. Сондықтан да біз істі неғұрлым жеделірек жүргізу үшін шетелдерден асыл тұқымды мал әкелуді қолға алдық. Өйтпесек, бұл үрдіс тым ұзаққа созылып кететіндігі анық. Осыған байланысты айтарым, ақшаға алынған асыл тұқымды малдар кейбір ма­ман­дардың айтып жүргеніндей, қандай жағ­дайда болсын союға жіберілмейді. Олар бізге осы тұқым арқылы мал өсіріп, жұмысты жолға қою үшін қажет. Яғни, қазіргі сатып алынып жатқан асыл тұ­қым­ды малдар – осы бағыттағы өндірісті да­мы­тып алудың тікелей құралының бірі болып отыр. – Нәтижеге мүмкіндігінше тез жету үшін не қажет? – Менің ойымша ең алдымен талапқа сәйкес келетін асыл тұқымды мал, жем­шөп пен жайылым, ветеринариялық қо­лай­лы ахуал керек. Етті мал шаруа­шы­лығы осы үш негізге сүйенеді. Сон­дық­тан, біз қазір барлық бағыттар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен бірге, мал шаруашылығы саласындағы заңна­маны жетілдіру үстіндеміз. – Асыл тұқымды шаруашылықтар­дың осы үдерістегі орны қандай бол­мақ? Бұл жүйе қалай жұмыс істемек? – Бүгінгі күнге дейін біздегі асыл тұқымды шаруашылықтар асыл тұқымды мал басының сатылымын ұлғайтып, жақ­сар­тудың орнына, тек субсидия алу үшін қызмет етіп келген еді. Мұндай шаруа­шы­лықтар жұмыстарының нәтижелеріне қа­ра­мастан кез келген уақытта кепілдік суб­си­дия алып тұрды. Қазір жағдай өзгерді. Субсидияны мал сатып алатындар ғана алады. Осының барлығы оларды нарық­тық жағдайға әкеледі. Малды сатушылар енді сатып алушылардың талабынан шы­ғу үшін малдарының тұқымын және сапа­сын жақсартуға тырысады. Бұл жағдай өз кезегінде асыл тұқымды мал өндірісіндегі бәсекені туындатып, оны өсірудің барлық технологияларын сақтап отыруға әкеледі. Осы жағдайға жеделдетіп қол жеткізу үшін қазіргі күні мемлекеттің қолдауымен ет өндірісінің инфрақұрылымдары, малды жемдеу алаңдары және асыл тұқымды репродукторлық шаруашылықтар құры­лып жатыр. Фермерлік шаруашылықтар да қаржыландырылуда. Мұндай технологиялық буындарды қалыптастыру ісі облыстар бойынша ке­зең-кезеңімен әр жылға бөлінген. Белгі­лен­ген жоспарға сәйкес биыл қосымша 40 мың басты жайғастыратындай көптеген фермерлік шаруашылықтарды құруымыз керек. Тек үстіміздегі жылдың өзінде сырт­тан 10 мың бас мал сатып алу жос­парланып отыр. Жиыны 17 мың басқа ар­нал­ған бірнеше жемдеу алаңының құ­рылысы басталмақ. Сөйтіп, бас-аяғы бес жылдың ішінде жаңа 2500 фермерлік шаруашылық құры­ла­ды. Шаруашылықтар жергілікті сиыр­ларды сатып алып, оларды асыл тұқымды репродукторлар ұсынған бұқаларға күй­ле­теді. Осы ретте асыл тұқымды мал басы бар отандық селекцияның асыл тұқымды шаруашылықтары бірінші кезекте жұ­мыс­қа тартылатын болады. – Сіздердің тың жобаларыңыз ша­руа­шылықтар басшыларының ойлану­ла­рына әсер ете алды ма? Олардың та­ра­пынан келіспеушіліктер кездескен жоқ па? – Әу баста түсінбеушіліктер болды. Себе­бі біз осы уақытқа дейін қалыптасып, әбден сіңісті болып қалған және өзінің берерін беріп болған тәжірибеге қарсы шықтық қой. Ол бойынша асыл тұқым шаруашылық кепілденген субсидияны алып жүрді, ал сол субсияларды берген мем­лекет олардан өз малдарын белгі­лен­ген баға бойынша сатуды ғана талап етті. Бұл сала үшін аздап та болсын игілікті іс болу керек еді. Бірақ, ешкім іс жүзінде асыл тұқымды малды белгіленген бағамен сатпады. Осы тұрғыда тек аналық мал басы ғана сұранысқа ие болды, ал бұқалар етке жіберілді. Сөйтіп, бизнестің мақсаты асыл тұқымды мал өндірісін дамыту емес, жаңа асыл тұқымды шаруашылықты ашу арқылы субсидия алу мүмкіндігіне ие болу ғана болды. Жеке қосалқы ша­руашылық­та­ғы­лар олардың асыл тұқым­ды малдарын, бұқаларын са­тып та алған жоқ. Осы­лай­ша асыл тұқымды шаруа­шы­лықтардағы барлық шы­ғындар, бұқа­ларды асырап-бағу шығын­дарын есепте­ген­де, кейін субсидия­ла­на­тын құна­жын­дардың өзін­дік құнына каль­куляция­лан­ды. Міне осындай тұй­ық шеңбер қа­лыптасты. Шын мәніне кел­генде, жағ­дай мүлдем жақсармады. Осы жүйені ауыстыр­ған­нан кейін наразылықтар пайда болды. Бірақ жаңа­лық жүзеге аса бастағалы асыл тұқымды өнімге сұра­ныс артты. Түсініспеуші­лік­­пен қарап жүргендер жаңа жүйенің пайдалы екен­дігіне көздерін жет­кізді. Егер бұрын асыл тұ­қымды бұқаны ет ба­ға­сымен сатып келсе, бүгінде оның етке қарағанда бағасы екі есе өсті. Мәселен ет үшін 1 кило таза салмақты 800-900 тең­геден сатса, асыл тұқымды сатылым 1800-2000 теңгеге дейін барады. Сөйтіп, асыл тұқымды бұқаны сатып алып, оны етке өткізу үшін сойып тастау секілді келеңсіз құбылыстың алды алын­ды. Ол өз мақсатында қызмет ететін бол­ды. Жақында өткен Қараөткел жәрмең­ке­сін­дегі аукционда асыл тұқымды бұқа ша­мамен 1 млн. теңгеге сатылды. Бұл олар­дың сұранысқа ие бола бастағандығын көрсетеді. – Саланы дамытудың жаңа мақсат­та­рына байланысты жалпы мал ша­руа­шылығы және АӨК-тің мемлекет­тік қолдауы қалай өзгереді? – Біз мемлекеттік қолдау шараларын осы жобаға сәйкестендіру үстіндеміз. Ар­найы несиелер беріліп, лизингтік бағдар­ла­малар іске қосылды. Шаруалар асыл тұқымды бұқаны сатып алғандығы үшін субсидия алатын болды. Соған қоса, фермерлерге жеке мақсатына сиыр сатып алуға да несие беріледі. Басты шарт – берілген несиені 5-7 жыл ішінде қайтарса болғаны. Нәтижесінде шаруа жұдырықтай жұмылған шаруашылықтың иесі болып шыға келеді. Мемлекет шаруаға 1 бас малды ұстау үшін 8 мың теңге, осыған қосымша жемге кеткен шығынын өтеу үшін 4,5 мың теңге субсидия береді. Сөйтіп шаруаның әр бас малды баққан шығынының тең жартысын мемлекет өтейді. Бірақ, осы субсидияны алу үшін фермер екі шартты сақтау керек. Біріншіден, ол асыл тұқымды бұқаны өз табынында ұстауы қажет, екіншіден оны дайындалған жемдеу алаңдарына жіберіп тұруға міндетті. – Осы жүйе қалай жұмыс істейтін болады? – Біз келешекте қолдарында 50 бастан 300 басқа дейін малы бар фермерлік ша­руа­шылықтарды