Өскеменнен 26 шақырым жерде, Глубокое ауданының Тарханка ауылының маңында «Тархан геологиялық разрезі» деп аталатын ерекше бір жер бар.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары жуықта сенсация деуге тұрарлық жаңалықтарын жұртшылыққа жария етті. Олардың сөзіне сенсек, миллиондаған жыл бұрын Үлбі өзені болмаған, бұл алқапты Алтай теңізі алып жатқан көрінеді.
«Мұнда теңіздің болғанына нақ осы Тархан разрезі дәлел. Ол шамамен осыдан 300-400 миллион жыл бұрынғы жоғарғы Девон және төменгі Карбон дәуірлерінің шөгінді қатпарларынан тұрады. «Тархан геологиялық разрезі» айрықша ғылыми құндылыққа ие. Бұл жер тасқа айналған байырғы ағзаларды зерттеуге, олардың жасын анықтауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, өлке тарихының жаңа парақтары ашылады. Разрездің түрлі қатпарларында көне теңіз ағзаларының тасқа айналған қалдықтары сақталған, олар бірнеше жүз миллион жыл бұрын жасалған өзіндік тас «суреттер» іспетті. Разрез екі геологиялық кезеңнің – Девон мен Карбонның шекарасын көрсетеді. Бір өкініштісі, осынау таңғажайып мекендегі қаншама ғасыр сақталған жәдігерлер тоналып, жойылып барады. Сондықтан бұл жерді тез арада мемлекет қамқорлығына алу қажет», дейді осы университтетің проректоры, биология ғылымының докторы Анар Мырзағалиева.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы