• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2011

Зейнетақы аннуитеті талаптарын жақсартуға бағытталған заң жобасы таныстырылды

384 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Әле­у­мет­тік-мәдени даму комитетінің ұйымдас­ты­руымен «Зейнетақы аннуитеттері: мүм­кіндіктері мен тәуекелі» деген тақы­рыпта «Қазақстан Республи­ка­сының кей­бір заңнамалық актілеріне әлеумет­тік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу ту­ралы» заң жобасының таныс­ты­рылымы өтті. Заң жобасы бойынша Мемлекеттік аннуитеттік компания төрағасы Нұржан Әлимұханбетов баяндама жасады. Мемлекеттік аннуитеттік компания (МАК) 2004 жылы Үкімет қаулысымен сақтандыру ры­но­гын да­мыту және республикадағы әлеуметтік реформа­лар­ды одан әрі тереңдету бағдар­ла­ма­ларын нәтижелі жүзеге асыру мақсатында құ­рылған еді. Акция пакеттерін толықтай басқару Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің құзыретінде. Ком­панияның сақтандыру агенттіктерінің желісі көп, Қазақстанның 25 қаласында кеңселері бар. Қазір МАК Қазақ­станда өмірді сақтандыру бойынша компаниялар арасында бірнеше қаржылық көрсет­кіш­тері бойынша көшбасшы болып келеді. «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» зейнетақы аннуитеті та­лаптарын жақсартуға бағытталған бірнеше өз­герту­лер енгізуді ұсынған. Әсіресе, зейнеткерлікке шығу кезінде жыныстық жас ерекшелігін ескере отырып, әйелдер үшін зейнетақы аннуитетін алуға жас ерекшелік шектеуін 5 жылға төмендету, табал­дырығын 50 жас деп белгілеу жұртшылық назарын аударуда. Сонымен қатар, азаматтарға бірнеше сақ­тандыру ұйымдарымен зейнетақы аннуитет келі­сім-шартын жасасу және зейнетақы жинағы жеткіліксіз болған жағдайда, аннуитетті сатып алуға жетпей тұрған қаржыны өзге қаржы көздерінен қосымша төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Енді МАК жаңа өнім – бірлескен (ерлі-зайыпты) зей­нет­ақы аннуитетін әзірлеу үстінде. Зейнетақы аннуитеті – қазақстандықтардың зей­нетақы жинақтарының алу жолын таңдау құқығын жүзеге асыратын жинақтаушы зейнет­ақы жүйесінің бөлігі. Зейнетақы аннуитетi шарты бо­йынша жинақтаушы зейнетақы қор­лары­ның са­лым­шылары сақтандыру компа­ния­сына міндетті зейнетақы жинақтарын аудару жолымен 55 жас­тан зейнетақы төлемдерін өмiр бойы ала алады. «Егер қарастырылып отырған өзгертулерді пар­ламентшілер қолдаса, онда зейнетақы аннуитеттері халықтың көптеген бөлігіне қолайлы болады», – дейді МАК төрағасы. Осы ұсы­ныс­тар заң жобасының таныстырылымы кезінде ор­таға тасталды. Баяндамашыны мұқият тыңда­ған Мә­жіліс депутаттары Г.Сейітмағанбетова, М.Айсина, Ө.Бектөреев, Г.Исімбаева, В.Киянский, О.Киколенко, Е.Тарасенко заң жобасына ұсыныс енгізушілерге халықтың көкейінде жүрген сұ­рақ­тарды қойды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.