ПАРЛАМЕНТ "Егемен Қазақстанның" арнаулы беті
Менің бүгінгі айтайын дегенім құқықтық статистикалық ақпараттың жариялылығын қамтамасыз ету және құқықтық статистика органдарының қызметін жетілдіру мәселелеріне қатысты болып отыр.
Бүгінгі таңда ақпарат қолжетімділігіне конституциялық құқық Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің қызметінде толыққанды іске асырылмай келеді. Мәселен, комитет сайтының «Талдау мәліметтері» (ағымдағы жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша) бөлімінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімдері бойынша «Тұлғалардың өтініштерін бірыңғай есепке алудың» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректер базасына мониторинг нәтижелерінің жинағы 2009 жылғы жағдай бойынша ғана, сондай-ақ қылмыстың жай-күйіне криминологиялық болжам ұсынылған.
Құқықтық статистика деректеріне қолжетімділікті беру азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру және оны ұйымдастыру мақсатында ғана емес, білім беру және ғылыми қызметтің толыққанды үдерісін қамтамасыз ету үшін де қажет. Құқықтық статистикалық ақпаратты талдау негізінде әзірленген ғылыми болжамдар биліктің барлық тармақ органдарының практикалық қызметіне жәрдем етуге тиіс.
Құқықтық статистикалық ақпараттың жариялылығын қамтамасыз ету құқық қорғау органдарының статистикалық деректермен айла-шарғы жасауына жол бермеуге, қылмыстарды жасыру фактілерін азайтуға, сыбайлас жемқорлық көріністері мен үдерістерін қадағалауға да мүмкіндік береді.
Осы саладағы қазіргі жағдайды жақсарту мақсатында дамыған елдердің құқықтық статистика саласындағы тәжірибесін зерделеп, пайдалану қажет. Мәселен, Жапонияда «Қылмыстың ақ кітабы» жыл сайын басып шығарылады, бұл кітап кез келген мүдделі тұлғалар үшін қолжетімді. Бұл басылым көптеген статистикалық деректерді, кестелер мен диаграммаларды қамтиды. Қылмыстың алдын алу жөніндегі қызметке халықты тарту үшін мемлекеттік органдар халықпен диалог орнатып, қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатқа қоғамдық қолдауды күшейту бойынша белсенді жұмыс жүргізеді.
Барлық құқықтық статистикалық ақпаратты бір уәкілетті органға жинау қажет. Қазір құқықтық статистиканың және есепке алудың барлық түрін комитет жүргізбейді. Атап айтқанда, жаппай саяси қуғын-сүргін жылдарында сотталған адамдарды ведомстволық еске алуды жүргізуді Ұлттық қауіпсіздік комитетінен құқықтық статистика органдарына беру туралы мәселені қарау талап етіледі. Бұл барлық мүдделі тұлғалардың осы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін қажет.
Осы жазылғандарды негізге ала отырып:
мемлекеттік құзыретті органдарға барлық мүдделі тұлғалардың құқықтық статистикалық ақпаратқа уақтылы және еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді тапсыру;
қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды есепке алу жөніндегі функцияны комитетке беру мәселесін қарау;
мүдделі мемлекеттік органдармен бірге сот статистикасын жүргізу департаментінің функцияларын комитетке беру жөнін пысықтау қажет деп есептеймін.
Аталған мәселелер оң шешімін тапқан жағдайда, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2012 жылға арналған жоспарына комитеттің құзыреті мәселелері бойынша заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізу жөнінде заң жобасын әзірлеуді енгізу қажет.
Берік ИМАШЕВ, Сенат депутаты.