• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2011

Шәкімов шыққан шың

398 рет
көрсетілді

Жыл басында «Егемен Қа­зақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының ғима­ра­тында Ресей Жазушылар ода­ғының мүшесі Болат Шәкі­мов­тің «Что там, за далью?» атты кітабының Астанадағы тұсау­ке­се­рі болып өткен еді. Тұсаукесер рәсіміне Ре­сей­дің көрнекті қаламгерлері – Ресей Жазушылар одағы бас­қар­масының хатшысы, «Российский писатель» газетінің бас ре­дакторы Николай Дорошенко, Ресей Жазушылар одағы бас­қар­масының хатшысы, проза жө­ніндегі кеңестің төрағасы Ми­хаил Попов,  Ресей Жазу­шы­лар одағы басқармасының хатшысы, «Алгоритм» бас­па­сы­ның бас редакторы Андрей Воронцов, «Наш современник» журналының проза бөлімінің меңгерушісі Евгений Шишкин арнайы келіп қатысқан. Ол  жайында  әріптесіміз Айгүл Сейілова «Қазақ жа­ны­ның орыс тілді білгірі» деген ма­қа­ла да («ЕҚ», 2011, 16 ақпан) жазған болатын. Қазақстандық бел­гілі қалам­гер­лер, Парламенттің бір топ депу­тат­та­ры қатысқан ол кездесуді ашқан «Егемен Қазақстан» рес­публикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауыт­бек Абдрахманов кітап авторы­мен бас­па­сөзге жазылу жайымен Батыс Қазақстан облысын ара­ла­ған сапарында танысқанын, оның «Наш современник» журналында жарияланған әңгімелеріне ерекше сүйсінгенін айтқан болатын. «Автор бізді  Мәскеудің белді бас­пасынан шығарған қомақты кітабымен қуантып отыр. Болат Шәкімов кітабының Ресей Жа­зу­шылар одағының мәжіліс залын­да өткен тұсаукесерінде айтыл­ған сөздер мерейіңді тасытады. Атақ­ты ақын, М.Шолохов сый­лы­­­ғы­ның лауреаты Людмила Щи­­пахина: «Соңғы жылдарда оқыған кі­тап­тарымның ішінде мені ең қат­ты толқытқаны Болат Шәкі­мов­тің кітабы. Орыс тілі­нің алтын өрнегімен жазылған бұл кі­тап­тың әр абзацы бірінен-бірі ар­тық» деп сөйлеген. Ал академик Ю.Виноградов Б.Шә­кімов­ке осы кітап үшін В.Пикуль атын­да­ғы халықаралық әде­би сый­лық­тың дипломы мен алтын медальді табыс еткен.  Көптеген жылдар бойы шару­а­шылық са­ла­сында, басшылық қызмет­тер­де жүрген, соңғы ке­зең­де Тас­қа­ла, Бөрлі аудан­да­рын табысты басқарып келе жат­қан азамат­тың көркем әде­биетте мұндай­лық жарқын же­тіс­тікке жетуі бәріміздің ортақ абыройымыз», деген еді тұсау­ке­сер рәсімінде  С.Абдрахманов. Автордың әдебиет әлемін­де­гі жеңісті жолы  жалғасып жат­қа­ны қуантады. Жақында қазақ­стан­дық прозашыға Ресей Жа­зу­шы­лар одағының «Традиция» әдеби сыйлығы табыс етілді. Әдеби ортада өте жоғары баға­ланатын бұл сыйлық орыс клас­сикалық әде­биетінің асқақ дәс­түрлерін ор­нық­тыруға және дамытуға көр­некті үлес қосқан қаламгерлерге беріледі. Сыйлықты тапсыру рәсі­мін­де Ресей Жазушылар одағының төрбасы Валерий Ганичев Болат Шәкімов шығармаларының мінсіз бейнелеу мәдениетін, оның кейіпкерлері мінезделуінің терең­дігі мен нағыз халықтығын ай­рықша атап өтіпті. «Орыс әде­биетіндегі Распутин, Белов сы­н­ды айтулы жазушылар сияқты, сіз де қоғам алдына қарапайым еңбеккерлердің, село тұрғын­дары­ның әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, адамгершілік тұрғы­дан да жанын сақтап қалу проб­лемасын қойып отырсыз. Біздің адамдық қоғамдастығымызға тап осы руханият пен парасаттылық жағынан басты қатер төніп тұр­ған қазіргідей шақта бұл ерекше маңызды», деп атап айтқан В.Ганичев. Интернеттегі «Издательский дом «Российский писатель» сай­тына салынған мақалада Ресей көрнекті қаламгерлерінің қазақ жазушысының кітабына байла­нысты айтқан пікірлері біздің әрқайсымызды ұлттық мақтаныш сезіміне бөлеуге лайықты. Олар­дың кейбірін келтіре кетейік. «Болат Шәкімов кітабының құндылығы оның елмен бірге ең бір күрделі дәуірді бастан кешкен адамның өмір тәжірибесін сығымдалған күйде көрсетуінен танылады» (Михаил Попов). «Бұл прозада ақылды болып көрінуге тырысу жоқ, мұнда өмір бар, адамдар бар» (Андрей Воронцов). «Автордың мәтіні жанға жай­лы, байсалды, терең мәнді. Ресейдегілер қазақстандық­тар­дың жан жүрегінде не болып жат­қанын жақсырақ біле түсуі үшін оның алда да қалам тарта беруі керек» (Геннадий Иванов). «Орыс тілі бізді біріктіреді. Мен Шәкімовті Ресейде прозасы үшін ғана емес, орыс тілінің сұлулығын танытқаны үшін де мойындағаныма қуаныштымын» (Ямиль Мустафин). «Шәкімов Ресей мен Қазақ­стан халықтарын ортақ мәдени кеңістікке біріктірді. Мәскеу Болат Шәкімовті біздің орыс әде­биетінің алдыңғы қатарлы жазу­шысы деп таныды. Мен Қазақ­станда болып, кітаптың қалай, қандай көңіл-күймен жазыл­ға­нын сезінгенімде көп нәрсені өзім үшін анықтадым. Бұл кітап –  орыстың ғажайып прозасы. Сонымен бірге, маған, орыс оқыр­манына, Болат қазақ халқы­ның жан дүниесін ашып көрсетті. Сөз жоқ, ол қазақтың ұлттық жа­зу­шысы» (Николай Дорошенко). Бұл сөздерге түсініктеме жасап жату артық болар. Біз осынау тамаша табысты қазақ руха­ния­тының бүгінгі бір биігі деп баға­лауға тиістіміз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.