Алматыда соңғы жеті жыл бойы қыркүйек айында ерекше дайындықпен өткізілетін конференция биыл 24 қыркүйекте өтеді. Оны білетіндерден гөрі, білмейтіндер көбірек сияқты.
Бұл несімен ерекшеленеді, неге бұл туралы айтқым келеді, неге Қазақстандағы бар адам бұл жиын туралы біліп, оның идеясымен жігерленсе, қызықса, үміттенсе, рухтанса деймін? Сіз бір жыл ішінде дүние жүзі елдерінің ағылшын тіліне аударылған кітаптарын оқып шыққан адамды танисыз ба? Ал Африкадағы ауылын арыстандардан қорғап, арыстандардың өздерін де өлімнен құтқарып қалған адамды ше? Аулаңызда орман өсіруге болады десе, сенесіз бе? Ал микроскопты өз қолыңызбен жасап шыға аласыз ба? Бұдан өзге ғылым, технология, дизайн, өнер, білім және басқа салаларда өз үлесін қосып жүрген мыңдаған адамның ойымен TED және TEDх форматы арқылы таныса аласыз. TED (Technology, Entertainment, Design) дегеніміз – қысқа, әсерлі сөз сөйлеу. 1984 жылдан бастау алған, қазір дүние жүзінің 100 тілінде түрлі тақырыпта жүргізіледі. Жұрт алдына шығып сөйлейтін әр адамға тек бір талап қойылады: әлемге айтар ерекше ойы болуы және ол жүзеге асырылған, айналасын, ортасын, қауымдастықты өзгертуге, көркейтуге, жетілдіре түсуге бағытталған болуы керек. Әдетте танымал адамдар көп, бірақ ерекше ойы, идеясы болмауы мүмкін. Сондықтан, TED, TEDх конференцияларына танымал ғалымдар, инженерлер, бизнесмендер, салалық мамандармен қатар қарапайым, өз ісіне берілген адамдар да көптеп шығып жатады. Осы орайда TED кураторы, таратуға тұрарлық идеяның таратылуына үлес қосып жүрген Крис Андерсеннің «TED Talks» атты кітабын атап өткім келеді. Кітапта Крис Андерсен TED-те сөйлеуге қойылатын талаптармен бірге TED-тің өзімен бірге ала келген ерекшелігін де сипаттайды. Бұл конференциялар жұрт алдында сөйлеу өнеріне өзгеріс енгізді деуге болады. Сөзіңді ойластырып, тыңдаушыны 18 минут бойы қызығушылықта ұстау, енді не болар екен деп еліту екінің бірінің қолынан келмес. Бірақ осылайша сөзіңді қызықты дайындауға үйренуге болады. Бұл үшін бүгінге дейін сөйлеген адамдардың сөзін тыңдап, оқудың қажеті болмас, бірақ тыңдасаңыз ойды жеткізудің басқа да жолдары бар екеніне көзіңіз жетеді. Әр сөйлеуші ерекше ойымен, ойын жеткізетін шағын және шынайы оқиғаларымен есте қалады. Олар бір-біріне ұқсамайды. Крис Андерсен «идея» сөзін кең мағынада қолданады. Идея тек ғылыми жаңалық немесе өнертабыс емес, кейде бұл бір нәрсені қалай жасауға болатынының сипаттамасы да болуы мүмкін. Шынайы оқиғамен берілген адамның көрегендігі иә ойының қырағылығы да болуы кәдік. Идея арқылы адамның әлемді қабылдауын өзгерте аласыз, өзіңізге маңызды идеяны басқалардың санасына жеткізе алсаңыз, сіз нағыз әлемнің жеті кереметі сияқты ғажайып дүние жасайсыз. Тыңдап отырған адамдарға ерекше сый ұсынасыз, сіздің ой-дүниеңіздің бір бөлігі оларға ауысады. Кристің мына ойына құлақ асып көріңізші: «Жақсы сөз сөйлеу саяхат сияқты, ол саяхатқа сөйлеуші мен тыңдаушы бірге аттанады. ...Сөйлеуші экскурсия жетекшісі немесе жол көрсетушідей тыңдаушыға түсінікті нәрседен бастауы керек. ...Сіздің саяхатыңыз зерттеу, түсіндіру, сендіру, тыңдаушының көзін жеткізу тағы сол сияқты нәрсе болса да, ең басты мақсат – тыңдаушыны өте әдемі, жаңа жерге алып келу» . Яғни, сөз бастағанда сөйлеуші айтатын нәрсесі туралы бәрін біледі, ал тыңдаушы әлі ешнәрсе білмейді. Ал сөйлеуші сөзін аяқтағанда тыңдаушы оның білгенін өзіне сіңіріп, жаңа ойлармен қуаттанып, жаңа әрекеттерге құлшынатындай әсер алады.
Егер болашақта TEDх сияқты конференцияларда идеяларыңызбен бөліскіңіз келсе, мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз: Бұл тақырып мен үшін маңызды ма?; менің және айналамдағы адамдардың қызығушылығын тудыра ма?; тыңдаушымен бөлісетін білімді алғысы келе ме?; айтар ақпаратым жаңалық па әлде бұл тақырыпты бәрі біле ме?; ұсынылған уақытта тақырыбымды жақсы мысалдармен айтып бере аламын ба?; тыңдаушылардың уақытын алатындай білімім терең бе?; сөйлейтін сөзімнің тақырыбын 15 сөзбен жеткізе аламын ба?; осы 15 сөз адамдарға әсер етіп, сендіре ала ма?
Жұрт алдында әсерлі сөз сөйлеу тек сезімге бағытталған емес, сіздің сөзіңіз тыңдаушының білімін кеңейтіп, әрекетке жетелеуі немесе ойландыруы керек. Біз екі түрлі нәрсе туралы айта аламыз: мәселе және идея. Мәселе туралы айтқанда «Бұл сұмдық емес пе?» деген ой келсе, идея туралы айтқанда «Бұл керемет және қызық емес пе!» дейміз. Ал не туралы айтқыңыз келеді, тыңдағыңыз келеді, бұл – сіздің шешіміңіз. Дұрыс таңдау жасайтыныңызға сенімдімін.
Бақытгүл CАЛЫХОВА, Педагогика ғылымдарының кандидаты