Бұл саналылықтан гөрі санасыз психологиялық, сезімдік, табиғи құбылыс. Барлық тіршілік иелері белгілі жерде өмір сүреді. Оны жаратылыстық жағдаймен есептеспей басқа жерге ауыстырсаң, үйренбеген мекен оған кері әсерін тигізеді, өсіп көбеймейді. Мәселен, түрікмен жерінде керемет «ахал-теке» деген сұлу жылқы өседі, ол жері құмды, ылғалы кем, ыстық аймаққа бейімделген. Егер ол жылқыны Англияға, не басқа елге апарсаң, өсіп, көбеймейді. Өшіп бітеді. Бұл – жаратылыстық табиғи заңдылық.
Адам – саналы тіршілік өкілі. Ол өзін санамен билеп, әр жерге бейімделеді. Бірақ, солай десек те, туған, өскен жер сезімі адам бойынан өшпейді. Айталық, өз жерінен, елінен басқа жерге кеткен адам жақындарын аңсайды. Ол белгілі. Сөйтсе де, жылдар өткен сайын оның сағынышы бәсеңдеп, басқаға көңілі ауа бастайды. Бұл да түсінікті. Ал туған жерді аңсау жылдан жылға өршіп күшейе түседі, мәңгі арманға айналады. Өмірден өксіп өтеді. Сондықтан емес пе, жат жерде өмірден өткен адамның қабіріне елінен бір уыс топырақ әкеп себеді. Сонда туған жер ата анасынан да артық болғаны ма деген ой келеді. Пайымдап қарасақ солай екен.
Сонда бұл қандай күш? Санаға, ырыққа да көнбейтін не құдірет? Шыны солай, негізсіз емес. Шет жерде амалсыз жүрген адамның да елін аңсау сезімі – өлім мен өмір арасы секілді, қиямет қиын, бітпейтін арман. Мәселен, өз елінде, үйінде жүрген жасөспірімге өз ұлтының кейбір әдет-ғұрпы ұнамауы мүмкін, ал енді сол жасөспірім білім іздеп шетелде жүргенде кездейсоқ басқа бір ел өкілі абайсыз әлгі жасөспірімнің ұлтына тиетін пікір айтса, сонда ол ойланып жатпай-ақ, бірден намыстанып, наразылық білдіріп, өз елінің дәстүрін, мәдениетін жақтап шыға келеді. Бұл не? Бұл іште жатқан патриоттық сезім. Ол сезім бірте-бірте қалыптасады. Адам оны сезбеуі де, ойламауы да мүмкін. Бірақ жағдайға байланысты, кейде бұрқ етіп көрініс береді.
Немесе шет жерде жүрген адамға бұрын көрмеген, білмеген өз елінің кісісі кездейсоқ кездесе қалса, онда ол сөзге келмей-ақ бірден жақындық сезім оянып, туыс болып шыға келеді. Бұл не? Сағыныш. Әлгі бейтаныс адам сол өзі өскен елдің бір бөлшегі сияқты көрінеді. Өйткені ол да сол сағынышты жердің ауасын жұтып, суын ішіп, тағамын жеп өсті. Сондықтан ол оған тонның ішкі бауындай жақын. Сонда сол сезімнің негізінде не жатыр? Әрине, биологиялық және физиологиялық қасиет, сапа жатыр. Айталық, жас нәресте ана құрсағында бітәнә болып пайда болған кезден ананың жұтқан ауасынан, ішкен суынан, жеген тағамынан нәр алып, қалыптасады. Кейін айы-күні жетіп жарық дүниеге келгенде ана сүтімен коректеніп, өседі. Кейін азамат болады, қоғамға араласып, түрлі жерлерде жүреді. Қайда жүрсе де өз елінің ауасы, тұз-дәмі өзіне жетпей тұрған сияқты сезіледі. Ол рас.
Қазақ жері кең-байтақ. Солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс өңірлерінің тағамында да (ет, сүт, қымыз), өсімдігінде де айырмашылық бар. Кімнің де болса физиологиялық, биологиялық ағзасы туған жеріне бейімделген. Сондықтан емес пе, әркімнің өз елін сағынатыны, тұз-дәмін татып, аунап тұрғысы келетіні? Орыс халқында мақал бар «Каждый кулик свое болото хвалит» деген. Дәлме-дәл айтылған пікір. Кімнің де болса туған жері өзіне жұмақ, жаннан артық. Өйткені, Отан тірегі – жер, жері мәні – тіршілік, өмір мәні – еңбек, тіршілік. Жан – табиғаттың, өмірдің туындысы, тіршіліктің өзі.
Адамда арман да, мақсат та бар. Түрлі тілек, аңсар-армандардың ішінде ең құдіреттісі Отан, туған жер, оның табиғи негізін айттық. Бәрі уақыт өткен сайын бәсеңдейді, ұмытылады, ал туған жер, өскен орта, аунаған топырағын аңсау еш уақытта өшпейді, қайта күшейе береді. Ол – Отандық сезім, туған жер кереметі. Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы проблеманы ғылыми тұрғыдан әлемдік дәрежеге, үлкен парасат биігіне көтереді.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик