БҰЛ – ЖАС МЕМЛЕКЕТКЕ ДЕГЕН ҮЛКЕН СЕНІМ
Қазақстан Президенті ел тәуелсіздігін алған кезден бері қарай мемлекетімізді әлемге танытуда бар күш-қайратын жұмсап келеді. Соның бір нәтижесі деп Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін айтқанымыз абзал. 2007 жылы 30 қарашада Мадридте өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінде Қазақстанның биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі туралы тарихи шешім шығарылды. Сол күннен бастап еліміз осы мәртебелі міндетті абыройлы атқаруға баса назар аударды. 2009-2011 жылдарға арналған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, ол 2008 жылдың 29 тамызындағы Елбасының Жарлығымен бекітілді.
Сөйтіп, еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету миссиясына кірісті. Елбасы өз үндеуінде Ұйымда қалыптасқан дәстүрге сәйкес төрағалық ететін елдің мазмұнды бірізділенуін білдіретін Іс басындағы төрағалық ұранын жария етті. “Қазақстандық төрағалықтың ұраны төрт “Т” – “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транспаренси” (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) болады”, деді Мемлекет басшысы Н. Назарбаев. Яғни, осы миссия барысында Қазақстан бейбітшілік орнатудың ізгі жолдары, елдер мен халықтар арасындағы сенімді қалыптастыру, сондай-ақ діндер арасындағы төзімділік, сыйластық жөніндегі ғаламдық мәселелерді кең ауқымда талқылауға, сындарлы шешімдер қабылдауға жетекшілік жасайтын болады. Мұндай мәселелерді ЕҚЫҰ-ның күн тәртібіне ұсынып, 56 елдің өкілдері бас қосқан мәртебелі Ұйымда талқылау үшін төрағалық ету міндеті Қазақстанға елдегі ынтымақ пен бірлікті сақтағаны үшін, 140-тан астам этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына жинай білгендігі үшін, өзге дін өкілдеріне тө-зімділікпен қарағаны үшін беріліп отыр. Бұл – жас мемлекетке деген үлкен сенім.
Елбасының бейнеүндеуін тыңдаған аталған Ұйымға мүше елдердің өкілдері, шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның көзқарасы мен алға ұстанған бағыты жайлы оң пікірлерін білдірді. Қазір Қазақстан туралы түсірілген телефильмдер, жаңадан шыққан кітаптар көптеп таратылуда. Жуырда Венада ел Президентінің “Қазақстандық жол” кітабының таныстырылымы өткені жөнінде баспасөзде жазылды.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге кірісуіне орай Венадағы әйгілі Хофбург сарайында еліміздің өнер шеберлерінің қатысуымен болған концерттің жоғары деңгейде өткені жайлы телеарналарда көрсетіліп, мерзімді баспасөзде жазылды. Әлібек Дінішев, Майра Мұхамедқызы және басқа танымал әншілеріміз бен күйшілеріміз қазақ халқының мәдениетін паш етті.
“Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында рухани, мәдени салаларымызды шетелге таныстыруда әлі де атқарылатын істер өте көп. Осы орайда халқымыздың рухани мол байлығын танытуға даңғыл жол ашылып отырғанын да айта кеткен абзал. Осы мүмкіндікті жан-жақты тиімді пайдалану – мемлекетімізге міндет, елдігімізге сын.
Қазақ елінің жыл басындағы жетістігі жайлы қазір әлемнің көптеген бұқаралық ақпарат құ-ралдары арнайы материалдар жариялап, телеарналары өз көрермендеріне деректі фильмдер мен танымдық материалдар көрсетіп жатыр. Бұл – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы.
Еліміздің мерейін көтеретін іргелі істер әрдайым жүзеге аса берсін.
САЯСАТ ТА, ӨНЕР ДЕ ТЕК ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН ЖАСАЛУЫ ТИІС
Жастарға Мағжанша сене білу – жарқын болашақтың кепілі. Бұл орайда бүгінгі қоғам қайраткерлері де кешегі асылдардың ізін жалғастырып, жас өрендерге орынды үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Олар саяси өміріміздегі бетбұрыстарды жастармен талқыға салып, еліміздің ертеңіне солардың көзімен қарауға бейіл. Өйткені, зиялыларымыз жастардың пікірімен санасу да заман талабы екенін жақсы біледі.
Осы ретте жоғары білімнің қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен Парламент Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджановтың белсенді студенттермен жүздесуі жастарға деген мол сенімнің айғағына айналды. Бұл кездесу Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде, болашаққа интеллектуалды секіріс” атты тікелей желідегі жүздесуіне байланысты ұйымдастырылды.
Қазақ ұлттық университеті армандаған жоғары оқу орны болғанымен, түсе алмағанын жеткізген сенатор қарашаңырақтың талай тұлғаларды қанаттандырғанын тереңнен қозғап, бүгінгі студенттерден де элита қалыптасатынына сенім білдірді. “Құрметті студенттер, саяси жағдайды сіздер менен кем білмейсіздер. Сондықтан бұл кездесу маған да, сіздерге де қызықты болады ғой деп ойлаймын. Көкейлеріңізде жүрген, жауабын таба алмаған өмірлік сұрақтарыңызға бірге жауап іздейік”, деп сенатор жиналғандарды ортақ әңгімеге шақырды. Келесі кезекте өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол өзін бала күнінен “Мен кіммін? Өмірге не үшін келдім? Дүниеге келгенімді қалай ақтаймын?” деген сұрақтар жиі мазалағанын да жасырмады. Көргені мен түйгені мол депутат ресми кездесудің өзін шығармашылықпен ұштастырып отырды. Сөйтіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй тарту етті. Түсінген адамға ресми басқосудың өзін ұйықтаған сезімдерді оятып, сергітіп өткізуге болатындығын паш етті.
Бұл басқосудан байқағанымыз – қазағымның “ұлық болсаң, кішік бол” деген тәмсілі Төлеген Мұхамеджановтың ұстанымы екендігі. Қарапайым, бірақ бағындырған белесі көп. Шенеунік, бірақ өнердің де майталманы. Әр әуен барысында көрерменнің ол кісіге деген ыстық ілтипаты мен үлкен қошеметі аңғарылды. Егер әр депутат осылайша өнер жанашыры болса, халық пікіріне құлақ түрсе, нұр үстіне нұр ғой.
Жастардың сенаторға бағытталған әр қырлы сұрақтары да жауапсыз қалмады. Ол да өз кезегінде студенттерге өнер саласынан сұрақтар қойып, жеңімпаздарға өз авторлығындағы күйтабақтарды сыйға тартты. Жиналғандар халық қалаулысының жұмысы тек заң шығару емес, халықтың мәдениеті мен тарихына жанашыр бола білуі екендігіне де анық көз жеткізді. Осы арқылы студент жастар өз ұлтының патриоты болу, үздік оқу басты арманға айналу керектігін ұқты. Арманы алдамас үшін адал еңбектену қажеттігін де түйді. Депутат жастарды ана тілін сүюге, қазақ киносын көруге, қазақ әуендерін сүюге шақырды. Еліне деген ерекше махаббаттың жүрек тұсында мәңгі тұруын, ана мен қарындасты құрметтеудің асыл қасиет екендігін түйсіндірді. Адал еңбек қана сүйсінуге тұратындығын айтты. Қайталанбас тұлға болып қалыптасу тер төге жұмыс істеу мен ізденістің нәтижесі болмақ екендігін сездірді. Тұтастай алғанда, бұл кездесу жастарға адамгершілікті ту ете жүріп, биік белестерге шығуға болатынын үйреткендей әсер берді.
Ресми тілде жолданған сауалдарға орысша жауап қайтарғандығы ғана болмаса, депутат әрі композитор бұл басқосуды басынан соңына дейін тек қазақ тілінде жүргізіп, ана тілінде толғанды, ана тілінде ойланды. Міне, көрерменнің ыстық ықыласы мен үлкен қошеметі депутат Мұхамеджановқа осы жағынан алып қарағанда да орынды екендігі анық сезілді. Кездесу соңындағы құрмет пен қошеметтің ұзақ та зор болуы көрерменнің депутатқа деген ризашылығы мен алғаусыз ақ пейілін жайып салды. Ал сенатордың сөз түйіні саясат пен өнер тек халық игілігі үшін болуы керек дегенге сайды.
Саягүл ӘЛІМБЕКОВА, Алматы.
САУДА ҚЫЗМЕТІН ДАМЫТУ МАҚСАТЫН КӨЗДЕЙДІ
Қазақстанның ішкі және сыртқы сауда қызметін дамыту қажет. Мәжілісте осы мақсатта дайындалған еліміздің кейбір заңдарына сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасының таныстырылымы болып өтті.