жаппай ашпақпыз. АҚШ-та мұндай шаруашылықтардың саны – 1 миллион 800 мың. Бұл әлемдік тәжірибе. Осы бойынша 50 бас ұстайтын бір шаруашылыққа 2 асыл тұқымды бұқадан келеді. Осындай шаруашылықтар жылына жайылымдық жерлерде 40–45 бұзау алады. Маусым, шілде айларында ұрық­тан­дыру жүргізіледі. Келесі жылдың нау­рыз, сәуір айларында жаппай төлдейді. Сөйтіп көктем келісімен-ақ сиыр бұ­зауы­мен бірге жайылымға шығады. Яғни қо­сым­ша шығын шықпайды. Күзде, яғни 8-9 айлық кездерінде асыл тұқымды бұл бұ­зау­лардың салмағы жақсы жайылымның арқасында 300 килоға дейін жетеді. Әри­не, 50 бас сиыры бар фермерге екі есеге көбейген табынды асырау қиынға түседі. Сондықтан артық басты сату қажет. Немесе мал тұратын орындар кеңейтіліп, жем­шөп екі есе көп болу керек. Фермер­лер­ден кемшілігі байқалған бұқалар мен құнажындарды сатып алатын және жем­дей­тін біздегі орындар осы мақсатқа құ­ры­лып жатыр. Ал қалған төл аналық бас­ты көбейтуге арналған орындарға жі­беріледі. Әрбір бас мал генетикалық жетілуіне қарай 3-6 ай аралығында жеке дара қар­қын­ды жемделеді. Шаруашылықтағы мал­дар­дың гендік қасиеті жақсарған сайын жемдеу уақыты мен жұмсалатын шығын­дар да азая беретін болады. Ал жемдеу алаңдарындағы мал жайылымға шыға­рыл­майды, осыған байланысты салмақты жылдам қосып отырады. Күніне кем де­генде 1 кило салмақ қосады. Майлы қа­бат­тардың пайда болуымен қатар ет са­па­сы да жақсарып, бұлшық еттің арасында май қалыптасқан сайын ол мраморлы бола түседі. Герефорд, ангус және қазақ­тың ақ бас сиыры өздерінің тұқымдық қасиетіне сәйкес осы жағдайға бейім­дел­гіш келеді. Жемдеу мерзімі аяқталған соң жемдеу алаңдары ол малдарды ет комбинаттарына союға жібереді. – Жемдеу алаңдары тұрақты түрде жұ­мыс істеу үшін қанша бас ұстау қажет? – Мұны мал ұстап отырған фермер анықтайды. Жалпы 200-300 басты қолда­рын­да қажетті техникалары бар 4 адам (1 механизатор, оператор, есепші, директор) асырай алады. Тіпті жемдеу алаңында 5 мың бас болса да осынша штатпен және тех­никамен жұмыс істей беруге, өндіріс шығынын осы арқылы төмендетуге бола­ды. Басты мәселе еңбек тиімділігін ұтым­дылықпен ұйымдастыра білуде. Мәселен, Австралиядағы 30 мың бас мал ұсталатын жем­деу алаңында күзетшімен есепшіні қоса санағанда бар-жоғы 12 адам қызмет етеді. – Фермер асыл тұқымды бұқаны жал­ға алды делік. Жергілікті тұқым­нан тұратын табын қаншалықты тез асыл­дана алады? – Малшылар қолдағы қолтума сиыр­лар­ды асыл тұқымды бұқалармен шағы­лыс­тыру арқылы өз көрсеткіштерін жақ­сар­тады. Ғылымда мұны жаппай жай­ғас­тыру деп атайды. Жыл сайын алынған төлдердің тұқымдық қасиеті жақсара тү­се­тін болады. Ал қолтума құнажындар мен асыл тұқымдық белгі таныта алмаған төлдер, тұқымдық қасиетін аша алмаған бұқалар, жоғарыда айтып кеткенімдей, жем­деу алаңдарына жіберіледі. Нәтиже­сін­де жемді аз мөлшерде беріп, етті көбі­рек алуға болады. Бұған бір мысал кел­тірейін. Осыдан біраз жыл бұрын Алматы облысындағы герефорд асыл тұқымды малы мен қазақтың ақбасы Динара Ранч компаниясында бірдей жағдайда ұсталған. 