• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2011

Қолайсыз отбасы, қараусыз балалар жайы сөз болды

1290 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты мен БҰҰ ДБ-ның қолдауымен «Қолайсыз отбасы, қараусыз және панасыз қалған балалар» тақырыбында «Нұр Отан» ХДП-ның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің дөңгелек үстел отырысы өтті. Отырысты Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова жүр­гізіп, оған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа коми­теті­нің төрағасы Рахмет Мұқашев қатысты. Қазіргі таңда елімізде 18 жасқа дейінгі 5 млн. шамасында бала бар. Оның 17 мыңнан астамы қолайсыз отбасыларда тәрбиеленсе, 11 мың­нан астамы ішкі істер орган­дарын­да есепте тұрады. ІІМ мәліметтері бойынша, жыл сайын 10 мыңдай қараусыз және панасыз қалған балалар анықталады. Бүгінде кәмелетке толмаған­дар­ды уақытша оқшаулау және бейім­деудің 18 орталығы ІІМ жүйесінен жергілікті атқарушы органдардың білім беру жүйесіне беріліп, олар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары болып қайта құрыл­ды. 2011 жылдың басынан бұл ор­та­лықтарда 939 бала күтілсе, оның ішіндегі 784-і – қараусыз және пана­сыз балалар, 125-і – ата-ана­сының қарауынсыз қалғандар, 30-ы – арнайы білім беру мекемелеріне жолданатындар. Жыл сайын бір мыңдай ата-ана балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін ата-аналық құқынан айрылады. Отбасылық қолайсыздықтың басты себебі отбасы мәртебесінің, отба­сы­лық құндылықтардың, қауым­да­сып өмір сүру салтының бұзылып, ата-аналардың маскүнемдікке са­лынуында жатыр. Дөңгелек үстелде Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Тыныбеков «Ішкі істер орган­дары­ның қолайсыз отбасылармен про­филактикалық жұмысы, сондай-ақ балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алудағы рөлі туралы», Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сары­беков «Отбасылық қолай­сыз­дық – қарау­сыз­дық пен панасыздықты көбей­те­тін фактор» деген тақы­рыптарда баяндама жасады. Парламент Мәжілісінің депу­таты, «Нұр Отан» ХДП фрак­ция­сының жанындағы Әлеуметтік кеңестің мүшесі Гүлмира Исімбаева «Білім беру және жастар саясаты туралы мемлекеттік бағ­дарламаны, балалар мен жасөспі­рім­дердің қа­тысуымен өтетін іс-шараларды ақ­параттық сүйемел­деу», «Бала­ларды әлеуметтік бейімдеу орталығы» ҚБ психологы Наталья Красникова «Әлеуметтік жетімдік профилак­ти­касының моделі, отбасылық қолай­сыздықты ерте анықтау», Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Ға­лымова «Қолайсыз отбасыларды еңсеру бойынша мемлекеттік саясат – өңірлік аспект» деген тақы­рыптарды талқылап сөз сөйледі. Әлеуметтік кеңестің отырысына қатысушылар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Экономикалық даму және сауда, Білім және ғы­лым, Денсаулық сақтау, Байла­ныс және ақпарат, Әділет және Сыртқы істер министрліктеріне талқылау қорытындылары бойынша тиісті ұсынымдар жасады. Отырысқа Парламент Мәжілі­сі­нің депутаттары, «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің мүшелері, мемлекеттік ор­гандардың басшылары, халық­ара­лық және үкіметтік емес ұйым­дар­дың өкілдері қатысты. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.