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов кіріспе сөз сөйлеп, заң жобасы бойынша әзірлеушілердің келіп отырғанын айтты және әріптестерін сұрақ қоюға және талқылауға, ұсыныстар беруге шақырды.
Заң жобасы жөнінде Индустрия және сауда министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов баяндама жасап, қандай түзетулер енгізілетіні туралы түсінік берді.
Үкіметтің заң жобасына берген түсіндірмесінде бұл құжаттың дайындалу мақсаты айқын көрсетілген. Алға қойылған экономикалық міндеттерге қол жеткізу мақсатында мемлекет сыртқы және ішкі рыноктардағы өткір бәсекелестікке дайын болуы тиіс. Әлемнің кез келген елі сияқты Қазақстанның да өзгермелі ішкі және сыртқы жағдайларға сәйкес келетін және жаһанданудың келеңсіз факторлары мен қатерлерін азайта отырып, одан түсетін пайданы барынша арттыруға мүмкіндік беретін сауда қызметін реттеудің нақты пысықталған өз жүйесі болуға тиіс. Осыған байланысты жаңа заң жобасы әзірленіп отыр.
Заң жобасын әзірлеу қажеттілігі сауда қызметі саласындағы қолданыстағы ұлттық заңнама сауда операцияларын дамытудың ынталандыру немесе қолдау сипатынан гөрі, реттеу сипатына ие екендігінен туындаған.
Заң жобасы бойынша бірнеше заңға түзету енгізіледі. Атап айтқанда, “Тауарлардың импорты жағдайында ішкі рынокты қорғау шаралары туралы” Заңға редакциялық сипаттағы түзетулер, “Лицензиялау туралы” Заңға оларға қатысты тарифтік квоталар, сандық шектеулер, бақылау және әкету мен әкелуге арналған айрықша құқық қолданылатын тауарлардың импортына лицензиялауды белгілеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Бұдан басқа, “Сауда қызметін реттеу туралы” Заңға да өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заң жобасы “Сауда қызметін дамытуға жәрдемдесу” деген жаңа тараумен де толықтырылған. Экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі ұлттық ұйымның құқықтық мәртебесі, мақсаттары мен міндеттері де айқындалды. Ұлттық ұйымның негізгі миссиясы мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұйымдастырушылық, үйлестіру және байланыстырушы рөлін орындай отырып, институттық қолдау жүйесін құру болып табылады.
Сондай-ақ заң жобасы қолданысқа енгізілген жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілері оның нормаларын орындау бойынша шығыстар шығармайды.
Осы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Егор Каппель жетекшілік етеді.
Заң жобасына байланысты депутаттар Асхат Бекенов, Николай Турецкий, Сауырбай Есжанов, Марал Итеғұлов сұрақ қойып, ұсыныстарын айтты.
“Егемен-ақпарат”.
ҰЛТТЫҚ БАҒДАРЛАМА ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТ
немесе арақ атаңнан қалған ас емес
Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ, Мәжіліс депутаты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес 8 литрден астам ішімдік пайдалану ұлттық тектік қордың құрып кетуіне әкеліп соқтырады екен. Ал бүгінде Қазақстанда ішімдікті пайдалану мөлшері жан басына шаққанда 12 литрге жетіп отыр.
Сондай-ақ, халықтың сыра ішімдігіне әуестігі де алаңдатарлық. Статистика агенттігінің 2008 жылғы мәліметтері бойынша, соңғы он жыл ішінде Қазақстанда сыраны қолдану мөлшері жан басына шаққанда 31 литрді құрайды. Сыра ішімдігін пайдалану жөнінен Қазақстан Германия, Чехия, Словакия, Венгрия сияқты мемлекеттерден кейінгі 8-орынға шықты.
Осы заман дертінің салдарынан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық ғылыми-тәжірибелік психиатрия, психотерапия және наркология орталығының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта 304 108 ішімдікке құмар адам диспансерлік есепте тіркеуде тұр екен.
Ішкі істер органдарының мәліметі бойынша, ішімдікке құмар 126 мыңға жуық адам есепке алынған. Тек алдыңғы үш жылдың ішінде ішімдіктің кесірінен 55 962 өрт жағдайы болып, онда 1 138 адам қаза тапқан.
Республика аумағында алты жылда 4 833 жол-көлік апатынан 977 адам қаза болып, 7 027 адам жарақат алған.
Сондай-ақ, ішімдіктің республикадағы демографиялық ахуал мен қоғамның дамуына тигізетін зияны мол, мұның ұрпақ тәрбиесінде де кесірі зор.
