Ұшы-қиыры жоқ қазақ даласында құрылған уездер де өткен ғасырларда өткізілген Қоянды, Қарқара, Жаркент, Көкжар, Тайынша көл, Шар, Петров, Әулие ата жәрмеңкелері халқымыздың өмір сүру дағдысы мен табыс, пайда табу ісіне тигізген шапағаты мол болғанын отандық тарихшылар жиі қайталайды.
Олардың айтуынша, даламызда 104 жәрмеңке пайда болып, мұнда 32,7 миллион сомның сауда-саттығы жасалған. Бұл сол кездің өлшемімен алғанда сұмдық жоғары сома екенін бүгінде біреулер білсе, біреулер біле бермеуі мүмкін. Ең бастысы, мұндай басқосулар екі жаққа да тиімді айырбас сауда жасаудың таптырмас жолына айналған. Әрі көрші жұрттармен өзара байланыстар мен қарым-қатынас жасаудың, барыс пен келісті жалғастырудың басты жұлыны бола білген.
Осы орайда ең алғаш рет 1867 жылдың күзінде Ұлы Жібек жолының бойындағы Ойыл бекінісінде ашылған Көкжар жәрмеңкесінің жолы да, жөні де бөлек деуге болады. Осы арадан бастау алатын керуен жолдар сауда-саттық пен алыс-берісті дамытуға үлкен септігін тигізген. Көкжар жәрмеңкесі Орынбордың, Ырғыз, Маңғыстау, Хиуа, Бұқара, Ауғанстан және Парсы тауар өндірушілерінің бастарын түйістірген. Көкжар жәрмеңкесі ашылуының бірінде тауар алмасу айналымы 3 миллион сомнан асып түсуі бұрын-соңды болып көрмеген үлкен қаражат деп мәлімдейді белгілі тарихшы-әлеуметтанушы Беркін Құрманбеков.
Соған қарағанда Көкжар жәрмеңкесі бүгінгі тілмен айтқанда көрші елдермен жүргізілетін сауда-экономикалық қатынастардың негізін қалағанын көрсетеді. Осы орайда өткен аптада Ойыл ауданының орталығында Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы республикалық және халықаралық деңгейде кеңінен аталып өткенін айта кеткен жөн. Тарих парақтарына тағы да көз тастар болсақ, дәл осы жәрмеңкеге XIX ғасырдың ІІ жартысынан бастап Англия мен Ресей Империясының көпестері көктем мен күз кездерінде өз тауарларын тасығанын көреміз. Сонымен бірге төрткүл дүние тоғысында Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында Ұлы Жібек жолының бел ортасында орналасқан Көкжар жәрмеңкесі тауар алмасу үшін өте ыңғайлы болғанын түйсінеміз.
Аталған тарихи датаның аталып өтуі кезінде іргетасы сонау 1860 жылдың басында қаланған алғашқы сауда қатарларының әлі күнге дейін міні бұзылмай, сыны кетпей тұрғанын көргенде таң қалмасқа амалымыз қалмады. Тағы бір көзіміздің жеткені бұдан 150 жыл бұрын Көкжар жәрмеңкесі ең алғаш рет ресми түрде ашылған кезде Ойылда өзгеше өрнектегі көпес үйлері бой көтеріп, мешіт салыныпты. Пошта-телеграф жүйесі жұмыс істей бастапты. Әрі ең алғаш рет адам мен мал дәрігерлері қызметтері белгіленіпті. Бүгінде жоғарыда аталған көне тарихи нысандар Ақтөбе аймағының бірегей мәдеи және рухани мұрасы қатарынан орын алатынын айтудың өзі бір мәртебе.
Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығына байланысты өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде бұл жәрмеңкенің тек айырбас сауда жасайтын орын ғана емес, сонымен бірге ежелгі халықтық өнер сайысының орталығына да айнала алғаны аталып өтті. Оған шеті мен шегі жоқ қазақ даласындағы ақындар, әншілер мен термешілер, күйші-жыршылар төрт көздері түгелге жуық қатысқан дейді жәрмеңке тарихын зерттеуші ғалымдар. Оған кімдер келмеген, кімдер өнерін ортаға тастамаған десеңізші. Тәңірі берген Молдабай, Дәулеткерей, Мұхит, Нұрпейіс секілді өнер алыптары да Ойылдағы ойын-тойды ортекедей қыздырған деседі.
«Бүгінгі күні Мемлекет басшысы тарапынан сауда экономикалық және мәдени-рухани құндылықтарды тереңдету ісіне айырықша көңіл бөлініп келеді. Біз бәріміз де бүгінгі күнге кешеден келгенбіз. Егер тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастырсақ Көкжар жәрмеңкесі осы тұрғыдағы құндылықтардың ізашарына айнала алды деп ой түйе аламыз. Бүгінгі қазақстандық қоғамдағы коммерциялық және кәсіпкерлік істің бастауында да Көкжар секілді жәрмеңкелердің тұрғаны талассыз. Халқымызды отырықшылық тұрмыс-салтына дағдыландыру бағытында да оның алатын орны мен рөліне ешқандай баға жетпейді. Саяси-жағрафиялық және стратегиялық маңызы жөнінен де Көкжар жәрмеңкесінің бәсі биік тұрғанын байқауға болады. Біз ерте ме, кеш пе қайтадан жаңғыра бастаған Көкжар жәрмеңкесі түбі бір түркі елдерінің басын қосатын ұлық мерекеге айнала алады деп сенеміз деді Ақтөбе облсының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Біз бүгінгі материалымыздың нүктесін осы бір ойлы да парасатты пікірмен түйіндегенді жөн көреміз.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»