Ырза Тұрсынзада – «Алтын Орда» авторлық дизайын үйінің негізін қалаушы һәм бас директоры. Аталмыш дизайнерлік үй ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар мен күнделікті тұрмысқа қажет көрпе, жастық, төсек-орын, қыз жасауын дайындап, оған заманауи менеджмент жүйесін енгізгені үшін Президентің «Алтын сапа» сыйлығы және «Халық сүйіктісі» белгісінің иегері мәртебесіне қол жеткізген. Сонымен бірге мекеме басшысы Ырза ханым «Аманат» сыйлығының құрметті елшісі атанып, «Құрмет» орденімен марапатталған, «Қазақстанның ең үздік өнімі» байқауында қатарынан бес дүркін жеңімпаз атағына ие болған шебер ұйымдастырушы.
Осы орайда, ұлттық өнерімізді ұлықтап, оның насихатын халықаралық деңгейге көтерген Ырза Тұрсынзадақызымен әңгімелесіп, мән-жайға қанықтық.
– Ырза ханым, сізді былайғы жұрт қазақ қолөнерінің жанашыры һәм насихатшысы деп таниды. Бұл іске бет бұруыңызға не себеп?
– Алғаш рет 2009 жылы Астананы келіп көрдім. Қаланың үлкен-үлкен сауда орындарын аралап жүріп, «бұл жерлерде ұлттық нақыш-стильдегі дүниелер неге сатылмайды?» деген ой түйдім. Өйткені, өз басым бұған дейін көптеген шетелдерді аралап, қызмет бабымен Мәскеу қаласында оншақты жыл тұрған адам едім. Сонда байқағаным, сырт елдерде әуежайынан бастап, сапаржайына дейін сол елдің этно тұрмысын танытатын төлтума бұйымдары сатылады. Ол бізде жоқ. Сөйтіп, өзіміздің ұлттық бұйымдарды этноинтерьер стилінде жасап көрмекке бел будым. Яғни, көнеден келе жатқан қол кесте, құрақ-жамау, сырмалау, өрнектеу, жиектеу, оюлау т.б. сияқты қазақы шеберлікті дамытып, заманға сай жаңғырту қажет екенін ұғындым.
– Жұмысты қалай, неден бастадыңыз?
– Алдымен кәдімгі қарапайым көрпе топтамасын жасаудан бастадым. Оған «Gold линия» («Алтын көрпе») деген ат қойдық. Еңбектің нәтижесінде «Шалқардағы суреттер» атты вернисаж көрпе, «Оюлы әуендер» деген көрпелер топтамасы, «Жібектің жасауы», «Баянның жасауы» деп аталатын туындылар көптің игілігіне жарай бастады. Бұл бұйымдар нарықтан өз орнын тапты.
Одан кейін ұлттық дәстүрді ұлықтауға ойыстық. Атап айтқанда, «Шілдехана», «Бесік той», «Сүндет той», «Қыз ұзату», «Келін түсіру» сияқты қазақ қоғамында әбден орныққан жоралық рәсімдердің символдық маңызын арттыратын модерн дүниелер жасай бастадық. Мысалы, ұзатылып жатқан қыздың жасауына сол әулеттің қадірлі адамының өсиеті немесе батасы кестеленген жастық, іліп қоюға ыңғайлы интерьер дизайнды тұскиіздер жасадық. Сонымен қатар жаңа отаудың төрінде тұруға ыңғайлы кестеленген әулет шежіресі, жеті ата тізбегі, сол әулетке тән ұлы адамдардың ұлағатты сөздерін, нақылдарын көзтартарлық көркем өнер туындысы ретінде ұсынуды қолға алдық. Уақыт өте келе шетелдік меймандарды қабылдауға арналған ресми орындарға арнайы этно, вип аймақтарды жасай бастадық.
– Ең алғашқы этноаймақты қайда жасадыңыз?
– Алғаш рет 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті мен ШЫҰ халықаралық құрылымының жиыны кезінде арнайы этноаймақ жасадық. Сонымен қатар ЕҚЫҰ саммитіне арнап 56 мемлекеттің туын қолмен кестелеп, асыл таспен көмкеріп, үлкен кілем жасадым. Көлемі – 2,60 х 1,60 метр. Ол қазір елордадағы Мемлекеттік орталық музейде тұр.
– Сөйтіп, уақыт өте келе ұлттық бұйымдарды шетелдерге насихаттауды бастадыңыз...
– Әрине, екі жыл бұрын тарихы қатпарлы, көне бұйымдар отаны Италияға барып, елдің ең ірі қалалары – Венеция, Рим, Миланда авторлық көрме өткіздім. Көрменің ерекшелігі – қазақтың байырғы өнер туындыларының ұлттық стильін сақтай отырып, этномодерн, этноклассика, этно хай-тек үлгілерімен ұштастырып, жаңа дүние жасап, бұйымдардың түс гаммасын, кестелеуді, монограммасын еуропалық стильмен үйлестірдім. Бұл іс өз жемісін берді.
– Көрменің нәтижесі ойдағыдай болды дейсіз ғой...
– Еуропалықтар біздің бұйымдарға қатты қызықты. Олар маған «мұндай ерекше тың дүниелерді қалай ойлап таптыңыз?» деп сұрақ қойды. Мен «Бұлар мен ойлап тапқан жаңа дүниелер емес, бұрыннан ата-бабамыз жасап келе жатқан шаруа. Мен тек қана сіздерге ескіні жаңғыртып ұсынып отырмын» дедім. Қысқасы, қазақ қолөнеріне деген шетелдіктердің шынайы ықыласы маған шабыт берді. Олар өте күрделі фактуралардың бір-бірімен көркем үндестік тауып тұрғанын бірден аңғарды. Осы сапарымызда италиялық үлкен кәсіпкер өзінің мурано шыныларымен жарақталған шығыс стильіндегі бөлмесін жасақтау үшін бізге арнайы тапсырыс берді.
– Жасаған бұйымдарыңызды сатуға шығардыңыздар ма?
– Шынымды айтсам, дүниелерімізді кәдесый немесе көрме-жәрмеңкелерге лайықтап жасағанымыз болмаса, қарапайым халыққа сату туралы ниетім болмаған-тын. Себебі, бұйымдар тым қымбат. Мысалы, бір көрпенің өзін жасауға 2-3 ай кетеді. Оны қалай арзан сатасыз. Уақыт өте келе халықтың кестелі көрпелерді сатып алуға деген құштарлығын аңғардым да бұйымдардың форматын өзгерттім. Атап айтқанда, халық сатып ала алатын, қалтасы көтеретіндей дүниелер қажет екен. Сөйтіп, өте жоғары эксклюзивті дүниелерді үш түрлі форматта: эконом, бизнес және элиткластарға бөліп жасай бастадық.
– Осынша жоғары эксклюзивті туындылар жасау үшін дайындығы жоғары шеберлер қажет екені түсінікті, бұл мәселеде қиындықтар бар ма?
– Бар. Әсіресе, кесте тігетін, көрпе құрақтайтын қыз-келіншек тапшы. Шебер іздеп күллі Қазақстанды шарлап шықтым. Адам жоқтың қасы. Содан кейін шеберлерді елден іздемей, өзім үйретіп, дайындауым қажет екенін түсіндім. Сөйтіп, ақылы түрде шеберлік сабақтарын бастадым. Бұдан нәтиже шықпады. Өйткені, ақылы сабаққа қарапайым халық келе алмайды екен. Келген адамдар тек бизнестік көзқараста, яғни ұлт өнерін дамытсам деп емес, үйреніп алып пайда тапсам деген ниетпен келетінін аңғардым. Ақыры шеберлік сабағын тегін үйрететін болдым. Қазір облыстарды аралап тегін шеберлік сабақтарын өткізіп жүрмін. Адамдар ағылып келіп жатыр...
– Шеберлік сабақтарын әуелі нені үйретуден бастайсыз?
– Алдымен кәсіп үйренудің қыр-сырын айтамын. Одан кейін барып, кесте тігуді, құрақ құрауды, әшекейлеуді, өрнек түрлерін таңдауды, оны логикалық таныммен қиыстыра білуді үйретем. Сонымен қатар көнеден келе жатқан ұлттық өнерді игеру үшін ол адамның бойында қандай қабілет-қасиет болу керек екенін басып айтамын.
– Сонда қандай қабілет-қасиет болуы керек?
– Ұлттық өнер үйренуге ниет еткен адам алдымен өз халқының тарихын, шежіресін, салт-дәстүрін жақсы білуі керек. Өзін ұстауы, ішкі мәдениеті мен талғамы, тіпті тұлабойы ұлттық болмысқа терең бойлауы қажет. Онсыз болмайды. Ұлтының ұлағатын бо-йына сіңірмеген адам төл өнерді де сіңіре алмайды. Өйткені, ұлттық өнерде тектілік бар. Қолөнерге қарап, халықтың тарихын оқи аласыз. Себебі, қолөнер – үнсіз тілмаш. Оның әдемілігі, эстетикалық сипаты тамашалаушыларға рухани азық сыйлайды. Жеңіл-желпі жүріске үйір, темекіге құмар, селтеңбай қыздар, мұндай эстетикалық құны мінсіз, текті өнерді үйрене алмайды. Қолымдағы жұмысшы қыз-келіншектердің сәл кемшілігін көзім шалса, «қарағым, саған бұл өнер қол емес, бара ғой» деймін. Абай атамыз айтты емес пе: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» деп.
Ел аралап жүріп бір байқағаным, тігін-кесте, құрақ-жамау сияқты эстетикалық өнерді игерген қыз-келіншектердің мінезі көркем-биязы, етек-жеңі жабық, шаштары ұзын, әдемі болып келеді екен. Осыған қарап-ақ ұлттық өнердің құны тексізге тоқтамайтынын түсіндім.
– Өзіңіз шеберлікті кімнен үйрендіңіз?
– Әжем асқан шебер адам болды. Біз қазір кесте тігу үшін алдымен бейнесін жазып, сызып аламыз. Ал әжем небір күрделі ою-сызудың бейнесін түсірмей-ақ бірден кестелейтін. Сондай керемет шебер адам еді. Осы кісінің ықпалы көп болды.
– Ырза ханым, сіз ала жаздай елорда іргесінде бой көтерген Этноауылда шеберлік сабағын өткіздіңіз, бұдан не түйдіңіз?
– Бұл менің өмірімдегі ең бір ұмытылмас оқиға болады. Этноауылда өткен облыс күндеріне байланысты өңірдің айтулы шеберлері жиналып, өздерінің қолөнер бұйымдарын әкеліп, көрме өткізді. Іздесең таппайтын тамаша қыз-келіншектерді көрдім. Шіркін-ай, осындай Этноауылды қала ішінде жабық ғимаратта, қысы-жазы жұмыс істеп тұратындай етіп жасаса ғой...
Әңгімелескен Бекен Қайратұлы, «Егемен Қазақстан»