Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды орындауға тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек» деген еді.
Елбасы тапсырмасына орай елімізде «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыру қарқынды түрде қолға алынды. Қазір бағдарламаға байланысты төрт негізгі бағыт бар: біріншісі – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру, екіншісі – барлық салада цифрлы технологияны енгізу, үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру болса, төртіншісі – IT мамандарды даярлау.
Маңызы зор мемлекеттік бағдарлама билік пен халық арасындағы байланыстың сапалық деңгейін жақсартып, цифрлы технологияны енгізе отырып, қоғамның бір-бірімен тікелей байланысты барлық саласының дамуына жол ашады. Сондай-ақ әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге де септігі тиеді. Мәселен, қазір халықты жұмыспен қамту өте маңызды. Аталған жобадағы «Е-Халық» жүйесі бірінші кезекте осы мәселені шешпек. Бұл жүйеде барлық ақпарат жинақталады. Қанша адамның жұмысы бар, қаншасы әлеуметтік төлемдер алады, жұмыссыз жүргені немесе өзін жұмыспен қамтыған адамдар саны қанша – осының бәріне байланысты толық мағлұмат болады. Әсіресе жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындары бұл жобаның жемісін көретін күн алыс емес. Олар қолжетімді ақпарат жоқ болғандықтан, амалдың жоқтығынан, жұмыспен қамту орталықтарын жағалауға, тіпті қайта-қайта баруға мәжбүр болушы еді. Ауылы аудан орталығына жақын болса бір сәрі, ал шалғайдағы елді мекеннің жұмыссыз тұрғындарының әрі-бері жүруге кейде шама-шарқы да келе бермейді. Бір барады, екі барады, ойлағаны орындалмаған соң қолын бір сілтейтіні айдан анық. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының «Е-Халық» жүйесіне көшкеннен кейін жұмыссыз қарапайым адамдардың қолы ұзарады. Олар жұмыспен қамту орталықтарына сабылып бармай-ақ тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыссыз ретінде жергілікті әкімдікте тіркелетін болады. Сонымен бірге, қандай мемлекеттік қолдау түрлеріне құқығы бар, сол туралы да әкімдіктен жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндігі бар.
Айта кету керек, «Цифрлы Қазақстан» жобасы тек IT саласына ғана қатысты деп түсінетіндер көп. Тіпті де олай емес. Бұл бағдарлама барлық салаға тікелей қатысты. Өйткені «Цифрлы Қазақстан» еліміздің бір-бірімен тығыз байланысты бүкіл саласының жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтереді деген үміт бар. Бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін IT секторының ішкі жалпы өнімдегі үлесін 5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Оған да көп уақыт қалған жоқ. Сол мерзімге дейін 150 мың жұмыс орны ашылмақ.
Халықты еңбекпен барынша қамту арқылы Қазақстан экономикасының басқа салаларының дамуына жол ашылады. Осы жұмыстың нәтижесінде бәсекеге қабілетті мамандар шоғыры іріктеледі. Қажет болса, оларды қайта оқыту мен даярлаудан өткізеді. Ал бәсекеге қабілетті мамандар даярлау арқылы еліміз бойынша еңбек өнімділігін 37 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Демек, Қазақстанның экономикасы өркендеп, өндіріс пен сыртқа өнім шығару көлемі айтарлықтай артады деген сөз.
«Е-Халық» жүйесі қордаланған көп мәселелердің түйінін тарқатуға сеп болады деп күтілуде. Мәселен, «Ауылдық округте қанша адам жұмыссыз, қанша жалдамалы жұмыскер бар, қанша адам өзін еңбекпен қамтыған?» деген сауал қойылар болса, дәл қазір әртүрлі ақпарат алар едіңіз. Өйткені,еңбек нарығындағы жағдай күн сайын өзгеріп отыр. Ақпараттың ала-құла болмауы мен есеп-қисапты жүйелендіруге цифрлы технология ғана мүмкіндік береді. Сонымен бірге «Е-Халық» жүйесінде тұрғындардың барлық тіршілігіне байланысты ақпарат жинақталады. Айталық, «Қазақстандағы ауыл тұрғындарының қаншасы үй жанындағы бау-бақшалық телімді игеріп, отбасы дастарханы үшін қанша азық-түлік дайындайды?» деген сауалға статистикалық дәл дерек таба алмай қиналғанымыз бар. Енді осындай ақпаратты да «Е-Халық» жүйесінен табуыңызға болады. Еңбек ресурстарының қорын жинақтау мен халықты нысаналы топтар бойынша жұмыспен қамтудың нақты шараларын айқындауға, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың нақты есебін жасау мен әр отбасындағы жеке қосалқы шаруашылықтар жайлы деректерді дұрыстауға да бағдарламаның үлкен көмегі болмақ. Сондай-ақ, тағы бір маңызды мәселе. Ол – ішкі еңбек көші. Жасыратыны жоқ, бұл қазіргі таңдағы көкейкесті мәселенің бірі. Оны да реттеу мен үйлестіру, тиісті ақпараттарды ұдайы жаңарту жүзеге асатын болады. Бұл екі қолға бір күрек таба алмай отырған тұрғындар үшін айтарлықтай көмек. Көпшіліктің жаңа жүйеге үрке қарамауы, үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова республиканың бірқатар облыстарында болып, «Е-Халық» жүйесіне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жұрт жаңа жүйені дұрыс қабылдап отыр.
Көпшіліктің бұл жүйеге байланысты алаңдайтыны – мәліметтердің қауіпсіздігіне байланысты. Ақпараттық жүйедегі мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке каналдар жүйесі жасалатын болады. Әрине, мұның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Облыстық және жергілікті бюджеттен осыған қаржы бөлу жөніндегі жұмыс жүргізілді. Сондықтан жүйедегі ақпараттардың қауіпсіздігіне тұрғындардың алаңдамауына болады.
Сондай-ақ – «Е-Халық» жобасы Қазақстанның еңбек нарығын талдау мен мониторинг жүргізуге көмектеседі. Халықтың нақты санын анықтау мен ішкі және сыртқы көші-қонға мониторинг жүргізуге, әлеуметтік әлсіз санатқа жататын және жұмыссыз жүрген, өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдар мен барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелер мәліметін жандандыруға, тұрғындардың тұрмысы мен табысына байланысты дәлме-дәл деректер түзуге «Е-Халық» бағдарламасы жол ашады деген сенім бар.
«Е-Халық» жүйесінің негізгі мақсаты –біріншіден, Қазақстандағы әрбір азаматтың әлеуметтік мәртебесін анықтау, екіншіден, жергілікті басқару органдарының мүдделері мен қажеттіліктерін сараптау, арқылы атқарушы биліктің жалпымемлекеттік саясатын жүргізу. «Е-Халық» жобасы өркениетті елдер қатарына қосылу мақсатында аршынды қадам жасап отырған Қазақстанның қай салада болсын бәсекелестік бағытынан таймай, жаңа сапалық биіктерден көрінетіндігін айғақтайды.
Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»