18 ай ішінде герефорд тұқымының сал­ма­ғы 10 килоға артқаны анықталған. Егер осы көрсеткішті қолтума малмен салыс­тыр­са, айырмашылық бұдан да зор бо­латындығы анық. – Әрине, асыл тұқымды малдың жөні бөлек қой. Бірақ оны жемдеп, күте білудің де маңызды екені анық. – Сондықтан да жаңа жобаның басты ба­ғыттарының бірі жем өндіру және жайы­лымдық жерлерді жақсарту бо­лып отыр. Ғылыми есептеулер бойынша, тұқымды асылдандыру арқылы табын өнім­ділігін кем дегенде 25 пайызға өсір­генде, енді осыған қосымша жоғарыда айтылған екі фактор арқылы ол өнім­ді­лікті тағы да 50 пайызға көтеруге болады. Әрине, жайылымдық жерлердің көбі әзірге тиімсіз пайдаланылып келеді. Бұл ретте Үкімет қабылдау үстіндегі осы мәс­е­лені реттеу жөніндегі шараларды жүзеге асырудан үлкен үміт күтеміз. Жалпы, фермер шаруашылығы, жайылым алаңы, жемдеу шаруашылығы, ет комбинаты се­кіл­ді технологиялық тізбек қалыптасқан кезде барып ет өндірісінің тиімді жолға түсіп, субсидиясыз дами алатындығы анық. Ал әзірге елімізде етті мал өсіруге ба­ғыт­талған шаруашылықтар жоқтың қа­сын­да. Біздегі шаруашылықтардың бар­лығы ет пен сүтті қатар алғылары келеді. Бірақ қазір дамыған заман талабына байланысты егер шаруашылықтар сүт алуға бағытталатын болса, оларға басқа әдісті қолданулары керек. Себебі етті мал шаруашылығында бұзау сиырды еміп өсіп, жайылымда бірге жүруге тиіс. Сөйтіп біздің қолданып келген бұрынғы әдісіміз қазіргі заманда екі кеменің құйрығын бірдей ұстағанмен тең болып отыр. Одан дұрыс ештеме шықпайды. Осыған байланысты жайылымдық алаң­дарда қолданылатын технология мен жемделіп жатқан мал басына байланысты берілетін субсидияның үш түрі әзірленіп отыр. Оның ең жоғарғысының талабынан шыққан кезде 1 кило қосымша салмақ үшін 200 теңгенің субсидиясын алуға болады. Сонымен бірге, біз бір-біріне тәуелді технологиялық тізбек жүйесін құруды ынталандыру үстіндеміз. Соңғы уақыттар ет бағасы жылдан жылға өсе түсуде. Осы­ған қарап, ет өндіру одан пайда табу ісі бірте-бірте субсидиясыз-ақ жақсы жолға түсетіндігін байқауға болады. – Асыл тұқымды бұқаларды асы­рап, баққанша малды жасанды жолмен ұрықтандыру тиімді емес пе? – Сүтті мал шаруашылығында жасан­ды ұрықтандыру тиімді тәсіл екендігі рас. Ал етті мал шаруашылығында асыл тұ­қым­ды мал санын көбейтуде жасанды ұрықтандыруды қолдану оң нәтиже бермейді. Себебі, малдар әдетте табын жем­деу алаңдарынан жүздеген шақырым қашықтықта жайылады. Ұрықтан­дыру­шы маманға сиырдың жайылып жүрген же­рін­де жұмыс істеу қиынға соғады. Екін­шіден бұл тәсіл өте қымбат және көп ең­бек­ті қажет етеді. Сонымен қатар, мал­ды қолдан ұрықтандырушы маманның жұмы­сы күйек алудың табиғи әдісімен салыс­тырғанда тиімсіз екені анық Мұның бәрін мен ойдан шығарып отырғаным жоқ. Бүкіл әлемдік тәжірибеде етті мал шаруашылығының 90 пайызында та­биғи ұрықтану тәсілі қолданылатын­ды­ғын айтсам, осының өзі жеткілікті болар. – Қазақстан 5 жылдан кейін 60 мың тонна етті экспортқа шығармақ. Мұндай болжамды қандай негіздерге сүйеніп жасадыңыздар? – Бұл сандар нақты есептеу арқылы алынды. 60 мың тонна дегеніміз, ол – 60 миллион кило ет. Бір бас мүйізді ірі қара бізде орташа сойылым салмағында 200-220 кило тартады. Демек 60 мың тонна етті 300 мың бас қара малдан алуға болады. Ал енді 300 мың басты жыл сайын етке өт­кізіп отыру үшін еліміздің шаруашы­лық­тарында 500 мың аналық мал шаруа­шылықтарда тұрақты айналымда жүруі қажет. Олардан жыл сайын шамамен 425 мың бас төл алынады. Бұл төлдердің жар­тысына жуығын жемдеуге жіберілетін өгізшелер құрайды. Оларға енді аналық малдың ішінде төлдемей қалған 15 пай­ыз­ды қосыңыз. Сонда жылдық сойылым үшін 300 000 бас малды артығымен алуға болады. – Герефордтың жағдайы біршама түсінікті. Ал қазақтың ақбас және әу­лие­көл сынды отандық асыл тұқымды малдарын дамытуда не істеліп жатыр? – Бұлар өте маңызды. Бірақ бүгінгі біз­дің отандық мал тұқымдары соңғы он­жыл­дықтарда көп өзгеріске ұшырады. Олардың 50-жылдары өсіріп шығарыл­ған­нан кейінгі уақыттары сапалық құны құл­дырап, құжаттық мәліметтерінің де өзге­ріске ұшырағанын байқаймыз. Бү­гінде қазақтың ақбас сиырының орташа 44 пайызы ғана тұпнұсқасына сәйкес келеді. Жалпы асыл тұқымды ақбас сиыр те­гі­нің 80 пайызы герефордтан тұрады. Демек жаңарту үшін оған герефорд қанын құю қажет. Экспорттық ет өнімі әлеуетінің қажет­ті санына жеткеннен кейін біз шет елден мал әкелуді тоқтатамыз. Жерсіндірілген асыл тұқымды малдармен жұмыс істейміз. Ал қазіргі уақытта бұл өмір талабы болып отыр. – Жуықта Елбасымыздың Америкадан ірі қара мал әкелінген бірінші асыл тұқымды репродукторлық шаруашы­лық­та болып, атқарылған жұмысқа жағымды баға бергенін білеміз. Осы жобаның негізін салушы ретінде оның тарихына тоқтала кетсеңіз? – Біздің қолға алған тың бастамала­ры­мыз, технологиялық шешімдеріміз мақұл­данды. Елбасымыз мұнда соңғы техноло­гия­лардың қолданылып жатқанын көрді. Істен нәтиже шығарына сенімім зор. Әйтпесе, оны қолға алмаған да болар едік. Қазір саланы көтеруге байланысты жұм­салған негізгі шығындардан алшақтай бастадық. Ол шығындар елде дайын­дал­ған еттің бәсекеге қабілетті болуы үшін жұмсалды. Енді бұл істі әлемдік тәжі­ри­беге сүйеніп, өз жеріміздің ерекшеліктерін ескеріп, орнықты жолға түсіруіміз керек. Сонымен қатар кеңестік кезеңде бе­тон­нан, кірпіштен салынған қоралардан құтылып, салмағы жеңіл, құрастырыла­тын құрамаларды пайдалану тиімді. Бұл сиырды желден, жаңбырдан, жалпы қо­лай­сыз табиғат құбылыстарынан қор­ғайды. Міне осындай технологиялық тың шешімдер арқылы салынған, малдың тұқым­дық қасиеті мен жемделу тәртібіне негізделген жаңа нысан жағдайымен