Кеше Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Бұл жолғы отырыстың күн тәртібінде депутаттар Кеден одағы комиссиясы мен нотариат мәселелеріне қатысты заңдық құжаттарды қарады.
Алдымен депутаттарға «2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай таныстырды. 2007 жылы Душанбе қаласында Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінің отырысы барысында ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер басшылары Кеден одағы комиссиясы туралы шартқа қол қойса, араға үш жыл салып, комиссия жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында аталған шартқа өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын хаттама өмірге келген еді.
Хаттамада Кеден одағы комиссиясының шешімі 30 күн ішінде күшіне енетіні көзделген-тін. Сонымен бірге, кезек күттірмейтін жағдайлар үшін басқа мерзімге ауыстыру да қарастырылған еді. Комиссияға жекелеген мәселелер бойынша Кеден одағына мүше мемлекеттердің ұсыныстарын қарау және ұстанымдарымен келісу, сондай-ақ комиссияға тиісті ұсыныстарды әзірлеу үшін үйлестіруші және кеңесуші органдар құруда көмек беру де көзделген. Бүгінгі таңда Кеден одағы аясында кеңесуші және көмек беруші органдар жұмыс атқаруда. Сыртқы сауданы реттеу мәселесі бойынша техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық шараларды қолдану жөніндегі үйлестіруші комитет қызмет жасайды. Сенат депутаттары заң жобасын бірауыздан қолдап, қабылдады.
Күн тәртібінде екінші қаралған мәселе «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Ол бойынша баяндаманы Әділет министрі Рашид Түсіпбеков жасады. Министр заң жобасы нотариат саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру және де сыбайлас жемқорлық жағдай туғызатын нормаларды алып тастау мақсатында әзірленгендігін жеткізді. Нотариаттардың санына шектеу қою жойылады. Ал бұл лицензиясы және мол тәжірибесі бар 2 мыңнан астам адамды жұмысқа алдырып отыр. Қазіргі уақытта нотариаттыққа кандидат адамға кіру жарнасы 1-ден 3 миллион теңгеге дейінгі көлемде белгіленіп отыр. Сондай-ақ, кадрлық резерв туралы ережені және бос тұрған нотариус қызметіне орналасуға конкурс өткізуді жою, нотариаттық қызметтің ұйымдастырылуын, нотариаттық кеңселердің үй-жайларына қойылатын талаптар белгіленуін регламенттеу және де құқықтық және техникалық сипатта көрсетілген қызметтер ақысын нақты белгілеу қарастырылған.
Жоба бойынша депутаттар қойған сауалдарға Р.Түсіпбеков пен оның орынбасары Ә.Аманбаев жауап берді. Министрдің орынбасары сенатор Қ.Баймахановтың сұрағына орай жауабында нотариаттық кеңселердің құжаттары қазіргі кезде келісім-шарт негізінде Мемлекеттік мұрағатқа табысталып жатқандығын жеткізді. Қазіргі таңда мұндай шаралар Алматы, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге аса бастаған. Ал С.Жалмағамбетова сауалына қатысты министр жеке нотариаттық кеңселерге Елтаңбаны қолдану бойынша рұқсат етілгендігін алға тартты. Осылайша талқылау барысында заң жобасына 30-дан астам өзгерістер енгізілді. Соңынан «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліске жіберілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.