Кеше облысқа Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев жұмыс бабымен келді. Ол сапар барысында қалалықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында салынып жатқан және пайдалануға берілген нысандарда болды. Облыс орталығындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты.
Үкіметтік делегация алдымен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы республикалық бюджет қаржысына «Болашақ» шағын ауданында салынып жатқан үйлермен танысты. 168 пәтерлі тұрғын үйдің бір шаршы метрі 90 мың теңге тұрады. Құрылысты аралап көрген Ө.Шөкеевтің жұмыстың қарқыны мен сапасына көңілі толды. Осы жерде өңірдегі тұрғын үй құрылысы жайында облыс әкімінің орынбасары Ерхан Омаров толық мәлімет берді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жақында ғана пайдалануға берілген 72 пәтерлі коммуналдық тұрғын үйге де кіріп, қаншалықты сапалы салынғанына көз жеткізді.
Ө.Шөкеев осы жерде коммуналдық шаруашылықта қолданылатын инновациялық технологиялар көрмесімен танысты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осы салада табысты жұмыс істеп жүрген көрмеге қатысушыларды таныстырды. Көрмеде «Акватория Ақтобе» ЖШС өнеркәсіптік және су жүйесінің қысымын арттыруға арналған «Грюнлфус» насос стансасының, жылу жүйесін реттейтін «Бловер-Аудит» қондырғысының тұсауы кесілді. Бірінші вице-премьер сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында қайта жарақтандарылған үйлерде де болды. Жұмыс сапасына риза болған Ө.Шөкеев тұрғындармен кездесіп, бағдарламаға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Жаңғыртудың игілігін көрген тұрғындар осы бағдарламаның бастамашысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғыстарын білдірді.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларының қатысуымен өткен кеңесті Өмірзақ Шөкеев өзі ашып, бұдан былай қанатқақты бағдарламаны жүзеге асыруда жайбарақаттыққа салынуға жол берілмейтінін қадап айтты. Әсіресе, бағдарламаны жүзеге асыруда сылбырлыққа жол беріп отырған өңірлер сынға алынды. Бағдарламаны жүзеге асыруда Ақтөбе облысының көш бастап келе жатқаны айтылды.
Кеңесте сол сияқты құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин 2012-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.