Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы басты бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығының негізгі салаларының ішіндегі асыл тұқымды ірі қара мал басының санын көбейту, ет өнімдерінің сапасын көтеріп, шет елдерге сату деңгейін ұлғайту. Елбасымыздың осы бастамасын ауыл жұрты өте жоғары қанағаттанған сезіммен, ертеңгі күнге деген үлкен сеніммен қарсы алды.
Халқымыздың атадан мұраға қалған кәсібіне осындай жоғары көңіл бөлініп, оны дамытуға жеткілікті қаржы қарастырылып, бағдарламаның орындалуына «Нұр Отан» партиясы және қоғам тарапынан бақылау қойылуы орнықты әрі осы күннің талап-тілегіне сай еді. Себебі, белгілі ғалымдар мен тәжірибелі сарапшылардың пікірлері бойынша, мұнай мен тау-кен өнеркәсібінен кейін мал шаруашылығы – туған еліміздің жетістігі мен жеңісін дүние жүзіне лайықты көрсете алатын қуаты жеткілікті, мүмкіндігі ұлан-ғайыр сарқылмас сала.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту ел ішінде, қала мен ауылда біраз өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын тауып беретін пайда көзі болады. Ең бастысы, Елбасымыздың тапсырмасының ауыл көрінісін өзгертуге, малмен айналысатын азаматтар отбасының тұрмысы мен хал-ахуалдарын көтеруге әсері мен ықпалын уақыт оздырмай дер кезінде пайдалану қажет. Өкінішке қарай, осы ауқымды да маңызды шара әлі де болса басқару орындарының назарынан тыс, кенже қалып жатқандай. Халық тұрмысын көтеру үшін ең алдымен мал өсіріп, бордақылап және оның өнімдерін өңдейтін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуы тиіс.
Шүкіршілік, ел Президентінің тапырмасы бойынша кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан тиісті көмек көрсетіліп, қамқорлық жасалуда. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегідей емес, қазір кәсіпкерлерге берілетін несиенің түрі де, көлемі де өсіп, жер алу, кәсіпорын ашумен байланысты шараларды атқару тиянақты ұйымдастырылған. Дегенмен де, кеше ғана ірге көтерген, етек-жеңін әлі толық жинап үлгірмеген, берерінен алары көп, келешегінен үміт қана күттіретін ұйымдарға қарағанда, кәсіпкерлікте тәжірибе жинап, өзін-өзі таныта білген, әріптестерінен көш ілгері тұрған мекемелерге Үкімет тарапынан алар көмегі мен қолдауы ерекше де өзгеше болуы керек. Үкімет сеніміне ие болған, әр деңгейдегі банктерге тиянақты әріптес және өндірген өнімдері жұрт көңілінен шыққан кәсіпорындарды ендігі кезекте шет елдерде ірге тігіп, тамыр жаюына билік тарапынан нақты қолдау қажет. Сондықтан шет жерде Үкімет пен кәсіпкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанда ғана Елбасымыздың тапсырмасын ойдағыдай іске асырамыз.
Келесі бір қобалжытатын мәселе – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бой көтеріп, жұмыс орнын ашып, өнім шығара бастаған жаңа кәсіпорындардың ел тұрмысына тигізер пайдасы мен ықпалын білсек те, әлі де болса, ұйымдастыруға енжар қарап келеміз. Кәсіпкерлерді ауылдағы әр түрлі той-томалаққа, мүгедек жандарға көмекке қаржы бөлуге немесе жем-шөп, отын-су беруге, т.б. қажетті, бірақ ұсақ-түйек шаруаларға ғана ұйымдастырамыз. Ал мал бордақылау кәсіпорны орналасқан шалғайдағы ауылда басқа істің бәрі тындырылды ма?
Қай кезде болса да әр түрлі себептермен ауылда балабақша, мектеп, мәдениет ошақтары, тұрмыстық қызмет көрсету деңгейі көптің көңілінен шыға бермейді. Сондықтан аудан, ауыл әкімдері өңірдегі ірге тіккен ірі шаруашылықтан түскен пайданы, әсіресе, қатардағы маман мен жұмыскер болып жүрген жергілікті азаматтардың айлық табыстарын ауыл игілігіне жарату жағын қарастырып, шешім қабылдауды уақытпен санаспай тез атқарулары керек. Ол үшін сапалы тауарларға толы дүкендер, ақылы қызмет қөрсететін мекемелер, т.б. ұйымдар қажет. Ең негізі – басы ашылса болды, соңынан бір-біріне ілесіп бәсекелесе отырып қалғандары да жөнге түсе берері сөзсіз. Мал бордақылайтын алаңдар мен ет өңдейтін кәсіпорындарға іргелес ауылдарға қазірдің өзінде басқа елді мекендерден азаматтар көшіп келіп жатыр. Олардың тұрмысына оңтайлы жағдай туғызу – жергілікті басқару орындарының құзырындағы шара.
Елбасымыздың асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, ауыл тұрмысын түбегейлі өзгерту, қазақстандық сапалы өнімдерді шет елдерге шығару, жаңа технологияларды меңгеру туралы тапсырмасын орындауда кәсіпкерлер мен жергілікті билік орындары қоян-қолтық іс атқаруы қажет. Бірі кәсіпорын салып, жаңа жұмыс орындарын ашса, екіншісі олардың тұрмысына қолайлы жағдай, жақсы жол, ақылы қызмет нысандарын ұйымдастыруы керек.
Тек сонда ғана алға қойған мақсатқа қол жеткіземіз.
Төлеген ИБРАЕВ, Мәжіліс депутаты.