Цифрлар үрей туғызарлық! Осы мәселені шешу мақсатында елімізде тұрақты түрде араққұмарлықтың алдын алу шаралары жүзеге асырылып отыр: саламатты өмір салтының қалыптасуына бағытталған бағдарламалар қаржыландырылып, осы дертке шалдыққан отбасыларға, сонымен қатар, саламатты өмір салтын насихаттауда белсенді шаралар атқарып жатқан үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетілуде.
Бірақ, араққұмарлықпен күрес жүйелі түрде және ұзақ мерзімді негізде ғана тиімді бола алады. Бұл орайда, бір жағынан, шектейтін, екінші жағынан, түсіндірмелік, саламатты өмір салтын насихаттайтын кешенді шаралар керек. Ең маңыздысы, адамдарда саламатты қалыпты өмір сүруге ниет болуы қажет.
Елбасының араққұмарлықпен күресу туралы бастамасын қолдай отырып және ішімдік пайдаланудың ұлт денсаулығына қаншалықты зиян тигізетінін ескере келіп, ұзақ мерзімді Саламатты өмір салтын қалыптастырудың ұлттық бағдарламасын қабылдау қажет деп есептеймін.
МАҢЫЗДЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАРАЛДЫ
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
“Жер қойнауын дұрыс пайдалану халықтың тұрмысын, еліміздің экономикасын жақсартады, инвестициялық ахуалға әсер етеді, сондықтан бүгін өте маңызды заң жобасын қарамақшымыз”, – деп бастады отырысты комитет төрағасы Ерлан Нығматулин. Аталған заң жобасы бойынша депутат Валерий Котовичтің жетекшілігімен жұмыс тобының 41 отырысы өтті. Оған 1700 ұсыныс түсіп, оның 667-сі түзету ретінде енгізілді.
Басқосуда “Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы” Үкімет әзірлеген заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев жасады.
Қолданыстағы заң 1996 жылы қабылданған. Содан бері он төрт жылдай өтіп, жағдай өзгерді. Заңға бірсыпыра өзгерістер енгізілгенімен, жұмыс істеу барысында жаңа заң қажеттілігі алда тұрды. Соған орай аталған заң жобасы жасалды. Сол жобадағы негізгі позициялар жайында министр депутаттарға айтып берді.
Заң жобасында Үкіметтің, құзіретті органның, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де мемлекеттік органдардың функциялары нақтыланған. Сонымен бірге, Мемлекеттің басым құқықтарын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның пайдалы қазбалар қорлары сараптамалық комиссиясының жер қойнауын пайдалану құқығын берумен байланысты оның қызметтері толық регламенттеледі. Бұл комиссиялар іс жүзінде бар. Алайда қолданыстағы заңда олар жоқ, бұл құқықтық қайшылыққа алып келеді.
Заң жобасы конкурстық ұсынысты екі топқа бөлуді болжайды. Біріншісі – ең аз қажетті талаптардың тізбесі. Екіншісі – жеңімпазды анықтау критерийлері. Бастапқыда заң жобасы барлау мен өндіруге арналған бөлек келісім-шарттарды көздеді. Осы мәселеде депутаттар алаңдаушылық білдіріп, болуы мүмкін бірлескен барлау мен өндіру туралы норма, операция түрі ретінде қалпына келтірілді. Сонымен бірге, былтырғы жылдың соңында Салық кодексіне енгізілген өзгерістердің нәтижесінде барлау сатысынан өндіру сатысына көшу кезінде қол қойылатын бонусты (65-бап) төлеуден босату бөлігінде, барлауға келісім-шарт негізінде кен орынын тауып алған және бағалаған тұлғамен өндіруге келісім-шарт жасасқан кезде қаралып отырған заңнамада тиісті норманы түзеу қажет болды.
Тартысты өткен комитет отырысында министрге депутаттар К.Сағадиев, А.Самақова, Д.Клебанова, М.Итеғұлов, С.Қонақбаев, Б.Қонарбай, В.Киянский, Е.Әпсаламов, Т.Бердіоңғаров, А.Жараспаев сұрақ қойды.
ФИЛАРМОНИЯҒА КАДР ШАҚ КЕЛМЕЙ ОТЫР
Шавхат ӨТЕМІСОВ, Мәжіліс депутаты.
Астаналық филармонияның симфониялық оркестріне Астана қаласының әкімдігінің көмек көрсетуі мен демеушілігінің арқасында қазіргі уақытта жоғары білікті музыканттар ұжымы қалыптасты. Оркестр әр түрлі концерттерде біздің елордамыз бен еліміздің атынан лайықты өкілдік етеді, өте жоғарғы кәсіби деңгейдегі іс-шараларды жүргізуге байланысты жауапкершіліктерді атқарады. Әлемге танымал жұлдыздардың, мысалы, Пласидо Домингоның, тағы басқалардың концерттерін сүйемелдеуге жиі қатысады.
Алайда, соңғы кездері оркестрде музыканттардың еңбекақыларының төмен болуына байланысты маңызды қиыншылықтар туындап отыр. Бүгінгі күні, штаттық кестеге сәйкес, 14 жылға дейін стажы бар жоғары деңгейдегі біліктілікке (G-10 санаты) жататын астаналық филармония әртісі еңбекақысының мөлшері 27 225 теңге. Сонымен қатар, сол деңгейдегі өнерге ие оның алматылық филармониядағы әріптесінің еңбекақысы 46 827 теңге. Мұндай айырмашылық соңғысына 1,72-ні құрайтын жоғарылату коэффициентінің мөлшерін пайдалану себебінен туындап отыр. Алдағы уақытта еңбекақының 25%-ға өсуі алшақтықтың ұлғаюына әкеледі.
Еңбекақыға қолданылатын жоғарылату коэффициентін опера театрлары, басқа да оркестрлер мен Мемлекеттік симфониялық оркестр ұжымдары пайдаланады. Осының салдарынан астаналық филармония жалақының төмендігіне байланысты республика музыканттарының арасында ең беделі төмен жұмыс орны болып саналады. Аталған жағдайда кадрлардың тұрақсыздығы байқалады. Өткен жылдың қыркүйек айының өзінде оркестрден 5 музыкант қызметтен кетті. Бұл өз кезегінде ұжымның шығармашылық дамуына теріс ықпалын тигізіп, жоғары білікті музыканттарды жұмысқа тартуға мүмкіндік бермейді.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде Үкімет Астана қаласының мемлекеттік филармониясын өзінің №41 қаулысының негізінде 1,72 жоғары коэффициентін қолдануымен қаржыландырылатын кәсіпорындардың тізіміне қосу мәселесін қарастырса, ұтымды болар еді.
ҚАРЖЫ ҚАРАСТЫРЫЛСА, ҚАРҚЫН ТӨМЕНДЕМЕЙДІ
Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, Мәжіліс депутаты.
Қазақстанда ұлтымыздың рухани байлығы болып табылатын көне ескерткіштер өте көп. Солардың бірі – қоғамдық маңызы жоғары, ұлтымыз үшін киелі орын болып есептелетін Маңғыстау облысындағы Оғыланды тауында орналасқан Бекет ата жер асты мешіті. Бұл мешіт орналасқан жер бүгінде жыл он екі ай халқымыз тәу ететін киелі, шетелдік туристер үзбей келетін бұқаралық орынға айналды.
Келушілердің өте көптігіне байланысты, бұл жермен қалыпты автомобиль қарым-қатынасын жақсарту мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі автомобиль жолдарын салу және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бөлінген трансферттік қаражат игерілу үстінде.
Атап айтқанда, жалпы құны 2,7 млрд. теңге құрайтын, іске асыру мерзімі 5 жылға жоспарланған “Қызыл сай-Шопан ата-Оғыланды” автожолын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2009 жылға жоспарланған 690 млн. теңге қаражат толығымен игеріліп, 2010 жылға қарастырылған 266,1 млн. теңгеге артық құрылыс жұмыстары мердігер кәсіпорын қаражаты есебінен жүргізілді. Құрылыс салу мерзімін 3 жылда аяқтау жоспарланып отыр.
Жоғарыда айтылғандар негізінде Үкімет “Каспий энергетикалық хабының” сыртқы инфрақұрылымдық құрылысы аясында автокөлік жолдары құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақтау үшін бөлінген қаржыдан үнемделген 35,0 млн. теңге қаржыны қоса есептегенде, тағы да 300,0 млн. теңге қаражат бөлуге немесе басқа да көздерден қаржыландыруға ықпал жасаса, аталған бағыттағы автожол құрылысын белгіленген мерзімінде аяқтауға мүмкіндік ашылар еді. Қысқасы, аталған мәселе тікелей қаржымен қамтамасыз етуге тіреліп тұр.