ХІ Еуразиялық KAZENERGY форумы – ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы қорытынды шаралардың бірі болды. «Болашақтың энергиясын қалыптастыру» тақырыбында өткен шара Қазақстан Үкіметі мен Энергетика министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Энергетика саласының маңызды мәселелері талқыланған форумға Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев, Чехия, Финляндия, Ресей, Грузия, Польша елдерінің энергетика салаларының басшылары, сондай-ақ, Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің президенті Тор Файеран қатысты.
Қазіргі таңда жаһандық энергетикалық нарықтың жаңа моделіне көшудің бірегей процесі өріс алды. Яғни әлем энергетикасы жаңа дәуірге аяқ басты. Бұл ретте Қазақстан да экономикалық даму мен ғаламшар экожүйесін сақтау арасындағы теңгерім негізінде тұрақты энергетикалық дамуды қамтамасыз ету идеясын қолдайды. Ал Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі әлемдік энергетика жүйесінің дамуына әрі жаһандық энергетиканың тұрақты дамуының жаңа үлгілерін қалыптастыруға айрықша серпін берді. Ендеше, форумда сөйлеген сөзінде Қазақстан Премьер-Министрі: «Біз БҰҰ негізгі бас-тамаларын, Қазақстан бекіткен Париж келісімін қолдаймыз. ЭКСПО-2017 базасында жасыл технология мен энергия инвестицияларының халықаралық орталығының жұмысын ашып отырмыз. Бұл Орталық Азия өңірлерін жасыл экономикаға өткізу мақсатында БҰҰ және ЭЫДҰ елдерімен ынтымақтастықты қамтамасыз етеді. Қазақстан әлем қоғамдастығына энергия қорының сенімді жеткізушісі болып қала береді», деуінің өзі осы ойды құптайды.
Форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев та жақын келешекте Қазақстанда баламалы энергия көздерінің үлесі артатынын айтты. Мәселен, еліміздегі баламалы энергияның үлесі 2020 жылы 3 пайызға, 2030 жылы 10 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға дейін жетеді деп жоспарланған. Сондай-ақ Астанада ЭКСПО базасында болашақ энергияларының инвестициялық жобалары мен жасыл технологиялардың халықаралық орталығы құрылмақ. Ол өз кезегінде трансформациялық энергетикалық сектор мен жасыл бизнеске өтуге қатысты тапсырмаларды орындауға ықпал етеді. Орталық Ресей, Қытай, АҚШ, Үндістан мен Латын Америкасы елдерімен бірлесіп жұмыс атқарады. Ол ЭКСПО тәжірибесінің лайықты жалғасы болмақ.
Сондай-ақ еліміз алдағы жылдан бастап мұнай мен газ саласында жер қойнауын пайдалануға келісімшарттардың барлық түрлерін оңтайландыруды қарастырып отыр. Осы ретте оларды бекіту мерзімін қысқартып, көптеген әкімшілік кедергілерді жоюды, мұнай-газ шикізатының қоры бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесіне көшуді іске асыру көзделген. Сонымен қатар, мұнай өңдеуде энергия тиімділігінің жобалары енгізілуде, яғни мұнай өңдеуші зауыттар үш жылда бір жөнделу кезеңіне көшірілген. Қазақстан стратегиясы тек дәстүрлі энергетиканың жоғары көрсеткіштеріне ғана емес, сонымен қатар кезең-кезеңімен баламалы әрі жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға бағытталған. Соңғы жылдары баламалы энергетика көптеген елдер үкіметтері тарапынан қолдауға ие болды, осы орайда Қазақстан да энергиялық балансқа баламалы және жаңғырмалы энергияны белсенді түрде енгізуге бағыт алды.
ХІ KAZENERGY Еуразиялық форумында әлемдік энергетикалық компаниялар тұрақты энергетика көздерін тиімді басқару, энергия ресурстарының өндірілуін, сақталуын және пайдаланылуын бақылау, энергия көздеріне қол жеткізу, климаттың өзгеруі және көмір қышқыл газы шығарындыларын төмендету, баламалы энергия көздерінің пайдаланылуын ынталандыру, энергиялық тиімділік бойынша бағдарламаларды және «ақылды» энергетиканы енгізу, уран және атом саласын инновациялық тұрғыда дамыту сияқты ауқымды мәселелер талқыланды.
Биыл KAZENERGY қауымдастығы IHS Markit компаниясымен бірлесіп ұлттық энергетикалық баяндама дайындаған болатын. Форумда аталған құжаттың арнайы таныстырылымы өтті. Жаңа құжат 2015 жылғы баяндаманың негізінде әзірленді. Ұлттық энергетикалық баяндама – еліміздегі энергетика саласының бүгіні мен ертеңін толықтай қамтитын құнды құжат.
Айтқандай, 2017 жыл – еліміздің мұнай-газ және энергетика саласы үшін мерейтойға толы ерекше кезең. Мәселен, осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы Қазақстан мен Оман сұлтандығы арасында алғашқы құжатқа – Каспий құбыр желісі консорциумына және Теңіз-Новороссийск экспорттық мұнай құбыры жүйесінің құрылысы жобасына қол қойылды. Ал 20 жыл бұрын 1997 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игеруге қатысты тарихи келісімді бекітті. 1997 жылы Қазақстанға алғашқы Қытай инвесторы келді. Қазақстан экономикасына елеулі өзгеріс әкелген Қытайдың CNPC ұлттық мұнай-газ корпорациясы 20 жыл бойы еліміздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың қатарынан түскен жоқ. Сондай-ақ биыл «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының құрылғанына – 20 жыл. Бұл тізімді болашақтың энергиясына арналған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі толықтырды. Осылайша, биылғы ХІ Еуразиялық KAZENERGY форумы – еліміздің энергетика саласындағы барлық айтулы даталардың қорытынды жиыны болды.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»