• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қыркүйек, 2017

«Біріншімен бірге» кітабы жоғары марапатқа ие болды

255 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігінің қолдауымен 2016 жылы Мәскеуде жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған «Біріншімен бірге» атты кітап ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында өткізілген «Кітап өнері» ХІV халықаралық конкурсының «Достастық» номинациясында жеңімпаз атанды.

Салтанатты марапаттау рәсімі 30-шы Мәскеу ха­лық­аралық кітап көрме-жәр­меңкесінің аясында өткізілді. 

Кітаптың авторлары – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында ұзақ жылдардан бері же­міс­­ті қызмет етіп келе жат­қан үзеңгілестер командасы. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінде 2016 жыл­дың 29 қарашасындағы нө­мірінде жазылған болатын. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы сол кез­дегі елшісі, бүгінде Пре­зи­дент Әкімшілігі Бас­­шы­­сының бірінші орынба­сары Марат Тәжиннің бастамасымен жазылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Нұр­тай Әбіқаевтың, Әділбек Жақсыбековтің, Қайрат Мәмидің, Нұрлан Нығ­матулиннің, Иманғали Тас­мағанбетовтің және Марат Тәжиннің деректі очерктерінің жинағы қазіргі заман­ғы Қазақстанның ши­рек ғасырлық дамуына тү­бірлі шолу жасап, авторлар өздері тікелей қатысқан барлық оқиғаларды, процестер мен фактілерді суреттейді. 

Кітапта Қазақстанның сыр­тқы әлеммен өзара қа­рым-қатынас орнатудағы тар­тымды тұстары баяндалып, елдің саяси дамуының негізгі кезеңдері, жаңа елорда Астананың бой түзеуі, демократиялық саяси жә­не құқықтық жүйенің қа­лыптасуы жарқын әрі жан-жақты бейнеленеді. «Бі­рін­шімен бірге» кітабы Мемлекет бас­шы­сының «бол­мысты өзгертудегі қа­білетін, қоршаған әлемді жарқын бо­ла­шақтың көз­қарасына сай үйлестіріп, мақ­­сатты айқындап және оған қол жет­кізуде еліміздің барша азаматтарын сөз жү­зінде емес, іс жүзінде топ­тастырудағы» бірегей көш­басшылық қасиеттерін ашады. 

Кітапты шығарған «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин Қазақстан Президентімен ұзақ жолды бірге жүріп келе жатқан адамдардың әңгі­мелеуі басылымның бас­ты жетістігі екенін айтты. «Олар Қазақстанның қа­зіргі заманғы қуатты дер­жа­ваға айналу жолындағы ел басшысының бірегей бейнесі мен атқарылған жұ­мыс­тардың сипатын егжей-тегжейлі ашып көр­сетеді. Кітапта ел бас­шысының бейнесі сомдалады, көшбасшы мен оның үзең­гі­лестері ғана емес, барша ха­лықтың жүріп өткен жолы көз алдыңызға келеді», деді Г.Пряхин. Оның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың көш­­басшылығының арқа­сында Қазақстан тәуел­сіздіктен мейлінше мол пайда көре білді.

Ресей Федерациясы Пре­зиденті әкімшілігінің бұ­рынғы басшысы, қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық жә­не интел­лек­туалдық бағ­дарламалар қорының пре­­зи­денті Сергей Филатов Нұрсұлтан Назарбаевты ХХ-ХХІ ғасыр тоғысындағы басты саяси тұлғалардың бірі ретінде санайтынын айтты. «Қазақстан Президенті посткеңестік кеңістіктегі тұрақтылықты сақтауға өте көп еңбек сіңірді, ал ең бастысы, ол барлық күш-жігері мен қуатын өзінің елі мен халқына арнайтыны маған ерекше ұнайды», деді ол. 

Ресей Федерациясы Федерация Кеңесінің Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Константин Косачевтің айтуынша, кітап форматы Қазақ­стан Президентінің қызметіне ең жақын аралықтан көз тастап, оның тұл­ғалық ауқымын, атқарған істерінің ауыр жүгін, терең жауапкершілігін тануға болады. «Нұрсұлтан Назарбаев – еуразиялық тұжырымдаманың жалпы жұртшылық мойындаған туындыгері», деп еске салды сенатор. «Ол бұл тұжырымды ең алғашқы болып жасады және оны дәйекті түрде сатылап іске асыруда. Еуразиялық идеясы бүкіл әлемге таралды, бұл істе, сөзсіз, Қазақстан Президентінің сіңірген еңбегі орасан зор», деді К.Косачев.

Мәскеу халықаралық кітап көрмесі ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Баспа және бұқаралық коммуникация федералдық агенттігі жетекшісінің орынбасары Владимир Григорьев Қазақстан Президенті бәрімізге тарап кет­кен елде де тығыз байланыстарды сақ­­тауға болатынын сезіндіргенін айтты. «Қазақстанның жаңа тарихының барлық бұ­рылыстарында: аялдаңдар, айналаға көз салыңдар, болашақты ойлаңдар, өткенді зерделеңдер, өздеріңнің та­рихтарың мен мәдениеттеріңді баға­лаң­дар деген ой-сана үні естіліп тұрады», деді ол. 

Еске сала кететін жағдай, Мәскеуде былтыр, бір жылға жетер-жетпес уақытта тұсауы кесілген бұл кітапқа Ресей жұрт­шы­лығы тарапынан ерекше ілтипат танытылды. Іс-шараға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломаттар, ғалымдар, сараптама және қоғамдық ұй­ым­дардың өкілдері, белгілі публицистер қатысты. 

«Егемен-ақпарат»