• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қыркүйек, 2017

Игілікті бастама

596 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында еліміздің үшінші жаңғыруға аяқ басқанын жариялаған болатын. Ол «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жалғасын тапты. Аталған жоба бойынша, республикамызда білім деңгейі көтеріліп, сапалы мамандар дайындауға мүмкіндік туады. Сонымен қоса, Елбасы осы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынған болатын. Нақтырақ тоқтала кетсек, бағдарламаның мақсаты – туған өлкені, жерді, елді, ауылды қастерлеу арқылы Отанымыз – Қазақстанды сүюге тәрбиелеу. 

 

«Қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы және география пәндері негізінде әр өлкенің әдебиеті, тарихы, қайталанбас табиғаты мектепте оқытылып, оқушылардың білімі шыңдалып, бағалануы тиіс. Ал факультативтік сабақтар есебінен жүргізілетін танымдық экскурсиялар мен мұражайларға, тарихи ескерткіштерге саяхаттар тео­риялық білімді толықтыру үшін ғана қолданылуы керек», дей­ді «Нұр Отан» партиясының хат­шысы Қаныбек Жұмашев. Әрине, ол тапсырманы орындау­да, ең алдымен, тұрып жатқан ме­­­кеніндегі тарихи тұлғаларды зерт­­теп, олар туралы кітаптар жа­­­зып шығаруға, мұражай ашу­ға,т.б. шараларды өткізуге бола­ды.

Осы орайда айта кететін жайт, жаңа оқу жылында Ақмола облысы, Қорғалжын елді мекеніндегі мектеп-гимназияда ұлы Мұхтар Әуезовтің талантты шәкірті «Жан тынысы» (2017), «Арман асуында» (2015) дейтін кітаптардың авторы Ермек Біжкенов атындағы қазақ тілі және қазақ әдебиеті дәрісханасы ашылған болатын.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қорғалжын ауданының және аудандық білім бөлімінің басшылары, еңбек ардагерлері, ауыл қарттары, мұғалімдер, оқушылар және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің бірқатар ғалымдары қатысты. Оқыту бөлмесі күрделі жөн­деуден өтіп, оқу процесіне қажет­ті құралдармен жоғары деңгейде жабдықталған.

Ермек Біжкенов – Қорғалжын­ның дамуына көп үлес қосып, еңбегі сіңген қоғам қайраткері. Ол жасынан өте зерек, дарынды, талапты азамат болған. Мектепте үлгерімі өте жақсы болып, 4-5 сыныпты бір жылда бітіреді де, 16 жасында аяқтап шығады. Алматы қаласында С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің филология факультетіне түседі. Бұн­да да үздік оқып, Сталин сти­пендиясының иегері, комсомол көшбасшысы атанады. Оқуын бітірісімен туған өңіріне оралып халыққа қызмет етеді. Аудан мектептерін алға тартып, директор қызметін де атқарды, кезінде партком хатшысы болды.

Ермек Балтабайұлы өте әділ, шыншыл, қазақ тілін, орыс тілін, араб тілін жетік меңгерген жан болған. Алайда өмірдің заңына қарсы тұра алмай, небары 51 жасында дүниеден озды. Осы және басқа мәліметтерді дәрісханаға қойылған құжаттардан білуге болады. Бұл кісінің өмірінің өзі – жас ұрпаққа терең сабақ.

Оқу жылы да басталып кетті. Жаңа дәрісханада бірінші сабақтар жүргізіліп жатыр. Қорғалжын ауылының өлкетану сабақтарының бастапқы қадамы оқушыларға білім алуда үлкен септігін тигізуде.

Бұл дәрісханада оқу­шы­лардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығы арта түсуі сөзсіз. Тарихи оқиғаға айналған іс-шара тек Қорғалжын мектеп-гимназия­сын ғана емес, күллі Қорғалжын тұрғындарын қуанышқа бөледі.

Міне, осындай игі іс арқылы апа-ағаларымыздан үлгі алып, туған елге, туған жерге, Ота­ны­мыз­ға деген патриоттық сезімді оята аламыз. Ел болып, жұрт болып бірге бірігіп жұ­мыс атқарсақ, алға қой­ған мақсат­тар мен жоспарлар­ды жүзеге асырып, дамыған 30 ел­дің қата­рына қосылатынымызға се­­неміз. Қазақстан – тұғыры биік, мақ­­­­саты анық, болашағы жарқын ел!

Баян ЖҮСІПОВА, Қорғалжын орталық мектеп-гимназиясы директорының орынбасары

Ақмола облысы