• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 27 Қыркүйек, 2017

Қазақстан-Оман: Саяси ұстанымдары ұқсас елдер

1210 рет
көрсетілді

Биыл Қазақстанның бірқатар шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толды. Олардың арасында Оман мемлекеті де бар. Осы орайда, Қазақстанның Омандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Мұқашпен екі ел арасындағы ынтымақтастық жөнінде әңгімелескен едік. 

 

– Ержан Серікұлы, Қазақстанның Омандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарғаныңызға бірнеше жыл болды. Оқырманға Оман туралы тарқата айта кетсеңіз.

– Оманның орналасқан жері гео­стра­тегиялық тұрғыдан өте маңызды. Араб түбегінің оңтүстігіндегі мемлекет Үнді мұхитына тікелей шыға алады. Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазын да бақылайды. Оман елі әлемдік саясатта бейтарап бағыт ұстанады. Олар көрші араб елдерімен де, Иранмен де, Еуропа елдерімен де, АҚШ-пен де тату. Салиқалы саясаттың арқасында бәрімен бейбіт қарым-қатынас орнатып отыр. Сұлтан Қабус бен Саид басқаратын мемлекет – абсолютті монархия саналады. Мемлекет басшысы да, премьер-министр де, сыртқы істер министрі, қорғаныс министрі де, тіпті Орталық банктің төрағасы да Сұлтанның бір өзі. 

Елдегі мұнай қоры көрші мемлекеттермен салыстырғанда көп емес. Сондықтан қазірден бастап туризм, көлік салаларын дамытуға ден қойып жатыр. Оған қоса сыртқы саясатта араағайындық рөл ұстанып, содан пайда табуда. Қазіргі таңда Парсы шығанағындағы Араб елдерінде жағдай шиеленісіп тұр. Оман тарапы бұл дүрбелеңге ілескен жоқ. Бейтарап саясат ұстанып, Қатармен қарым-қатынасын бұзған емес. Блокадада қалған Қатар сыртқа тауар тасымалын Оман порттары арқылы жіберуге мәжбүр. Соның нәтижесінде елге де пайда түседі. Былтыр Сауд Арабиясы Йеменге қарсы әскери коалиция құрғанда Оман одан бас тартты. Жалпы, Оманның сыртқы саясатта жақсы ұраны бар: «Бәрімен дос, ешкімге дұшпан емес». 

– Оманның көрші араб елдерімен сая­си, дипломатиялық қарым-қаты­нас­тарын қалай бағалауға болады?

– Оман – Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі құ­рылтайшыларының бірі. Кеңес құ­ра­мына енсе де, елдің дербес ұстанатын саясаты бар. Айтқанына көне бермей, өз көзқарастарын еркін білдіріп отырады. Осыдан төрт жыл бұрын Кеңесте ортақ ва­люта құру және ұйымның құрылымын одақ­қа ауыстыру жөнінде бастама кө­терілген-ді. Оман екі ұсыныстан да бас тар­тып, егер ол жүзеге асса, Кеңес құра­мы­нан шығатынын мәлімдеді. 

Оман саясатының тағы бір бағыты – батыс елдерімен жақсы қарым-қатынас орнату. АҚШ-пен әскери-техникалық байланыстар дамыған. Мәселен, Оманда америкалық әскери базалар орналасқан. Ел билігі керек кезде оларды қолдану құқығына ие. Оман тікелей теңізге шығатындықтан, басқа елдердің қас-қабағына қарап отырмайды.

– Оманның мұндай бағыт ұстануы немен байланысты?

– Мемлекеттің қалыптасуында жеке тұлғаның рөлі маңызды. Оманның дербес саясаты бар мемлекет атануы қазіргі Сұлтаны Қабуспен тікелей байланысты. Жалпы, Араб түбегіндегі мемлекеттер кейін құрылды ғой. 1970 жылдарға дейін Оманда азаматтық соғыс жүріп, ел бөлшектеніп жатқан-тұғын. Сол уақытта қазіргі Сұлтанның жігерінің арқасында Оман ел болып бірікті. Оманның өзгеше бағыт ұстауының бір себебі – осы. 

– Қазақстан мен Оман арасындағы дип­ломатиялық қатынастардың дең­гейі қандай?

– Оман араб елдері арасынан Қазақ­стан­мен алғашқылардың бірі болып дип­ло­матиялық қатынастарды да, іскерлік-эко­номикалық байланысты да орнатқан мемлекет. «Оман Ойл» ұлттық компаниясы Каспий теңізінде және Маңғыстауда мұнай барлау жұмыстарымен айналысып жатыр. Осы екі компанияның сондағы үлесі 20 пайызды құрайды. Ұлттық банктың ресми ақпаратына сүйенсек, 2005 жылдан бері Оман тарапы Қазақстанға 253 миллион доллар инвестиция құйған. Сондай-ақ 1998 жылы Оман Қазақстанға сыйлық ретінде Астанадағы «Салтанат сарайын» салуға 10 миллион доллар көлемінде қайтарымсыз қаржы берді. 

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтері бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 2016 жылы 372,1 мың долларды құрады. Негізі Қазақстан Оманға экспорт шығарғанымен, импорттайтын тауары аз. Мәселен, біздің ел Оманға бидай, ет, болат орамалар және құбырлар сатады. Екі ел арасы қатты қашық емес, алайда логистикалық байланыс нашар. Былтыр тәжірибе ретінде Оманға 1000 қой жеткіздік. Біздің етке, би­дайға деген сұраныс бар. Бірақ тә­жі­рибеден тасымал құны қымбатқа тү­се­тінін аңғардық. Қазір басқа бағыт қарастырмақпыз. Ираннан санкциялар алынды. Тауарды енді темір, не автожол арқылы Иранның портына дейін жеткізіп, одан әрі теңізбен Оманға тасуға мүмкіндік бар. Осы бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. 

2011 жылы Өзбекстан, Түрікменстан, Иран және Оман арасында тауар тасымалы жөнінде «Ашғабад» келісімшартына қол қойылған болатын. 2014 жылы Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолы құрылысының аяқталғанын ескерсек, еліміздің «Ашғабад» келісімшартына қосылуы біздің тауарды Оманға және өңірдің өзге мемлекеттеріне жеткізу құнын арзандата түсетіні сөзсіз.

– Оман да мұнайға тәуелді мемлекет. Қара алтын бағасының түсуі елге қалай әсер етті?

– Мұнай дағдарысынан шығу үшін Оман бірнеше бағыт ұстанып отыр. Біріншісі – логистикалық қызмет. Яғни порттарының қызметін шетелге ұсынады. Ауыл шаруашылығы – екінші бағыт. Әсіресе, балық аулау саласын дамытуды жоспарлайды. Кей деректер бойынша, Оманда ауланған балықтың 40 пайызға жуығы көрші Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады екен. Сондай-ақ туризмді бір ізге салу жоспарда бар. Оманның аталған салада мүмкіншілігі мол. Елде тарихи орындар көп. Таяуда Оманның екі тур компаниясын Қазақстанға әкеліп, еліміздегі әріптестерімен байланыс орнатуына мүмкіндік жасадық. Енді қазақстандық туркомпаниялар өкілдерін Оманға апарып, осы салада ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмыз. 

Қазір еліміздің басшылығы тарапынан елшіліктерге жүктелген міндет екеу: шеттен инвестиция тарту және еліміздің тауарларын сыртқа шығаруға атсалысу. Оман тарапы Қазақстанға құятын инвестициясын шама-шарқынша беріп жатыр. Қазір олардың өзі қаржы таппай қиналып отыр. Мәселен, соңғы дерек бойынша, Оман бюджеті 6 миллиард долларға жуық дефицитке тап болды.

– Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сай­­лануын Оман тарапы қалай қа­был­дады?

– Оман біздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу ниетімізді басынан бері қолдайтынын ресми түрде жеткізген-ді. Жалпы, Оман бұған дейін тұрақты емес мүше атанған. Сол бағытта өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін білдірді. Орталық Азиядан алғаш болып сайланған мұсылман мемлекеті деп ризашылығын жеткізді. Оман тарапы мұның бәрі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан белсенді саясатының жемісі деп бағалады. Яғни  бұл ретте Оманның ұстанатын саясаты Қазақстанмен өте ұқсас. Сондықтан Қазақстан ұстанған бағытты олар жиі қолдап отырады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»