Жасырып жабатын несі бар, адам ресурсына бай оңтүстікте жұмыс табу өте қиын. Жұмыс беруші «ал, айналайын, бізде жұмыс бар еді, келе ғой» демейді. Бәрі бірдей болмаса да бармақ басты, көз қысты әрекеттер болып жатады.
Облыстағы жоғары оқу орындары «біздің түлектеріміздің пәленше пайызы жұмысқа тұрды» деп сүйінші сұрағанымен індетіп іздесеңіз, сол жұмысқа тұрғандардың дені қағаз жүзінде ғана болып шығады. Осындай жағдайда Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы «Новопэк» серіктестігі өкілдері «бізге 600 маман жұмысшы керек» деп оңтүстікке арнайы келіп кетті.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр айтты.
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еңбек күші көп аймақтан жұмыс қолы тапшы өңірлерге мамандарды қоныстандырып, еңбек нарығын жаңғырту қажеттілігін айтқан болатын. Елбасының осы тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыс қолы керек облыстармен меморандумға қол қойылған. Соның жақсы нәтижесін облыс жастары сезінуде.
«Новопэк» серіктестігі Кеден одағының нормаларына сәйкес полипропилен қаптары мен жұмсақ контейнерлер шығаратын зауыттардың бірі. 2003 жылы құрылған кәсіпорын полимерлі орау шешімдерін әзірлеуге, өндіруге және жеткізуге маманданған. Қазіргі кезде ауданы шамамен 45 мың шаршы метрді құрайтын өндірістік кешенде 600 адам жұмыс істейді. Компания басшысы Көкшетау қаласындағы зауытта жұмыс істегісі келетін азаматтар болса, оларға барлық жағдайды жасаймыз деп сендіріп отыр. Оның сөзінше, қазір зауытта жұмыс күшінің жетпеуі салдарынан көптеген қондырғылар тоқтап тұр. Қосымша 600-ден астам жұмысшы келсе өнімділікті екі есеге дейін арттырып, Еуропа нарығына да шығуға мүмкіндік бар. Яғни қазір айына 6 млн данадай қап тігілсе, оның көлемі 11 млн-ға дейін артады.
Компания басшысы оңтүстікке келген сапарында «Зауытқа негізінен үш мамандық – машинист, оператор мен тігінші қажет екенін айтты. Келген жұмысшыларды алдымен арнайы курстарда оқытып, 40 мың теңгеден стипендия береміз. Одан кейін жұмысқа қабылданып, жатақханамен қамтылады. Жалақылары 80-150 мың теңгенің аралығында болады. Қазіргі таңда зауыттың жанынан тұрғын үй кешені салынуда. Ол жерге 300-дей жұмысшы қоныстанатын болады. Сондықтан, біз жұмысшыларды отбасыларымен келсе де қабылдаймыз. Алдағы уақытта оларға қала аумағынан үйіргелік жер бөлу мәселесі де қаралып жатыр», деді.
Төрт күндік сапары барысында зауыт басшылығы Түркістан қаласы мен Сайрам, Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті. Оңтүстіктің жұмысқа қат жастары үшін бұл аспаннан алтын жауған күнмен тең болып тұр.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы