Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Өзінің және ұрпағының келешегін Қазақстанмен байланыстырған әр қазақстандық оның мемлекеттік басты рәміздің бірі екенін түсінуге, қазақ тілін білуі тиіс.
Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп тұжырымдаған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нəр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деді. Ұлттың рухани тамыры бастауын тілден алады. Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді, оны отандастарымыздың үйренуін, сол арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыруды насихаттайтын «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» тақырыбы аясындағы шаралар төрт жылдан бері жалғасын тауып келеді. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасына Қостанай облыстық әкімдігі қолдау көрсетіп, өткізген дөңгелек үстел мәжілісіне белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім қатысты. Басқосуға Қазақстан халқы Қостанай облыстық ассамблеясындағы ұлттық-мәдени орталықтар жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары қатысты.
– Өзге ұлт өкілдері басым тұратын Қазақстанның солтүстік облыстарын аралап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін түсінік жұмыстарын үш жылдан бері жүргізіп келеміз. Шағын қалаларда, аудандарда, ауылдарда тұрғындармен, оның ішінде орыс тілді азаматтармен сұхбаттасамыз, олардың пікірлерін, өтініш, тілектерін тыңдаймыз. Өткен жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында кездесулер өткізген едік, биыл тағы да солтүстік облыстарды жұмыс нысанасына алдық, – деді Дос Көшім журналистерге сапары туралы.
Дос Көшім орыс тілді аудиторияда мәжілісті орыс тілінде жүргізді. Қазақстанды өзінің екінші отанына балап, ешнәрседен тарықпай, бақытты өмір сүріп отырған өзге ұлт өкілдерімен түсіністікпен, ашық әңгіме өрбітті. Қоғам қайраткері «Мемлекеттік тілді үйренуде орыс тілді қазақстандықтар үшін не кедергі, алдағы уақытта не істеу керек?» деген сауалдар төңірегінде әңгімелеп, бұл орайда мемлекеттік тілге кіді қарайтын Балтық жағалауы елдерінің тәжірибесінен де мысалдар айтып берді. Сондай-ақ елімізде өзге ұлт өкілдерінің жиі қоныс аударуының басты себептерінің бірі де олардың тілге байланысты болып жататынын, Қазақстанда негізгі ұлт қазақтардың қос тілді, ал орыс тілді ағайындардың бір тілді болып отырғанын да жасырмады. Әңгіме орыс тілді қазақстандықтардың қазақ тілін үйренуіне келіп тірелгендіктен, дөңгелек үстелге қатысушылардың өздерін де тыңдады. Осы орайда қазақ тілін үйретудің әдістемесіндегі олқы тұстар, терминком аударып, бекіткен сөздердің күнделікті қолданысқа кірмей жататыны, көше, мекеме аттары қазақ тілінің ерекшеліктерін ескермей жазылатыны ашық айтылды.
Орыс тілді ортада мемлекеттік тілді үйренуге деген талпыныс жоқ емес. Ел ішінде өзге ұлттардың қазақ тілін үйреніп жатқан, балаларын қазақ мектебіне беру мысалдары да бар. Мысалы, облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қазымбек Ахметовтің айтуынша, өңірде орыс тілді отбасынан шыққан 780 бала қазақ мектептерінде білім алады. Тілдерді дамыту басқармасы жанындағы қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт жастарының «Тіл дарын» клубына 30 адам мүше. Олар қазақ тілін бір қазақтан кем сөйлемейді және мемлекеттік тіл мәртебесін насихаттайды. Дегенмен, іс қағаздары, іскерлік жиындар әлі де тек орыс тілінде жүргізілетіні, мемлекеттік тіл қадамының кеңімей, аясының тар күйінде қалып отырғанын ескерсек, бұл жұмыстарды жеткілікті деп айтуға келмейтінін айтты Дос Көшім.
– Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қанша уақыт өтсін, ерте ме, кеш пе мемлекеттік тілдің қажеттілігі елімізде әр отандасымызға білінетін болады. Сондықтан балаларының тағдырын, келешегін Қазақстанмен байланыстырғысы келетін азаматтар қазақ тілін үйренуге ниет қойғаны дұрыс екенін түсінуіміз керек. Ашық айтқан дұрыс, ол мемлекеттік тілді үйренудің әдістемелерін, ондағы кедегілерді жеңуде бірлесіп жұмыс істеуге, түсіністікке әкеледі. Сонда ғана мемлекеттік тіл мәртебесі жоғарылайды, – деп түйіндеді ол өз ойын.
Орыс тілді ортамен мұндай емен-жарқын, ашық әңгіме Қостанайдан басқа Рудный, Лисаков қалалары мен Федоров, Таран, Қостанай аудандарында да өтті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