Елба­сы­мыз кеңінен танысты. Осындай асыл тұқымды репродук­тор­лардың бірі былтыр құрылған «КазБиф» ЖШС болып табылады. Бұл серіктес­тік­тің 15 пайызы отбасылық бизнесте 130 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар аме­рикалық компанияға тиесілі. Себебі бұл компания елімізге тікелей инвестиция құйып, жаңа технологиялық шешімдері мен озық тәжірибесін еңгізіп отыр. Ол тә­жірибені Қазақстанның барлық өңірле­рі­не тарата отырып, көп пайда таба аламыз. Әрине, жаңалықты енгізу оңай емес. Бірнеше рет дәлелдеуге тура келді. Мәсе­лен, шаруалардың көбісі бастапқыда малды салқын жерде ұстауға үрке қарады. Бірақ, жобаны жүзеге асыру барысында көптеген жағдайларға көздері жетті. Мәселен бізде «шет елдік сиырлар суыққа төзе алмайды», «сиырды жылы сумен суару қажет», «сиыр бұзаулағаннан кейін оларды жылы жұмсақ төсемде ұстау керек» деген секілді қатып қалған қағидалар бар. Жоқ, ет бағытындағы сиырларға мұның бәрі міндетті емес екен. Алғаш рет төлдеп жатқанына қарамастан бүгінде 100 бастан 93 бұзау алынды. Кеңес заманында алғаш рет төлдеп жатқан 100 бастан 70 бұзау алынса, мұның өзі қалыпты жағдай саналатын еді. Ал қазір асыл тұқымды малдар бірінші жылдың өзінде осындай нәтиже көрсетіп отыр. Бұл олардың жергілікті жерге бейімделіп, икемделгенін дәлелдеп отыр. – Фермерлер жаңа жағдайда жұмыс істеуге қаншалықты дайын? Сіздердің жаңалықтарыңызды қалай қабыл­дады? – Фермерлер етті мал шаруашылы­ғы­ның даму бағдарламасына қатысу отба­сылық бизнесті ашуға мүмкіндік беретінін түсінеді. Әкесі, ұлы және көмек­шілерімен бірігіп 500-600 мал басын еш қиындықсыз ұстай алады. Әрине, бұл – жаңа кәсіп түрі. Ол өсімдік шаруашы­лы­ғындағыдай, техникаға, инфрақұры­лым­ға көп шығындалуды қажет етпейді. Ал мұндай жаңа фермерлік шаруа­шылықтар саны 5 жыл ішінде 2,5 мыңға жуықтап, үлкен әлеуметтік құрылымға айналары даусыз. Бұл жаңа фермерлер – бүгінгі таңдағы технологиялық тізбектің жетекші буыны. Өкінішке қарай бізді сынап жүргендер жобаның негізі тек асыл тұқымды шаруашылықтар деп түсінеді. – Бірақ, шет елден әкелініп жатқан мал басының құны қымбатқа түсіп жатқаны жасырын емес. Тек бір си­ырды тасымалдау үшін ғана бірнеше мың доллар жұмсалады. Әр бастың ба­ғасын төмендетіп әкелу жолы бар ма? – Әрине бар. Тасымалдауға (малды негізінен ұшақпен әкеледі) кететін шы­ғынды төмендету үшін асыл тұқымды мал­дың жастауын әкелу жоспарланып отыр. Егер 7-8 айлық асыл тұқымды мал әкелінсе, соған орай оның құны да төмендейді. Бүгінде кәсіпкерлер сойылым пункттерінің құрылысына несиені зауық­сыз алып жатса, асыл тұқымды мал сатып алу үшін несие алуға ұмтылған үміткер­лердің саны барған сайын молайып келеді. Неге? Себебі адамдар осы бизнестің болашағы мен пайдалылығын байқап отыр. – Мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін қойылатын ветеринария­лық талаптар мәселесі қалай шешілуде? – Президент Жарлығына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде Ветеринария комитеті құрылады. Ол енді Үкімет қаулысымен Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінен жеке бөлініп шығып, дербес құрылым ретінде өмір сүретін болады. Оның үстіне жергілікті әкімдіктердің ветеринариялық қызметі де күшейтілуде. Ветеринария бойынша мемлекеттік кә­сіп­орындар құрылуда. Олардың материал­дық-техникалық жабдықталуы жақ­са­рады. Қазіргі таңда бруцеллез тәрізді аурулармен күресу амалдарын қайта қарас­ты­рып, елімізде бұрын қолданылған вакцинация жүйесін қайта жаңғыртуға бет бұрып отырмыз. Әйтпесе, асыл тұқымды малды қырып алуымыз мүмкін. Қазіргі осы түйінді түйткіл ғылыми-техникалық кеңесте кеңінен талқылану үстінде. – Сізді оппоненттеріңіз не үшін сынайды? – Оппоненттер ғана емес, сіздер де сынап жатырсыздар ғой... Басылым бас­шы­сына осы тақырып бойынша тілші жі­бер­сеңіз мән-жайды егжей-тегжейлі ай­тып берер едім, біраз жәйттің беті ашылар еді деп өтініш айтқаным сондықтан. Жалпы жаңа бастамалардың қашанда болсын қарсылыққа толы күрделі жолдан өтетіні бәрімізге мәлім. Есімізге түсі­рейік­ші, заманауи қымбат комбайндар мен егін егу кешендеріне деген көзқарас әу баста қандай болып еді? Барлығы бір ауыздан: «Бұл мүмкін емес, олар ертең сынып қалса кім жөндейді?» деген еді ғой. Сондай-ақ нөлдік технологияны қол­дану кезінде де қаншама сөз болды. Жерді жыртпай өңдеу дегенді түсіне алмады. Қазір енді осы тәсілге бәрінің еті үйреніп қалды. Шет елден сүтті мал әкелген кезде де қаншама кертартпашылық туындап еді, қазір енді ол да қалыпты түрде қабыл­данады. Біздің ет бағытындағы бұл жаңа жобамыз да осылайша өмірден өз орнын табатын болар. Жалпы біз сындарлы сын мен дәйекті дәлелдерді қабылдап, парасатты пікір алмасуға дайынбыз. – Қазіргі кезде «шет елден әкелініп жатқан малды оларға лайық мал азы­ғымен қамтамасыз ете алмаймыз-ау, ол бізге қымбатқа түсері анық» дегендей қауіптену сөздерді де жиі естіп жүрміз. – Бұл мәселенің мәнін шырғалаңға салып, оны қорқынышты етіп көрсету үшін айтылып жүрген дақпырт. Биыл әкелінген 10 мың сиыр қанша жем жейді? Қазақстан аумағында бұл мардымсыз сан. Соның бір дәлелі «Казбиф» ЖШС жұмыстары. Серіктестік өзінің маңайдағы алқаптарында әртараптандырған шаруа­шы­лықтар құрды. Олар дәнді дақыл­дардан азықтық дақылдарға көшті. Сөйтіп «мал азығын қайдан аламыз» деген сұрақ өз жауабын тапты. Сөз басында Елбасымыздың ауыл шаруашылығын әртараптандыру міндетін алға қойғанын айттым ғой. Бұл міндет сөзсіз орындалады. Өйткені Қазақстандай кең жайлымдықты елде агроөнеркәсіп кешенін тек өсімдік шаруашылығына негіздеп дамыту бір аяқпен жүргенмен тең. Қазіргі мал шаруашылығын, соның ішінде етті мал шаруашылығын дамыту ісі осындай стратегиялық мақсат негізінде қолға алынуда.

– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз табысты болсын.

Сұхбаттасқан Сұңғат ӘЛІПБАЙ.