• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
18 Қазан, 2011

Қамбасы астыққа, төскейі малға толған Ақтерек ауылында айта жүрер жақсылықтар жетерлік

411 рет
көрсетілді

Алматы – Ташкент тасжолының үстіңгі қапталына көлбей орналасқан Ақтерек ауылы Алматы облысының Жамбыл облысымен шекаралас жатқан іргелі елді-мекені. Мамыражай күйдегі таза қазақы ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, қам-қарекеті көз қуантар­лық. Кезінде өтпелі кезеңнің қиын­шылығын бастан өткергенмен, ауыл тізгінін Темірлан Шәйнүсіпов қолына алғалы жыртықтары жамалып, тесіктері бүтін­де­ліп, табыстары еселеніп, бүгінде ел­дің еңсесі көтеріңкі, қазан-ошақ жоға­ры дегендей, тұрмыстары жақсарған. Биыл Ақтерек жеке шаруа қожа­лығының еңбеккерлері бітік егін өсіріп, әр гектардан 15 центнерден астық жинап, қамбаларына 5 мың тонна бидай құйып алды. Егер Ақтерек өндірістік кооперативі құрылған 1994 жылы отыздай техника, ірі қара малдан екі бұқа, ал қой, жылқыдан тұқым қалмаса, бүгінде ауылдан 50 мыңға жуық қой, 6 мың ірі қара, 2,5 мың жылқы өріп шығады. Осы уақытқа дейін ауылдағы бір үйдің мұрты бұзылмаған. Қайта халықтың жағдайының жақсарғаны ғой, ауыл сыртынан жаңа көше түсті. Ең бір айта кетерлік жағымды жаңа­лық, Темірлан биыл жағдайы төмен қожалық мүшелеріне 12 жаңа үй салып, қоныс тойын тойлады. Қалғандарының үй, қора-жайын қоршап, көшенің сәні­не сән қосты. Бұдан бірнеше жыл бұ­рын 3,5 мың га жерді қоршап 1,5 мың түп отырғызған алма, алмұрт ағаштары былтырдан бастап жеміс бере бастады. Жыл сайын қожалық мүшелеріне бау-бақша дақылдарын, 5 тонна көмірін, би­дайын, жемін-шөбін тегін түсіріп береді. Ауыл аудан орталығынан 90 ша­қы­рым қашықта орналасқандықтан халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласы да оңтайлы ұйымдастырылған. Шаштараз, дәріхана, дүкен, стоматология кабинеті, мейрамхана, наубайхана, бильярд ауыл адамдарына қалтқысыз қызмет жасауда. Әрине, ақтеректіктерге аудан, облыс әкімдіктері қашанда қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Бұған дейін ауыл­дағы орта мектепті күрделі жөн­деу­ден өткізсе, биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа Жаманты көшесіне асфальт төселіп, тұрғындар­дың көңілі бір көтеріліп қалды. Бір ғана «әттегенайлары» ауыз су мәселесі то­лық шешімін таппай отыр. Былтыр об­лыс бюджетінен қомақты қаржы бөлі­ніп, бір ұңғыма қазылса, қалған­дарын және үйді-үйге су тарту жұмыстары келесі жылдың есебінен қарасты­рыл­мақ. Ақырын жүріп, анық басатын Темірлан осы ауылда туып, өскен жігіт болғандықтан, жер жағдайын, ауыл тіршілігін өте жақсы біледі. Ауылда тұ­ра­тын бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін бес саусақтай біледі, олардың әр­қайсысының қам-қарекетінен, тұрмыс жағдайынан хабардар. Сондықтан да той-томалақ, өлім-жітімде, тұрмысы на­шар отбасыларына қолынан келген көмегін беруден аянып қалмайды. Оның бұл қамқорлығын ауылдастары да бағалап, Ақтеректің бел баласы атан­ған Темірланға қашанда ризашы­лық­тарын білдіріп жатқаны. Міне, осы төгілген тер, жасаған еңбек ескерусіз қалмай, қожалық төрағасы 2008 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал ауылдастары болса алдағы уақытта жаңашыл да жігерлі басшысынан тағы да тың істер, жағымды жаңалықтар күтеді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.