Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай елордадағы Конгресс-Холл сарайында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Әнім саған – Қазақстан!» атты патриоттық әндер фестивалі болып өтті.
Роза Рымбаева, Марат Омаров, Анар Мұздаханова, Сүлеймен Ибрагимов, Бибігүл Ысқақова сияқты өнер шеберлері мен жас әншілер орындаған патриоттық әндер көпшілікті тәнті етіп, көп қошеметіне ие болды.
Негізінен «Туған жер», «Қазақстан», «Астана» тақырыбын қамтыған ән фестивалінде еліміздің осы күнге дейінгі жеткен жетістіктері, кең байтақ жері, сүйікті қаламыз Астана – ән болып әуеленді. Сахна шымылдығы күймен күмбірлете ашылып, алғашқы болып «Ән Орда – Астана» әнін Марат Омаров шарықтата шырқаса, одан кейінгі «Наз» би театрының «Жауынгерлік биі», Медет Шайкеловтың «Өз елім», «Қазақ қыздары», Дүйсен Сауриковтың «Наз қоңыры», Мұса Мағзұмның «Тау ішінде», Артем Романовтың «Қазақстан», «Дудар-ай», «Дабыл» дуэтінің «Ару қала Астана», Айдар Әміренің «Астана кештері» мен Бибігүл Ысқақованың «Арайлы Астана», Қайрат Ахметовтың «Туған елім» әндері кеш ажарын арайландыра түссе, сахнаға соңынан шыққан халық әртісі Роза Рымбаева өзінің өзекжарды әндерімен фестивальдің сәнін кіргізіп, көпшіліктің құрметіне бөленді.
Берік САДЫР.