«Жақыптың жатыр күші оң жағында» дегендей-ақ, өскемендік әріптесіміз Оңдасын Елубайдың қалам қарымы ерекше қуаттанып көрінер, үнемі оң жамбасына ілінер тақырыбы спорт екенін осы күні жұрт түгел біледі. Оңқаң спортқа студент кезінен құштар еді. Сол құштарлық қанатында Париждегі 1998 жылғы әлемдік футбол додасын, Сидней, Афина және Бейжін Олимпиадаларын, Туриндегі қысқы Олимпиаданы, Кореяда өткен футбол чемпионатын өз көзімен өткеріп, сондағы Бекзат, Ермахан, Ольга, Бақтияр, Бақыт, Ильяның Олимп шыңына көтерілген жұлдызды шақтарының шаттығын бірге бөліскен осы біздің Оңқаң болатын. Сол ғаламат спорт аламандарының айтулы шежіресіндей «Айшылық алысқа алты сапар» кітабы 2009 жылы жарық көрсе, автордың қоғам мен ел тіршілігінің алуан саласын қамтып, 1077 фотосуретін топтастырған «Өмірді суретпен өрнектеп» атты фотоальбом кітабы 2010 жылы оқырман көзайымына айналған-ды.
Міне, содан бір жыл өтер-өтпесте тынымсыздығы жанкештілікке жалғасқан Оңдасын Елубайдың кезекті фотоальбомы қолымызға тиді. Әріптесіміз өзінің бұл жинағын «Алашты асқақтатқан Азиада» деп атап, оны туған ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған екен. Және қосалқы атын «Золотая Азиада Казахстана» деп қойып, жүремелете орыс тіліне аудартып, кітапты қазақ-орыс оқырманына бірдей ұсынғаны дұрыс болған. Кітаптың әр парағын қызыға ашасың, танымыңды кеңейтесің. Жүздеген суреттер қайталанбас сәттерді молынан қамтып бейнелеген. Астана мен Алматыда бой көтеріп, Азиада абыроймен өтіп болғаннан кейін де жан жадыратып ел игілігіне айналған ғаламат спорт кешендері, шаңғы базалары, Шымбұлақ, Медеу, Табаған мен Солдатсайдағы жан алысып, жан беріскен спорт бәсекелері, Алаш жұртын асқақтатқан әлемдік аламанның баршаны таңырқатып таңдай қақтырған ашылу һәм жабылу салтанаттары да фотообъективтің қырағы назарынан тыс қалмаған.
Бұл кітаптың ішінде таным да, тарих та, мерей де, мәртебе де, тағылым мен ғибрат та, салтанат пен сағыныш та – бәрі бар. Азиаданың ашылуында Елбасының сөйлеп тұрған сәті салтанат емес пе! Алтын, күміс медальдардан алқа таққан жеңімпаздармыздың әрбір марапатталған сәттері мерей емес пе. 75 жастағы астаналық жансебіл жанкүйер Сағи ақсақалдың жарысты жас жігіттей тамашалауы тағылым емес деп кім айтар? Ал Өскеменде Азиада алауын жаққан Әзағаң – Әзілхан Нұршайықовтың бейнесі дүние жалғандағы соңғы суреті болар-ау, сірә. Кітапта осындай көңіл толқытар, жүрек елжіретер сурет-сәттер жетерлік. Сағыныш дегеніміз осы. Әріптесіміз Оңдасын Елубай сол сағыныш сәттерін тап баса білуімен де қызықтырады бізді, өзіне деген құрмет сезімін тудырады.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Астана.